Accessibility links

Борис Немцов және «ұлыдержавалық» идеяға қарсылық


Оппозициялық саясаткер Борис Немцов наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 6 мамыр 2013 жыл.

Оппозициялық саясаткер Борис Немцов наразылық шеруінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 6 мамыр 2013 жыл.

Қазақстандық оппозиционерлер Мәскеуде қастандықпен өлтірілген саясаткер Борис Немцовпен бірге «Ресейде демократиялық өзгеріс болады деген үміт үзілді» дейді. Немцов Ресей билігі мен оның ұлы державалық саясатына қарсы шыққан саясаткер еді.

Ақпанның 28-і, сенбіге қараған түні Мәскеу қаласы орталығында ресейлік белгілі саясаткер, Ярославль қалалық думасы депутаты Борис Немцов қастандықтан қаза тапты. Бұл қылмысты айыптаған Ресей президенті Владимир Путин «қастандық белгілері бар әрі тек арандату мақсатында жасалған қылмыс» деп мәлімдеді.

РЕСЕЙДЕГІ САЯСИ АХУАЛ

Ресей оппозициясы жетекшісінің қазасы Қазақстандағы саяси тұлғаларды екіұдай күйде қалдырды. Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис Ресей билігінің саяси қарсыластарына төзімсіздік танытуды қалыптастырған іс-әрекеттеріне назар аударады.

– Мұның тапсырыс бойынша жасалған қылмыс екеніне шүбә жоқ. Биліктің бұл қылмысқа тікелей немесе жанама түрде болсын қатысы бары да еш күмәнсіз. Немцов – оппозиция басшыларының бірі. Немцов – Ресей президенті Владимир Путинді ең жиі әрі аяусыз сынаушылардың бірі. Тіпті қастандық жасағандар Путиннің тікелей жақтасы болмаса да, бұл қылмыс бәрібір биліктің мойнында. Бүкіл жауапкершілік пен кінә Путин мен ол құрған режимнің мойнында, - дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтистің айтуынша, Борис Немцов Ресейді есіріктік жайлаған тұста қастандықпен өлтірілді.

– Мысалы, «қаражүздіктер» тікелей биліктің нұсқауымен құрылмағанымен, елде жүргізіліп отырған жалпы саясат ағымымен құрылды. Бұл – билікпен келіспейтіндердің көзін қандай амал, қандай жолмен болсын жою. Әлгі «хирургтер», «байкерлер», «ұлт-азаттық қозғалыстары» сияқты топтар өздігінен әрекет етуі де мүмкін. Өйткені олар туған елін қорғау мен «орыс әлемін азат ету» дегенді осылай түсінеді, - дейді Жовтис.

Мәскеудің орталығында Борис Немцов қаза тапқан жерге жұртшылық әкелген гүлдер. 28 ақпан 2015 жыл.

Мәскеудің орталығында Борис Немцов қаза тапқан жерге жұртшылық әкелген гүлдер. 28 ақпан 2015 жыл.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, Борис Немцов Ресей билігінің қолынан қаза таппаса да, жұрт «бесінші колонна» деп атайтын жандарды құртуға берілген пәрмен құрбаны.

– «Бесінші колоннаны» құртудың барлық амалы жасалып жатыр. Бірақ Борис Немцовты өлтірген күштер мұндай қастандықты келіспей жасап, тым шектен шығып кетті, - дейді Сергей Дуванов.

Құқық қорғаушы Андрей Свиридовтың айтуынша, Немцовтың қазасы – саяси қастандық әрі бұған елдегі саяси климат кінәлі.

– Өзіне ұнамайтын оппозициялық саясаткердің көзін жоюды Владимир Путин бұйырмаған шығар, бірақ бұған Кремльдің қанатының астында фашизм өрістеп келе жатқаны жеткілікті, - дейді Андрей Свиридов.

НЕМЦОВ ЖӘНЕ ПУТИННІҢ САЯСАТЫ

«Жас алаш» газеті бас редакторы Рысбек Сәрсенбай «Ресей мен Қазақстанның Ресейде демократиялық өзгерістер болып, екі елдің арасында шынайы демократиялық және қауіпсіз қатынас орнайды деген үміті Борис Немцовтың қазасымен бірге сөнді» дейді. Оның айтуынша, Владимир Путиннің постсоветтік мемлекеттерге қатысты ұлыдержавалық пиғылы қазір Украинаға жасаған әрекетінен көрінсе, келешекте Қазақстанға да қауіп төндіруі мүмкін.

Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, ол Борис Немцовтың қастандықпен өлтірілуін мемлекеттік терроризм әрі жеке трагедиясы ретінде қабылдаған.

Ресей президенті Владимир Путинді қолдау шеруіне қатысушылар. Мәскеу, 12 желтоқсан 2011 жыл.

Ресей президенті Владимир Путинді қолдау шеруіне қатысушылар. Мәскеу, 12 желтоқсан 2011 жыл.

– Борис Немцовтың қазасына қатты күйзеліп отырмын. Ол арнайы тапсырыспен өлтірілген інім Алтынбектің [оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы] құрдасы еді. Екеуі де өз елінің демократиялық үміті болатын. Екеуі де мемлекеттік терроризмнің қолынан қаза тапты, - дейді Рысбек Сәрсенбай.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Борис Немцовты қастандықпен өлтірудің арасында ұқсастық бар деген пікірмен президентшіл «Ақжол» партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов келіспейді. Нұрмұхамедовтің пікірінше, оппозицияның екі жетекшісіне жасалған қастандықтың айырмашылығы бар. Ол «2006 жылы Қазақстанда қазір Ресейде байқалып отырған билікті шектен тыс дәріптейтін үгіт-насихат пен ұлыдержавалық шовинизм болған жоқ» дейді.

Қазақстанда сот шешімімен жабылған ADAM bol журналы бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, аймақта тұрақсыздық орнауы мүмкін екенін басылым былтыр болжаған, ал қазір сол болжамдар орындала бастаған. Ол «әдетте ірі саясаткерлерді бүліншілік басталарда қастандықпен өлтіреді» дейді.

– Борис Немцовты Путин режимі немесе оның қарсыластары өлтірді ме деген болжамның мәні бірдей. Бірақ бұл әлдебір үлкен шайқастың басталуынан хабар береді. Қорқыныштысы – сол, - дейді Гүлжан Ерғалиева.

Ал Қазақстан парламенті депутаты Владислав Косарев Борис Немцовқа жасалған қастандық пен бұған Владимир Путиннің реакциясына қатысты қысқаша жауап берді.

– Путиннің мәлімдемесімен келісемін. Бірақ тергеу амалдары қастандықтың өзге себептерін де анықтауы мүмкін. Оппозиционерді Путин өлтірді деп айта салу оңай. Кезінде америкалықтарды да 2001 жылдың 11 қыркүйегінде екі ғимаратын өздері жарып жіберіп, мұны террористерге жаба салды деп айыптаған, - дейді Владислав Косарев.

Борис Немцов 1959 жылы қазанның 9-ы күні Сочи қаласында туған. Ол Ярославль облыстық думасының депутаты, «Солидарность» қозғалысы жетекшісі, «РПР-ПАРНАС» партиясының тең төрағасы, Ресей оппозициясы үйлестіруші кеңесінің мүшесі болып келген. Ал ертеректе Нижегород облысының бірінші губернаторы (1991-1997жж.) ретінде танылған тұлға. 1998 жылы ол құрған «Россия молодая» либералдық қозғалысы кейін «Правое дело» коалициясы мен «Союз правых сил» партиясының негізін қалаушылардың бірі болған. Кезінде Борис Немцов Ресей президенті Борис Ельциннің мұрагері деп есептелген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG