Accessibility links

Баланы бірінші сыныпқа дайындауға қанша қаржы кетеді?


Атырау қаласындағы №2 орта мектептің 1-ші сыныбына келген балғын шәкірттер алғашқы қоңырау салтанаты кезінде. 1 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Атырау қаласындағы №2 орта мектептің 1-ші сыныбына келген балғын шәкірттер алғашқы қоңырау салтанаты кезінде. 1 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі Алматы қаласында бірінші сыныпқа баратын баланы мектепке дайындау жұмысын бастан-аяқ өзі көріп шықты. Оқу құралдары мен киім-кешек сатып алуға 50 мың теңге жұмсалды.

Ақан Құрбанай – көп балалы әке. Бес баласының төртеуі мектепте оқиды. Баланың кішісі биыл мектепке барады. Әйелі жұмыс істемейді. Ақанның айтуынша, балалардың мектепке керек-жарақтарына 200 мың теңге (бір мың 400 долларға жуық) кетеді.

Ақан Құрбанай - менің ағам. Бірінші сыныпқа баратын ұлын мектепке қалай дайындайтындарын көріп шығуыма келісім берді. Біздің кішкентай кейіпкеріміздің есімі – Әмір.

Ақан Құрбанайдың балалары Алматы қаласының Бостандық ауданындағы қарапайым мектептердің бірінде оқиды. Мектепте көп балалы ата-аналарға көмек қарастырылған. Балалардың біріне - мектеп формасы, екіншісіне оқулық тегін беріледі.

Алайда Ақанның айтуынша, бұл көмекті алудың машақаты көп. Жұмыс орнынан анықтама, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері, ата-анасының құжаттары, салық комитетінен анықтама, тағы сол сияқты толып жатқан қағаз жинап өткізу қажет.

БАЗАР АРАЛАУ

Баланы мектепке дайындауда шығынның негізгі бөлігі мектепке киетін киімге кетті. Базар бағасы сауда үйлерінен сәл төмендеу екен. Арзандау киім іздеуге бір күн уақыт кетті. Базар сөрелерінің маңы - иін тірескен адам. Киімді сол арада өлшеп алу үшін баланы өзіңмен бірге алып барған дұрыс.
Алматы тұрғыны Ақан Құрбанай, бірінші сыныпқа баратын баласымен бірге. Алматы, 21 тамыз 2012 жыл.

Алматы тұрғыны Ақан Құрбанай, бірінші сыныпқа баратын баласымен бірге. Алматы, 21 тамыз 2012 жыл.


Мектеп формасы үшін он мың теңге төлеуге тура келді. Бұл шаруаны бітіріп, енді аяқ киім іздеуге кірістік. Әмір де, құрдастары сияқты сәннен хабары бар бала, «лакталған туфли керек» деп отырып алды. Ақыры ойындағысын іздеп тауып, 4500 теңгеге сатып алдық.

Қытайда шыққан, арқаға асатын қоржын үш мың теңге тұрады. Түрік тігіншілерінің қолынан шыққан, әрқайсысы бір мың 200 теңгелік екі жейде алынды. Галстук – 600 теңге, белдік – 400 теңге, іш киім мен шұлыққа бір мың 500 теңге бердік. Әйтеуір киім-кешек мәселесі толық шешілді. Енді оқу құралдарын сатып алу қалды.

Оқушы күнделігі - 250 теңге, фломастер – 600 теңге, қара қарындаштың бір қорабы – 60 теңге, ұштағыш – 20 теңге, өшіргіш – 30 теңге, қаламның бір қорабы – 200 теңге, бір дәптерді алты теңгеден алдық. Кітап қаптауыш – 20 теңге, дәптердікі – 15 теңге. Сурет салуға арналған альбомның 48 беттігі - 400 теңге, 20 беттігі – 200 теңге. Сызғыш – 40 теңге, кітап арасына салатын белгі бау 10 теңге тұрады. Оқуға керек-жарақты бір данадан алмайсың - соңында санасақ, оқу құралдарына 15 мың теңге (100 доллар шамасында) кетіпті. Ендігі қалғаны – кітап, бірақ оны оқу жылының басында аламыз.

Бір баланы мектепке дайындаудың алғашқы сатысында (қыстық және спорт киімдерін қоспағанда- ред.) 50 мың теңге қаражат (350 долларға жуық) жұмсалды.

МЕКТЕП ЗАҢЫ

Мектепке дайындық киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алумен шектелмеді. Құжаттарды мектепке тапсыру кезінде күтпеген жағдайға тап болдық.
Роза Құсайынова, бірінші сыныпқа баратын баласымен бірге. Алматы обылысы, Ұзынағаш, 21 тамыз 2012 жыл.

Роза Құсайынова, бірінші сыныпқа баратын баласымен бірге. Алматы обылысы, Ұзынағаш, 21 тамыз 2012 жыл.


Мектеп әкімшілігінің алғашқы сұрағы «Балаға қай фирманың киімін әпердіңіздер?» болды. Сөйтсек, Алматының әр мектебі белгілі-бір тігін ательесінен киінеді екен. Әлгі сатып алған форманы кері өткізіп, басқасына тапсырыс беруімізді талап етті. Ұзақ айтыстан соң, көп балалы әкенің қарсы уәжі ақыры ескерілді.

Мектептегілер баланың тұрғылықты жерінде тіркеуде бар-жоғын растайтын құжат талап етті. Арнайы тіркеуде жоқ балаларды мектепке қабылдамайды. Қалада тіркеуде жоқ - пәтер жалдап тұратын немесе үйдің шаршы аумағы тағы бір баланы тіркеуге мүмкіндік бермейтін отбасылар да бар.

Ұзынағаш ауылының тұрғыны Роза Құсайынова Алматының шет жағындағы Думан шағын ауданында тұрады. Баласын мектепке бермек болған ананың алдынан тіркеуге байланысты мәселе шыққан. Үй қожайындары тіркеуге қоймайды, ал мектепте құжаттарды қабылдамайды.

Алматылық тағы бір азамат Олег Николаев пәтерін банк арқылы сатып алыпты. Әлі үйдің толық қожайыны емес. Оның баласының да құжаттарын қабылдамай, кері қайтарып жатты.

ҚҰЖАТ ЖИНАУ

Қажет құжаттарды жинаудың машақаты өз алдына бір әңгіме екен. Алдымен 10 файлдық көк түсті папка (басқа түсті папканы жолатпайды) сатып алу қажет. Ол 150 теңге тұрады. Әлгі көк папканы іздеуге ғана 10 күніміз кетті.

Тағы бір талап етілетін құжат - «Баланың жеке іс парағы». Мұндай парақтың бағасы – 100 теңге, оны табу да қиынға түсті. «Әлгі файл мен жеке іс парағын неге ата-ана іздеуі тиіс?» деген сұраққа мұғалімдер жауап қайтармады.
Мектепті бетке алған Шұбарши ауылының балалары. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектепті бетке алған Шұбарши ауылының балалары. Ақтөбе облысы, Шұбарши кенті, 14 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


Бірінші сынып оқушысы екі фотосурет өткізуі тиіс екен. Біреуі - 250 теңгеден. Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін нотариустың мөрімен куәландыруға 350 теңге жұмсалды. Екі ата-ананың жұмыс орнынан анықтама қажет. Ата-ананың жеке куәліктерінің біреуінің көшірмесін жасату 20 теңге тұрады.

Бұдан бөлек, мектепте баламен сұхбат өткізеді. Бұған тағы бір күн кетеді. Оның сыртында, бөлек бір апта уақыт медициналық құжаттарды жинауға жүгіресің.

Емхана медициналық орталыққа жібереді, ондағы дәрігердің бір қабылдауы үш мың 500 теңге болуы мүмкін. Шығын мұнымен бітпейді. Мерекелік гүл шоғын үш мың теңгеге сатып аласың.

Білім саласындағы шенеуніктерден бірінші сыныпқа баратын баланың тіркеуде болуын талап ететін ережені сұрадық. Көрсете алмады. «Файл папкасы мен «Баланың жеке іс парағын» неліктен ата-ана сатып әкелуі тиіс?» деген сұрағымызға да жауап бермеді.

Аудандық оқу бөлімінің бастығы демалыста екен, оның міндетін атқарушы адам қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Аудандық әкімдікте де сол жағдай. Жауапты қызметкерлердің бірі орнында болмаса, енді бірін қала әкіміне шұғыл шақырып кеткен. Естігеніміз «қазір бәрі демалыста, қыркүйекте келіңіздер» деген қысқа сөз болды.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG