Accessibility links

Баланы мектепке дайындауға ондаған, жүздеген мың теңге кетеді


Алғашқы қоңырауға келе жатқан балалар мен ата-аналар. (Көрнекі сурет)
Алғашқы қоңырауға келе жатқан балалар мен ата-аналар. (Көрнекі сурет)

Оқушылардың әке-шешелері балаларын оқу жылына дайындау шығыны едәуір артқанын айтады. Жұрттың көбі мектеп формасы мен оқу-жазу құралдарының арзандауын іздейтіндерін айтады.

Қазақстанның сауда орындарында оқу-жазу құралдары, мектеп формасы мен аяқ киім бағасы былтырмен салыстырғанда едәуір қымбаттаған. Ата-аналардың айтуынша, мектепке қажет заттар орта есеппен 30 пайызға қымбаттаған. Базардағы саудагерлер мұны «тауардың көбі шетелден келеді, ал теңге құнсызданғаннан кейін баға қымбаттады» деп түсіндіреді.

Баланы мектепке дайындау қанша?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00
Жүктеп алу

«БҮКІЛ ЖАЛАҚЫ КЕТТІ»

Айгүл Кенжехан – көпбалалы ана. Оның төрт баласының үшеуі мектепте оқиды. Үлкен қызы Ақнұр биыл бесінші сыныпқа, Айнұр – үшінші, ал Әлмира бірінші сыныпқа барады. Кенже қызы небәрі екі жаста.

- Көп балалы ана екенімді растайтын құжаттарды биыл әзірлеп үлгермей қалдым. Енді келесі жылы мектеп формасын мемлекеттен тегін алатын шығармын деп үміттенемін, ал биыл үш балаға 120 мың теңге [шамамен 350 доллар] жұмсадым, - дейді Айгүл Кенжехан Азаттыққа.

Айгүл Кенжеханның қыздары көрші қызбен ойнап жүр. Алматы облысы, 7 тамыз 2016 жыл.
Айгүл Кенжеханның қыздары көрші қызбен ойнап жүр. Алматы облысы, 7 тамыз 2016 жыл.

Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін күйеуінің айлық жалақысы – 135 мың теңге (390 долларға жуық). Ал қазір декреттік демалыста отырған Айгүл жұмыс істемейді.

Азаттықпен әңгімелескен келіншек мектепке керек-жарақты базардан сатып алғанын, ал сауда орталықтарында баға қымбат екенін айтады. Көп балалы ана бір баласын мектепке дайындауға 40 мың теңге (шамамен 120 доллар) жұмсаған.

Қыздарына юбка, шалбар және пиджактан тұратын мектеп формасын 12 мың теңгеден (35 долларға жуық) сатып алған. Жейде – бір жарым мың теңгеден 4 мың теңгеге дейін тұрады. Ең арзан аяқ киімнің бағасы – 1500 теңге (шамамен бес доллар), бірақ ең болмаса бір жыл (көктем мен күзде) киіс беру үшін кемі үш мың теңге тұратын аяқ киім алу керек.

Арқаға асатын қоржынның ең арзаны – 3-4 мың теңге. Ақ банттың бір жұбы - 500 теңге, колготки– 2500 теңгеден. Көп балалы келіншектің айтуынша, спорттық екі аяқ киімнің әр жұбын 3500 теңгеден, ал спорттық форманың әрбіреуін 8500 теңгеден алған.

- Мұғалімдер белгілі бір мектеп формасын сатып алуға мәжбүрлей алмайды деген, бірақ мектепте Glassman немесе Ангельхер фирмалары тіккен форма сатып алуды өтінді. Әлгі фирмалардың екі есе қымбат тұратын киімін сатып алуға шамам келмейді. Бірақ биыл бәрінен бұрын спорт формасы қымбатқа түсіп, үш балаға 25 мың теңге жұмсадым, - дейді Айгүл Кенжехан.

Көп балалы ананың айтуынша, оқу-жазу құралдарын базардан 10 мың теңгеге (30 долларға жуық) сатып алған.Бір дәптерді 15 теңгеден, дәптер қаптауышты– 20 теңгеден, ал кітап қаптауыш – 30 теңгеден, қалам – 50 теңгеден, фломастер – 150-300 теңгеден, сурет салуға арналған альбом – 150-400 теңгеден, пластилин – 500 теңгеден, түрлі-түсті қағаз – 400 теңгеден, қарындаштар – 300 теңгеден, күнделік – 350 теңгеден, өшіргіш – 80, сызғыш – 100, желім – 150, қайшы – 350 теңгеден алған.

Алматы базарында сатылып жатқан рюкзактар. 7 тамыз 2016 жыл.
Алматы базарында сатылып жатқан рюкзактар. 7 тамыз 2016 жыл.

«Үлкен қызымның рюкзагын екінші қызым ұстайтын болды» деген Айгүл Кенжехан арқаға асатын бір қоржынды сатып алмай, ақша үнемдегенін айтады.

- Сөмкесінің сынып қалған «замогын» (бекітпе) әкесі жөндеп берді. Туфлиін де екінші қыз киіп тоздыратын шығар деп ойлап едім, сәл қысатын болып шықты. Ал бірінші сыныпқа баратын Әлмираға бәрін міндетті түрде жаңадан сатып әперу керек, - дейді Айгүл Кенжехан.

Төрт баланың анасының айтуынша, биыл киім-кешектің бағасы едәуір қымбаттаған. Саудагерлер мұның себебін девальвациямен байланыстырады, былтыр тамыз айында «еркіне» жіберілген теңге долларға шаққанда екі есеге жуық құнсызданып, сырттан келетін бүкіл өнім қымбаттаған. Азаттықпен әңгімелескен көп балалы ана «базарда сұраныс көбейіп, оқу жылы басталар кезде баға мүлде шарықтап кетеді» деп қынжылады.

«ЕСЕЙГЕН САЙЫН ШЫҒЫН ДА КӨБЕЙЕ ТҮСЕДІ»

Ал екі баласы жоғары сыныпта оқитын Тұрсын Шахмырза мектепке қажет заттарды сатып алуға екі есе көп ақша жұмсаған. Екі ұлы Дәрежан мен Ахметжанның керек-жарағын ол сауда орталығынан 250 мың теңгеге (720 долларға жуық) сатып алған.

- Былтырғы костюмдері сыймай қалыпты, сондықтан жаңасын сатып алуға тура келді. Түркиялық фирма тіккен «тройка» костюм-шалбар 50 мың теңге тұрады. Екеуіне италиялық туфлиді 90 мың теңгеге әпердім. Ақ жейденің әрқайсысы 7 мың теңгеден, сонда төрт жейдеге 28 мың кетті. Іш киімді 10 мың теңгеге сатып алдық. Ересек балалар арқаға асатын қоржын ұстамайды ғой, сондықтан, екеуіне ересектер ұстайтын портфельді 10 мың теңгеден алдым, - дейді Тұрсын Шахмырза Азаттыққа.

Алматы базарында сатылып жатқан мектеп формасы. 7 тамыз 2016 жыл.
Алматы базарында сатылып жатқан мектеп формасы. 7 тамыз 2016 жыл.

Отағасы «ересек оқушыларға пластилин мен фломастер керек емес, әйтеуір осы екеуінен ақша үнемдедік» дейді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан білім және ғылым министрлігі елде бірыңғай мектеп формасы енгізілмейді, әр оқу орны мектеп формасын өзі таңдайды деп хабарлаған. Бұған қоса, министрлік мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге ата-аналардан мектеп формасын сатып алуға ақша жинауға тыйым салынғанын да ескерткен. Шенеуніктер отандық өндірушілер тіккен киім сатып алуды ұсынып, оның бағасы 20 мың теңгеден аспауы тиіс екенін мәлімдеген. Қазақстан мектептерінде екі миллион 600 мыңнан аса бала оқиды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG