Accessibility links

Мой мирдегі 270 «Нұрсұлтан Назарбаевтың» орташа есеппен 50 досы бар


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 13 маусым 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 13 маусым 2011 жыл

Әлеуметтік желілерде Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов есімі ең танымал «фейк-аккаунттарға» айналып барады.


Жақында ғана Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев өзінің блогында Қазақстан құқық қорғау органдарының интернетте өз атын пайдаланып, Twitter («Туиттер») желісінде "фейк-аккаунт" (fake account) ашқанын айтып, оқырмандарын алданып қалмауға шақырған еді.

Бұл әлемде кеңінен таралып бара жатқан фейк-аккаунт құбылысына бір мысал.

ФЕЙК-АККАУНТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

«Фейк-аккаунт» деп қандай да бір әлеуметтік желі немесе блогқа басқа біреудің атынан жалған есіммен тіркелген аккаунт иесін атаймыз.

Мамандар қазіргі таңда танымал адамдар немесе ұйымдардың атынан жалған профайл ашу құбылысының әлемде кеңінен таралып бара жатқанын айтып отыр. Олардың тіпті қоғамды дүр сілкіндіретін кездері де болған. Мысалы, Ресейде өткен аптада Twitter-де «NEWSru.com» сайтының атын жамылған белгісіз аккаунт режиссер Эльдар Рязановтың дүниеден өткенін айтып, бүкіл интернет-қауымын «қара жамылдыра» жаздаса, келесі күні «РИА Новости» ретінде тіркелген дәл сол аккаунт тағы бір француз әншісінің «өлімін» қоғамға «естірткен».

ИНТЕРНЕТТЕГІ «ЕГІЗДЕР»

Интернет дамыған сайын Қазақстанда да бірте-бірте бұл құбылыстың белгілері пайда бола бастады. Анонимдер арасында саясаткерлердің, билік өкілдерінің атын қолдану қазір «сәнге айналған» десе де болады.

Мысалы, бір ғана «Мой мир» желісінде - 270 «Нұрсұлтан Назарбаев» (олардың ішінде аты-жөні қазақ президентімен ұқсас шын адамдар да бар), 11 «Кәрім Мәсімов», 3 «Иманғали Тасмағамбетов», 8 «Әлихан Бәйменов» т.б. бар екен.
Facebook-те Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ашылған жалған аккаунт

Айталық, Facebook-тағы «Nursultan Abishevich Nazarbaev» 71 жаста, оның 1148 досы бар. Ол өзі туралы ақпарат деген бөліміне Джимми Лион, Джими Джамисон сияқты әншілерді ұнататынын көрсеткен. Ал «Мой мирдегі» «Нұрсұлтан Назарбаевтардың» орташа есеппен алғанда 50-ден астам досы бар.

Біз бұл азаматтардың баспасөз қызметіне, көмекшілеріне хабарласқан кезде мәселе мынадай болып шықты: Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев ешқандай әлеуметтік желілерде тіркелмеген. Ол туралы ақпарат тек akorda.kz сайтында ғана бар.

Үкіметтің баспасөз қызметі Кәрім Мәсімовтың шын аккаунттары өзінің жеке сайтында нақты көрсетілгенін айтты. Үкімет басшысының сайтындағы ақпаратқа қарап, оның «Мой мир»-дегі парақшалары жалған екені анықталды. Ал Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те ешқандай әлеуметтік желілерде тіркелмеген болып шықты.

«ЖАЛҒАН ЕСІМ» КІМГЕ ТИІМДІ?

Мамандар фейк-аккаунт иелерінің қандай мақсатты көздегенін дөп басып айту мүмкін еместігін айтады. Дегенмен оған қатысты болжамдарды былайша топтастыруға болады: 1) саяси; 2) коммерциялық; 3) интернет-қолданушылардың әзілі, т.б.
Бұл белгілі бір ұйым немесе саясаткердің қоғам арасында жағымсыз бейнесін қалыптастыру (қара пиар) немесе керісінше оны жұртқа жарнамалау мақсатында жасалуы мүмкін.

Кейбір интернет мамандарының айтуынша, фейк-аккаунт иелері қандай да бір саяси мақсатты көздеуі мүмкін. Айталық, бұл белгілі бір ұйым немесе саясаткердің қоғам арасында жағымсыз бейнесін қалыптастыру (қара пиар) немесе керісінше оны жұртқа жарнамалау мақсатында жасалуы мүмкін. Мысалы, Twitter-де Ресей президенті Медведевті жарнамалайтын аккаунтпен қатар оның антиподы да бар.

Интернет мамандары фейк-аккаунттардың артында арнайы қызмет органдары да тұруы мүмкін деп ойлайды.

- Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ. Олар әлеуметтік желілерсіз-ақ қалаған ақпаратын табады, - дейді қырғыз блогшысы Бектұр Ескендір.

МАРКЕТИНГТІК ӘДІС

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда интернеттің шексіз мүмкіндігін барынша тиімді қолдануда бизнесмендер де қалысар емес. Күн сайын әлеуметтік желілерге телмірген миллиондаған адамға артық күш салмай, өз тауарын жарнамалау – оңай әрі арзан.

Oitobe.kz блог-тұғырының жоба жетекшісі Жалғас Ертай мұны қазіргі таңда ең тиімді маркетингтік тәсілдер қатарына жатқызады.
Белгілі бір аудитория жинап алғаннан кейін аккаунтты коммерциялық мақсаттарда қолдана бастайды. Оны брендтік аккаунтқа да ауыстырса болады.

- Кәрім Мәсімовтың аккаунтын «Мой мирден» болмаса Facebook-тан, т.б. әлеуметтік желілерден ашудың қандай пайдасы болуы мүмкін? Біріншіден, оған көптің қызығушылығы артады. Сәйкесінше, достар саны көбейеді. Белгілі бір аудитория жинап алғаннан кейін аккаунтты коммерциялық мақсаттарда қолдана бастайды. Оны брендтік аккаунтқа да ауыстырса болады, - дейді Жалғас Ертай.

Блогшы бұл құбылыстың пайда болуына Қазақстанда саясаткерлердің интернеттегі белсенділігінің артуы да себеп болды деп санайды.
Мамандар фейк-аккаунттарды көбіне жай қарапайым адамдар ашатынын да айтады. Жай әзіл, қалжың үшін.

- Бұл қоғамдық сатираның бір түрі. Мұндай нәрселер көп болған сайын қоғам да сергек бола бастайды, - дейді Бектұр Ескендір Азаттық радиосына.

ШЫН АККАУНТТЫ ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?

Интернетте жалған есімдердің көптігі соншалықты әлемдегі ең танымал әлеуметтік желілер олармен күресе бастаған. «Риа-Новости» агенттігінің хабарлауынша, Twitter-дің Сан-Францискодағы кеңсесі интернет-қолданушылар мен ұйымдардан өздерін интернеттегі шынайылығын дәлелдейтін арнайы құжаттар қабылдай бастаған. Құжаттары тексеріліп, интернеттегі аккаунты нақтыланған мұндай азаматтар немесе ұйымдардың Тwitter парақшасында қазір көкшіл белгі көрініп тұрады.
Дмитрий Медведев, Ресей президенті. Мәскеу, 23 маусым 2011 жыл

Қазақстандағы саясаткерлердің парақшасында әзірге, мұндай белгі көрінбейді. Ресейде тек Дмитрий Медведев пен Google ("Гугл") компаниясының аккаунтында ғана бар екен.

Мамандардың айтуынша, жалған аккаунттар мен блогтармен күресудің тағы бір амалы – жеке сайтта Тwitter немесе аккаунттардың сілтемесін көрсету.

Әлемге танымал Livejournal ("Лайв-джорнал") блог-платформасы қандай да бір танымал адамның блог ашқанын естісе, оның арнайы өкіліне хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін тексереді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG