Accessibility links

Ғарышта намаз оқып, онлайн қажылық жасау


Мұсылманша сән дизайнері Ахеда Занетти (сол жақ) австралиялық модель Мекка Лалаға (оң жақ) арнап тіккен буркиниін көрсетіп тұр. Сидней, 12 қаңтар 2007 жыл
Мұсылманша сән дизайнері Ахеда Занетти (сол жақ) австралиялық модель Мекка Лалаға (оң жақ) арнап тіккен буркиниін көрсетіп тұр. Сидней, 12 қаңтар 2007 жыл

Foreign Policy («Форин Полиси») журналы соңғы санында Ислам дінінің ғибадат, экономика, бизнес, ақпараттық технологиялар саласында заман ағымына бейімделіп келе жатқаны жайлы жазады.


Басылымның жазуынша, заман талабына сай икемделуге ішінара қарсылықтар болғанымен, ол тұтастай Исламның бет алған бағытына ендігі кедергі бола алмайды.

«МҰСЫЛМАНША БИКИНИ»

Мұсылман әйелдері киетін дәстүрлі киім - басқа тартатын орамал және ұзын жеңді киім адам денесіне қонымды заманауи киім үлгісімен үйлеспейтін секілді көрінеді. 2004 жылғы Афинада өткен олимпиада ойындарында қасына дейін Nike спорттық белгісі бар орамалмен жауып алған бахрейндік Рукайя Әл Гашара жарысқа хиджаб киіп шыққан кезінде біраз дүрбелең туған.

Ал 2007 жылдан бастап қолданысқа енген "буркини" деп аталатын әйелдерге арналған суға түскенде киетін киім Дубайдан Индонезияға дейін лезде тарады. Кейбір дәстүршіл діндарлар киімге "бұл Алламен ойнаумен бара-бар" деп сын таққандарына қарамастан, тұтынушылар тарапынан «мұсылманша бикини» зор қолдауға ие болды.

ИНТЕРНЕТ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ИСЛАМ

Басылымның жазуынша, АҚШ-тағы евангелист христиандар сияқты мұсылман діни қайраткерлері де байланыстың заманауи технологияларына өте бейімделгіш келеді. Телеарнадан түспейтін имамдардың бірі Юсуф әл-Карадави. Ол соңғы 15 жыл бойы Әл-Жазира телеарнасында апта сайын болатын «Шариғат және өмір» бағдарламасына қатысып келеді. Әр жексенбіде 60 миллионннан астам көрермен оның террорист-жанкештіден бастап жыныстық тәрбиеге дейінгі тақырыптарды тұтас қамтитын хабарын тыңдауға асығады.

Солтүстік Африкадағы мүфти Ибрахим Десай жүргізетін AskImam.org сайты немесе Калифорнияда тұратын ислам ғалымы Дэни Доуэйри басқаратын IslamiCity.com сайты қазір мұсылмандардың жұмыс жайы, үйлену, және жыныстық қатынас секілді түрлі сұрақтарына жауап ала алатын алаңына айналды.

ҒАРЫШТА ДА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ

НАСА инженерлері өткен жарты ғасыр бойы адам баласының ғарышқа сапар шегуінде кезігуі ықтимал барлық жайттарды қарастырып қойған. Алайда, дәл осы ғарыш кеңістігінде Құдайға қалай және қай уақытта құлшылық қылу керектігі ойластырылмапты.
Шейх Музаффар Шукор, малайзиялық ғарышкер. Мәскеу түбі, 18 қыркүйек 2007 жыл

Малайзия 2007 жылы өзінің тұңғыш ғарышкері Шейх Музафар Шукорды Халықаралық ғарыш станциясына аттандырған кезінде Малайзия ғарыш агенттігі 150 адамнан құралған мұсылман оқымыстылары мен ғалымдарын жинап, «Халықаралық ғарыш агенттігінде құлшылық қылудың ережелерін» шығарды. Ол ережеге сәйкес, Шукор бес намазын станцияның жерді бір айналып шыққанша емес, 24 сағат, яғни жердегі уақыт өлшемімен бір тәулік ішінде оқуға тиіс болды. Тек ғарышта отырып құбыланы анықтау ғана аздап қиындық тудырғандықтан, намазды қай бағытқа қарап оқуды әлімдер Шукордың өз еркіне қалдырыпты.

ӨСІМСІЗ БАНК ЖҮЙЕСІН ВАТИКАН МАҚТАЙДЫ

Қазіргі заманғы исламдық банк жүйесі Египетте 1960 жылдардың алғашқы ширегінде қалыптаса бастады. Нақтырақ айтсақ, 1963 жылы Египетте Мит Жамр аталатын шағын қаладағы банк Ислам шарттарына сай өсімсіз несие бере бастады. Foreign Policy дүние жүзінде шариғат талаптарына сай өсімсіз несие беретін 400-ден аса банк жұмыс істейтінін жазады. Куала-Лумпурде орналасқан Ислам қаржы қызметі кеңесінің болжамы бойынша, 2012 жылға қарай мұндай банктердің айналымында 1.6 триллион АҚШ доллары көлемінде қаржы болатын көрінеді.

Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де Ислам банктері жылына 15 тен 20 пайызға дейін өсім көрсетіп отырғандықтан, Ситибанк және HSBC сияқты батыс елдерінің банктері де өздерінде шариғатқа негізделген бөлімшелерін аша бастады. Шариғатқа негізделген банктер тіпті Ватиканның да көңілінен шықты дейді басылым. Бұған дәлел ретінде Ватиканның ресми газеті таяуда ғана исламдық банк жүйесін «қаржылық қызметтің барлық саласын қамтуы тиіс этикалық принциптердің» үлгісі деп атапты.

ВИРТУАЛДЫ ҚАЖЫЛЫҚ

Қажылық – әрбір мұсылманның өз өмірінде шамасы келсе бір рет болса да орындауға тиіс парызы. Қажылық екінші жағынан үлкен бизнес көзі де болып табылады. Бұған дәлел, Меккеге қажылық парызын орындауға келген әрбір адам орта есеппен 2 мың АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсайды. Сауд Арабиясы үкіметінің мәліметі бойынша, өткен 2010 жылы елге 2.8 миллион адам қажылық парызын өтеуге келген (өткен онжылдықпен салыстырғанда 1.8 миллион адамға артық ).

Ал бұл соңғы жылдары қажылықтың қадірімен үйлесе бермейтін көптеген заманауи бизнес көздерін ашуға итермеледі деп жазады басылым. Олардың қатарында аттракционды парк салу, фаст-фуд өнімдерін жеткізіп беру және тіпті сәнді іш киімге дейін сатылатын сауда орталықтарын ашуды жатқызуға болады. Басылым Мекке қаласындағы заманауи технологиялық өзгерістердің қатарында бір уақытта 3000 жолаушыны тасымалдай алатын және тек Парсы шығанағы елдерінен келген азаматтарға арнап салынған, құны 1.8 миллион АҚШ долларына бара-бар теміржол желісін және 2010 жылы гринвичтік уақыт өлшемін "Меккелік уақытпен" алмастырады деген үмітпен Меккеге орнатылған әлемдегі үлкен сағаттардың бірін салтанатты түрде ашуды да атап өтеді.
Мекке қаласындағы мұсылмандар үшін киелі Қағба орны.

Қажылық парызын атқаруға қаражаты жоқ немесе уақыты тығыз адамдар енді қам жемесе де болады. Уақыттың тапшылығы мен қаражаттың қиындығын көрген жандар үшін енді Second Life онлайн жүйесі арқылы виртуалды қажылық жасауға жол ашылып отыр. Бұл онлайн жүйесі тіпті мұсылман дінін ұстанбайтын адамдардың өзіне Қағбаны виртуалды түрде айналып, "тәуап етіп қайтуға" мүмкіндік береді деп жазады Foreign Policy.
XS
SM
MD
LG