Accessibility links

Абайдың қара сөздері - iPhone қосымшасында


Қаңтардың 11-і күні Алматыда Abai45 жобасы - Abai45.kz сайты мен Абайдың қара сөздерінің iPhone-ға (айфонға) бейімделген нұсқасы көпке көрсетілді.

Жобаның бір бөлігі abai45.kz сайтында - Абайдың қара сөздерінің орыс тілінде аудармасы және олардың аудионұсқасы орнатылыпты.

Олардың әрқайсысын елге белгілі 45 актер дыбыстап, сол үшін арнайы фотосессия да ұйымдастырылған екен.

Еріктілердің арасында Әсел Сағатова, Нұртас Адамбаев, Санжар Мәдиев, Әнуар Нұрпейісов, т.б. сияқты актерлар бар.

Жоба авторы «ЛУЧ» шығармашылық бірлестігінің айтуынша, бұл коммерциялық емес әлеуметтік жоба болғандықтан ондағы шығармашылық-техникалық жұмыстардың бәрі жастардың қолдау күшімен тегін жасалған.
Айсұлу Әзімбаева, актриса, Abai45 жобасының ұйымдастырушысы

Айсұлу Әзімбаева, актриса, Abai45 жобасының ұйымдастырушысы


- Арнайы костюм де, грим де, камера да болған жоқ. Бірақ бәріміз осы идеямен «ауырғаннан» кейін, соған сенгеннен кейін ойдағыдай болып шықты, - дейді «ЛУЧ» шығармашылық бірлестігінің мүшесі Шыңғыс Капин.

Жоба авторлары жиында Абайдың қара сөздерінің Роллан Сейсенбаев пен Клара Серікбаева аударған нұсқасын пайдаланғанын, алдағы уақытта сайттың қазақша нұсқасын да жасап шығаратынын айтты.

iPHONE-ДАҒЫ АБАЙ

Жиында Абайдың қара сөздерінің телефон қосымшасы да таныстырылды. Бірақ ол тек iOS операциялық жүйесіне ғана бейімделген болып шықты. Оны әзірлеуге Mobile Creators атты программистер тобы көмектесіпті.

Жоба авторларының айтуынша, қосымшаны AppStore дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады.

Абайдың қара сөздерін оқып отырған адам. Сурет Facebook-тан алынды

Абайдың қара сөздерін оқып отырған адам. Сурет Facebook-тан алынды

- Қазір ғана Abai45 қосымшасының Қазақстандағы ең жиі жүктелген үштік қатарына кіргені туралы ақпарат шықты, - деді таныстыру кезінде жоба авторы «ЛУЧ» шығармашылық бірлестігінің мүшесі Индира Сүлейменова.

Бұған дейін Азаттық радиосы алматылық екі студент жасап шығарған Абайдың қара сөздерінің Android нұсқасы туралы жазған еді.

«ЛУЧ» шығармашылық бірлестігінің мүшесі Айсұлу Әзімбаева Abai45 жобасы туралы ақпаратты таратуға әлеуметтік желінің көп көмегі тигенін айтты.

- Жоба туралы сыбыстар өткен жылдың желтоқсан айынан бастап пайда бола бастады. Біз тизерлік акция өткіздік. Ал 11 қаңтарға қарай бұл әлеуметтік желілерде ажиотаж тудырды. Көптеген адамдар мұны ұзақ күткен еді, - дейді Айсұлу Әзімбаева.

Азаттық радиосы 2010 жылы желтоқсан айында Абайдың қара сөздерінің үнтабағын шығарған еді. Дискіге жазылған Абайдың қара сөздерін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Гүлжамал Қазақбаева оқыған. Бұл үнтабақ Азаттықтың белсенді оқырмандарына таратылып келеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG