Accessibility links

Оппозиция интернетте Назарбаевқа қарсы науқан бастады


Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын үгіт билборды. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын үгіт билборды. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл.

Сәуірдің 3-інде өтетін президент сайлауына бойкот жариялап, «елбасы, орныңды босат» деген сөзді ұран еткен сайт ашылды. Ал оппозициялық партия өкілдері президент сайлауына қатысатын үміткерлерді өз кандидатураларын алып тастауға шақырды.


elbasy.net сайтындағы үндеу авторлары президент Назарбаевтың зейнеткерлік демалысқа кетуін және жас саясаткерлерге орын беруін талап етеді.

«Нұрсұлтан Назарбаев билікте отырған 21 жыл ішінде заңдар мен Қазақстан Конститутциясы бос дыбысқа айналды, үкімет, парламент және сот жүйесі өз қызметін жоғалтып, президенттің шексіз билігіне қызмет жасауда» делінген үндеуде.

«НАЗАРБАЕВ ҚАЖЕТ ПЕ, ЖОҚ ПА...»

Сайлауға бойкот жариялап, Президент Назарбаевтың орнынан кетуін талап еткен сайтты ашуға бастамашы болған «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина сайлауға қарсы азаматтардың қолын жинау бір нәтиже беретініне сенімді. Оның айтуынша, осы сайт арқылы президент әкімшілігі азаматтық қоғамның пікірімен таныс болады. Сонымен қатар ол «азаматтар сайтта дауыс беру арқылы сайлауға қатысты өз ұстанымдарын білдіреді» дейді.

– Біріншіден, адамдар Назарбаев қажет пе, жоқ па – соны анықтап алуы қажет. Сондықтан біз сайлау алдында адамдардың таңдау жасауына мүмкіндік беретін сайт ашып отырмыз. Кез-келген қол жинау акциясы белгілі бір нәтижесін береді. Ал Қазақстан азаматтарының бойкотқа қолдау танытуы елге басқа президент қажет екенін білдіреді, – деді.

«Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының төрағасы Бақытжан Төреғожина азаптауға қарсы акция кезінде. Алматы, 4 ақпан 2011 жыл.
Сонымен қатар Бақытжан Төреғожина ол сайттағы бастаманы жақтап қол қоюшылардың электрондық адрестері арқылы олардың қолының шынайлығы тексерілетін айтты.

– Бұл сайт бойынша қол қойған адамдардың электрондық адресі бар. Егер кез-келген адам өзінің атынан қол қойғанын білсе, сайттың әкімшілігінен хабарласып, айтуына болады. Онда ол есім тізімінен алынып тасталады. Алайда кері байланыс қол қоюшымен электронды адрес арқылы жүзеге асатын болғандықтан ол адрес тексеріледі. Оның еш қиындығы жоқ. Сондықтан қол қоюшымен кері байланыс күдік туғызатын болса, ол адам тізімге алынбайды, – деді ол.

Сайттағы үндеуді қазіргі кезге дейін 100-ден астам қолдаған.

elbasy.net сайтына қол қоюшылар сайлауға және президентке қатысты әртүрлі пікірлер білдірген. Негізінен тізмге қол қоюшылар президенттің зейнеткерлік демалысына шығатын уақытының жеткенін жазған. Солардың бірі Қайсар Тасмағамбетов деген есіммен тіркелген азамат «Елбасы Назарбаев орнынан кететін уақыт келді. Басқаша болуы мүмкін емес. Егер кетпесе, көтеріліске шығуға келісемін. ...«Лидер нации» деген заңдар жүрмейді. Бакиевтің тағдырын қайталауы мүмкін» деп жазған.

ПАРТИЯЛАР ҮНДЕУІ

4 наурыз күні президент сайлауына бойкот жариялау мақсатында құрылған «Конституцияны қорғайық» қоғамдық комитеті халықты өздерін қолдауға және 3 сәуірге белгіленген президент сайлауына қатыспауға шақырды.

«Дауыс беру – сіздің құқығыңыз, бірақ міндетіңіз емес. Баяғыда кетуге тиісті адамға өз даусыңызды бермеңіз» делінген таратылған үндеуде.

Ал Қазақстан коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясы президентікке үміткерлерді өз кандидатураларын алып тастауға шақырды.
«Біз жасаған ұсыныстан бас тартатын болсаңыздар, мемлекет пен халық сатқыны деп санаймыз» делінген үндеуде.

Үндеу тартушылар «Сайлау туралы»Заңның 61-бабын алға тартып отыр. Онда «тіркеуге алынған кандидаттар саны кемінде екі адам болса, Орталық сайлау комиссиясы сайлау уақытын екі айға дейін ұзарту туралы қаулы шығарады» деп жазылған.

Наурыздың 2-сі күні Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталды. Тиісті сайлаушылар қолын жинаған төрт үміткер кандидат ретінде тіркелді. Олар – Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік халық партиясы ұсынған Жамбыл Ахметбеков, «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов, Қазақстанның патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов.
XS
SM
MD
LG