Accessibility links

Алексей Малашенко: «Бұл - сайлаудың алдамшы имитациясы»


Қазастан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы метросында жаңадан екі станция ашылған күні сөйлеп тұр. Алматы, 18 сәуір 2015 жыл.

Қазастан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы метросында жаңадан екі станция ашылған күні сөйлеп тұр. Алматы, 18 сәуір 2015 жыл.

Орталық Азия жөніндегі ресейлік сарапшы, Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми кеңесі мүшесі Алексей Малашенко Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан президентін кезектен тыс сайлаудың астыртын себептері мен айқын нәтижесі туралы айтты.

Азаттық: – Малашенко мырза, сәуірдің 26-сы күні Қазақстанда ел президентін мерзімінен бұрын сайлау өтеді. Дауыс беру бюллетеніне үш адамның: қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және екі саясаткер – Әбілғазы Құсайынов пен Тұрғын Сыздықовтың есімдері енгізілген. Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі аяқталып қалды. Науқан барысын қалай бағалар едіңіз?

Алексей Малашенко: – Ашығын айтқанда, бұл – сайлау науқаны емес, оның алдамшы имитациясы ғана, ал сайлауда кімнің жеңетіні белгілі, яғни қазіргі президент Назарбаевтың жеңеді. Формалды сипаттағы бұл науқан – елдегі формалды демократияның көрінісі ғана. Нұрсұлтан Әбішұлы ешқандай науқансыз-ақ президент болар еді, мұны жұрттың бәрі біледі. Оның қарсыластары да – бәсекелестіктің имитациясы, жеңістен дәмесі жоқ қуыршақ кандидаттар. Бәрі жұрт күткендей, алдын ала болжанғандай болады. Сондықтан Қазақстандағы мына сайлаудан ешқандай эксцесс, әлдебір жаңалық күтудің қажеті жоқ деп санаймын.

Азаттық: – Азаттық сайтының оқырмандары да «Олай болса, бұл сайлауды өткізудің қажеті қанша?» деп сұрайды.

Алексей Малашенко: – Біріншіден, кейін сайлау, қайта сайлауларға әуре болмас үшін өткізіп жатыр деп ойлаймын. Жұртқа қазіргі президенттің, Қазақстанды дамыту бағдарламасын жариялаған адамның өз орнында қалатынын көрсету үшін өткізбек. Оның бастамасымен саяси жүйе біртіндеп өзгеретін сияқты. Бірақ мұның бәрі оның тікелей бақылауымен іске асады. «Бұлай істесек, елде тыныштық болады, Қазақстан үшін тиімдісі осы» деп ойлайтын жалғыз Назарбаев емес, өзгелер де солай деп есептейді. Меніңше, Назарбаев авторитарлық режимді сәл жұмсартуға бағыт алған сияқты.

Айтпақшы, ол өзінен кейін билікке келетін адамға талай проблема қалдыруы мүмкін. Назарбаев сияқты мықты басшының тұсындағы авторитаризмнің жөні бөлек. Ал нәтижесі немен аяқталатыны белгісіз әлгі өзгерістерден кейін не болмақ. Оның пайым-қисынына сүйенсек, ол «дұрыс істедім» деп ойлайды. Әлгі өзгерістердің бәрін өз бақылауымен іске асырады. Ол әлгі реформаларын ертерек жүргізгісі келгендіктен, мына сайлауды ертерек өткізу қажет болды. Оның үстіне, бұл сайлау әлгі мұрагер туралы, қазіргі президенттен кейін кім болады деген қауесеттерді тыяды.

Ертең оның орнына кім келеді деген тақырыпты қаузай беруге болады. Бірақ әлгі мұрагер жуық арада пайда болмайтыны анық. Сондықтан «мұрагерге бас қатырмай, шаруамен айналысу керек. Әлгі реформаларды жүргізу қажет».

Азаттық: – Сіз Назарбаев авторитарлы жүйені жұмсартуды ұйғарды деп отырсыз. Оны қалай жұмсартады деп ойлайсыз?

Ресейлік саясаттанушы Алексей Малашенко.

Ресейлік саясаттанушы Алексей Малашенко.

Алексей Малашенко: – Ол қандай реформалар жүргізетінін айтты. Елдегі сот жүйесі, саяси жүйесі реформаланады. Заң шығарушы органдарға теңестірілген өкілдік органдарға көбірек өкілеттілік берілуі мүмкін. Бірақ мұның қалай іске асатыны әлі белгісіз.

Сосын біртіндеп жас мамандарды көбірек тарта бастайды. Жуырда ол Қазақстан үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілінде сөйлеуі тиіс деп мәлімдеді. Білсеңіз, бұл да белгілі бір символ сияқты. Бір жағынан, ол - Еуразия одағы мен әлгі еуразийзм идеясының авторы. Екінші жағынан, Қазақстанда жұрттың бәрі жетік меңгеруі тиіс үшінші тіл ретінде ол ағылшын тілін атап отыр. Бұл жағынан әлдебір проблемалар шыға ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ бұл бағдарламада ұлтаралық проблемаларды шешуге көңіл бөлінетіні сөзсіз. Ал ондай қиындықтар тууы мүмкін. Сондықтан ол өз бақылауымен реформалауды ұсынды.

Азаттық: – Сіз президент Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасында ұсынған негізгі тұжырымдарын атап өттіңіз. Ал бас кандидаттың бәсекелестері өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізі етіп сайлаушы көзқарасы тұрғысынан алғанда, мүлде маңызы жоқ, өзекті емес проблемаларды алған. Мысалы, Әбілғазы Құсайынов экология проблемасын шешкісі, ал Тұрғын Сыздықов батыс мәдениетімен, фаст-фудпен күрескісі келеді. Олармен салыстырғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың институционалдық бес реформаға негізделген сайлауалды бағдарламасы ұтымды әрі қазіргі жағдайға сай көрінетіні даусыз. Қалған екі кандидаттың күлкі тудыратын бағдарламасы сайлау режиссерлерінің нашар сценарийі ме әлде бұл – қалған кандитаттар сайлаушыға азды-көпті ұғынықты бағдарламамен шықса, қазіргі басшылықтың шын бәсекелесіне айналып кетеді деген қорқыныш па?

Алексей Малашенко: – Жоқ, меніңше, оның құрған авторитарлық режимінде бұл қалыпты жағдай. Қалған екеуінің бағдарламасы – құр имитация ғана. Экологиялық проблеманы қанша жалаулатса да, ешқандай сайлауда жеңіске жете алмайтынын өзіңіз де білесіз. Ал коммунистердің [ҚХКП басшысы Тұрғын Сыздықов] бағдарламасын көрдім, ұтымды тұстары бар. Оның бағдарламасында жартылай маркстік тезистер сияқты дүниелер көп қамтылған, бірақ қазіргі Қазақстан үшін мұның бірі де өзекті емес. Формалды тұрғыдан алғанда, бәрі дұрыс, сайлауға «солшыл оппозициядағы» коммунистер де, «экологтар» да түсіп отыр. Бұл жағынан мін таға алмайсың.

Азаттық: – Тіпті мұрагер таңдау. Олай болса, бұл жолы неліктен нақты кандидаттардың шығуына, сайлауда жеңбесе де, шама-шарқынша өз күшін көрсетуіне мүмкіндік берілмеді?

Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау. Сәбиттің карикатурасы.

Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау. Сәбиттің карикатурасы.

Алексей Малашенко: – Қазір, мына жағдайда мұның қажеті қанша? Айталық, саяси сахнаға өзіндік позициясын жариялауға дайын әлдебір нақты саясаткерлер шықты делік. Олар қазір шықса, саяси жүйе тұрғысынан алғанда, былық басталады. Қоғам бұған әлі дайын емес. Ал реформалар болып жатса, әлдебір көшбасшылардың шығуына біртіндеп дайындық жасалатын шығар. Бірақ бәрібір қазіргі президент Назарбаевқа теңесетін ықпалды ешкімді шығармайды. Сіз екеуміз әзірше құр жорамал ғана жасай аламыз. Ал іс жүзінде не болатынын болжау өте қиын. Меніңше, реформаларды жүргізудің ауыр жүгін арқалаған адам кейін мұрагер ретінде алғы шепке шығуы мүмкін, ол адам - қазіргі премьер-министр болуы да ғажап емес.

Азаттық: – Сіз Кәрім Мәсімовті меңзеп отырсыз ба?

Алексей Малашенко: – Ол да мүмкін. Ешкімнің аты-жөнін атағым келмейді, бірақ дәл қазір бұл межеге бәрінен жақын тұрған адам сол сияқты. Мұрагер болады деп нақты аталған адамды кейін ығыстырып тастаған жағдайлар тарихымызда талай болған. Ал менің байқауымша, қазіргі биліктің ішіндегі ең мықты адам сол, оның позициясы өте күшті.

Азаттық: – Малашенко мырза, Қазақстан президентін неліктен ерте сайлап жатыр деген тақырыпты көп талқыладық, көптеген жайттар айтылды. Биылғы сайлау халықаралық жағдай қатты ушығып тұрған тұста өтпек. Қазір Батыс пен Ресей көбінесе Украинадағы жағдаймен әуре, ал Қазақстандағы сайлау науқанына қатысты ЕҚЫҰ бақылау миссиясынан өзге ешкім пікір білдірген жоқ. Қалай ойлайсыз, мына сайлаудың нәтижесі Қазақстанның негізгі әріптестерін толғандыра ма әлде олар қазіргі статус-кво сақталғанына мүдделі ме?

Алексей Малашенко: – Меніңше, әрине толғандырады. Өзгелерді білмеймін, бірақ кейін оның орнына кім келетіні Ресейді сөзсіз толғандырады. Өйткені, Назарбаев – еуразияшылдық идеясына шын берілген, нағыз еуразист. Жұрт еуразиялық идеологияны, Еуразия одағын көп сынайды. Айтпақшы, Еуразия одағын кейде Назарбаевтың өзі де сынап жатады. Бұл одақтың кейінгі тағдыры қандай болатыны, ұлттық мүдде мен еуразиялық, аймақтық мүддені ұштастыру идеясының ғұмыры қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз. Мысалы, Қазақстанда «ұлт мүддесі бәрінен жоғары тұру тиіс» деген пікірлер жиі айтылады.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

  • 16x9 Image

    Торокул ДООРОВ

    Торокул Дооров

    Торокул Дооров Азат Еуропа/Азаттық радиосымен 2002 жылдан бері әріптес. Азаттықтың Қырғыз қызметінің Мәскеудегі тілшісі, «Азаттык плюс» (Бішкек) жастар хабарының редакторы, Прагадағы редакциясында редактор болған. 2014 жылдың шілдесінен Азаттықтың Қазақ қызметінің директоры. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG