Accessibility links

Жанармай арзандағанымен, сапасын жақсарту жайлы айтылмады


Жанармай бекетіндегі жаңа бағалар. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Жанармай бекетіндегі жаңа бағалар. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Шілденің 1-інен бастап Қазақстанда жанармай арзандады. Ал Алматы қаласының метрология және техникалық реттеу департаменті сапасыз бензин сату жиілеп кетті дейді.

Жанармай бағасының арзандайтыны туралы өткен аптада табиғи монополияны реттеу агенттігі хабарлады.

Агенттіктің 25 маусымда шығарған бұйрығына сәйкес, дизель жанармайының бір литрі 95 теңгеден 90 теңгеге төмендеді. Аи-80 маркалы бензиннің бағасы 91 теңгеден 86 теңгеге, Аи-92 және 93 маркалы жанармайдың бағасы 112 теңгеден 106 теңгеге арзандады.

«ЖАНАРМАЙ БЕКЕТТЕРІ ШЫҒЫНҒА ҰШЫРАУЫ МҮМКІН»

Қазақстан жанар-жағармай қауымдастығының президенті Болат Ауетаев «Бағаның төмендеуі жанармай құю бекеттерін шығынға батырады» дейді.

- Бұл шағын жанармай құю станцияларының (ЖҚС) жағдайын қиындатады. Станция иелері бұл тарифпен шығындарын өтей алмай қалуы мүмкін. Әрине, баға төмендегені дұрыс. Бірақ жекелей сатылатын бензинге ғана баға төмендеді. Ал бензиннің көтерме бағасы төмендеген жоқ. Демек елдегі жанармай құю станциялары көп шығынға ұшырауы мүмкін, - дейді ол.

Алматыдағы жанар-жағармай бекетінің өкілінен сұрағанымызда, ол Аи-80 маркалы бензинді көтерме бағамен Қазақстан өндірушілерінен 78-80 теңгеге, Аи-92 және 93 маркалы жанармайды 94-96 теңгеге алатындарын айтты.

ЖҮРГІЗУШІЛЕР «БЕНЗИН САПАСЫЗ» ДЕЙДІ

Көлік жүргізуші Айдарбек Әлімбетов – бензиннің бағасы арзандағанына қуанғандардың бірі. Бірақ бензиннің сапасына көңілі толмайды.

Көлік жүргізуші Айдарбек Әлімбетов. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.

Көлік жүргізуші Айдарбек Әлімбетов. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.

- Бензиндер таза емес. Ең сапалы бензиндер - "Еуро-2", "Еуро-3" деп жатады. Бірақ біздегі бензиндердің сапасы бұған жетпейді. Машина сапасыз бензинді бірден сезеді. Мотор дұрыс жұмыс жасамай қалады, - дейді жүргізуші.

Ал өзін Қанат деп таныстырған көлік иесі «Амал жоқ, бензин сапасыз болса да құямыз» деп налиды.

- Сапасыз бензин сатылып жатыр. Халық сапасыз болса да, алады. Алмағанда қайда барады? - дейді Қанат.

Жүргізушілер сөзін Алматы қаласы метрология және техникалық реттеу комитеті де растап отыр. Осы департаменттің инспекторы Ералы Серікбаев «Жақында Алматыда екі бекеттің октан саны аз бензин сатқанын анықтадық» дейді.
Алматы қаласы метрология және техникалық реттеу комитетінің инспекторы Ералы Серікбаев. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.

Алматы қаласы метрология және техникалық реттеу комитетінің инспекторы Ералы Серікбаев. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.


- Жыл басынан бері 22 жанармай құю бекеті тексерілді. Тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталып, Алматыдағы екі ірі бекетке 430 мың теңге айыппұл салынды, - дейді бас маман.

Тексерушілер Алматыдағы Яссауи мен Райымбек көшесінің бойында орналасқан «Ақжол» ЖҚС-дан 3004 литр сапасыз бензин тәркілепті. Бұл бекеттегі 80 маркалы бензиннің октан саны бар болғаны 71-ді құраған. Октан саны аз бензин жарамсыз деп табылып, «Ақжолдың» иесіне 67 мың 956 теңге айыппұл салынған.

Ал «Ақжол» ЖҚС-ның басшылығынан «айыппұлды төлеп, сапасыз бензинді қала сыртына апарып төктік» деген жауап алдық.

Алматыдағы Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысындағы ЖҚС-дан 970 литр сапасыз бензин табылған. Жанармайдың жарамдылық уақыты өтіп кеткен. Метрология департаменті бұл бекетке 76 мың теңге айыппұл салыпты.
Алматыдағы сапасыз жанармай сатқан «Ақжол» бекеті (Рысқұлов-Райымбек көшесінің қиылысында орналасқан). Алматы, 26 маусым 2012 жыл.

Алматыдағы сапасыз жанармай сатқан «Ақжол» бекеті (Рысқұлов-Райымбек көшесінің қиылысында орналасқан). Алматы, 26 маусым 2012 жыл.


Метрология және техникалық реттеу комитеті департаментінің маманы Ералы Серікбаевтың айтуынша, «Сапасыз бензин сатқан бекеттер түкке тұрмайтын айыппұлмен ғана құтылады. Заң күшеймей, бензиннің сапасы да артпайды».

- Біз тексереміз. Көрсетілген мөлшерде, заңмен бекітілген көлемдегі айыппұлды саламыз. Бірақ бұл мөлшердегі айыппұлды төлеу жанармай құю станцияларына еш қиындық тудырмайды, - деді инспектор.

Метрология және техникалық реттеу комитеті халықты сапасыз бензин сататын жерлерді анықтауға көмекке шақырып отыр.

- Кез-келген жүргізуші жанармай құю бекеті берген чекті сақтап қоюы керек. Машина багындағы бензиннің сапасы күдік тудырса, моторға әсер етсе бірден департаментке хабарлассын. Тексеруге жарты литр бензин жетіп жатыр, - дейді маман.
Алматыдағы жанармай құю бекеттерінің бірі. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.

Алматыдағы жанармай құю бекеттерінің бірі. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.


Былтыр Қазақстанда 175 ЖҚС тексерістен өтіп, олардың 109-ынан кемшілік табылды. Сапасының сәйкес келмеуіне байланысты 400 миллион теңгенің жанармайын сатуға тыйым салынған.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі былтыр сапасыз бензин сатқан бекеттердің де қара тізімін жариялаған еді. Олар: Royal Petrol, "Нұрмат", "Петрол - Сервис", "Сидоренко", "Эльдорадо-2005" және "Айтелко" станциялары.

ҚАЗАҚСТАН БЕНЗИН САПАСЫ РЕЙТИНГІНДЕ 66-ОРЫНДА

Жанар-жағармай сапасын қадағалайтын халықаралық орталық - The International Fuel Quality Center (IFQC) маусымның 30-ы күні көмiрсутегi өндiретiн елдердiң бензин сапалық рейтингін жариялады. 100 мемлекет қатысқан рейтингте Қазақстан 66-орында тұр.
Бензин сапасын тексеріп жатқан зертхана маманы. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.

Бензин сапасын тексеріп жатқан зертхана маманы. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.


IFQC сарапшыларының пiкiрiнше, дүниежүзiндегi ең таза әрi сапалы жанар-жағар май - Швецияда.

Екiншi орында – Германия.

Ал Жапония, Финляндия, Дания, Венгрия, Люксембург, Голландия, Австрия, Австралия, Бельгия үздік ондыққа енді.

Бензинді көп тұтынатын АҚШ 46 орынды иеленді.

Орталық Азиядағы энергетикалық қорға бай елдер –Әзербайжан (78), Өзбекстан (86), Түркiменстан (91), Тәжiкстан (93) жүздiкке енген. Әлемдiк саясатқа көмiрсутегiмен ықпал етуге ұмтылатын Ресей - 61-орында.

Мұнай бағасы мен бензин бағасын салыстырсақ, екеуі екі түрлі. Жыл басында Brent маркалы мұнайдың баррелі 112 доллар болды, наурызда 125-ке жетті. Алайда сәуірде баға түсе бастады. Маусымның 22-сінде 90 долларға төмендеді. Яғни, соңғы үш айда мұнай бағасы 30 пайызға арзандады. Ал Қазақстанда бензин бағасы 6 пайызға ғана түсті.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG