Accessibility links

Назарбаевтың Қытайға сапары тағы бір мәрте саяси ортада күдік тудырды


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті (сол жақта) және Ху Цзиньтао, Қытай төрағасы ресми құжаттарға қол қою рәсімінде тұр. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті (сол жақта) және Ху Цзиньтао, Қытай төрағасы ресми құжаттарға қол қою рәсімінде тұр. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл

Қуғындағы бұрынғы дипломат Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Қытайға жалға 1 миллион гектар жер беруге келісті» деп айыптаса, ресми билік оны жоққа шығарады. Ал елдегі оппозициялық саясаткер президенттен түсініктеме талап етіп отыр.


Наурыздың 2-сі күні ресми тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жолдап, Батыс Еуропада қуғында жүрген бұрынғы дипломат Рахат Әлиевтің блогында жазылған ақпаратқа байланысты түсініктеме беруді талап етті.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙҒА ЖЕР БЕРЕТІНІ РАС ПА?"

«Сіздің бұрынғы күйеу балаңыздың сөзінше, сіз Қытайға 99 жылға бір миллион гектар қазақ жерін беруге келісіпсіз. Есесіне олар сізге халықтың ашу-ызасынан қашып, Қазақстаннан тыс елдерден пана іздеу керек болған жағдайда кепіл беруге келісіп отыр екен. Халық толқуын басу үшін Қазақстанға Қытай әскерін кіргізуге мүмкіндік беретін құпия келісім туралы Рахат Әлиевтің хабарламасын кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы негізсіз шешіміңіз де жанама түрде растап отыр» деп жазылған үндеуде.
Владимир Козлов, тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл

Саясаткер бұл ақпаратты өткені күмәнді, президенттің басты оппоненттерінің бірі ғана емес, сонымен қатар Назарбаевтың құпияларына қанық адамның айтып отырғанын да үндеуде ескертіп, талабы орындалмаса «Әлиевтің айтқандарын рас дерек ретінде» қабылдайтынын айтады.

ӘЛИЕВТІҢ ҮНДЕУІ

Интернетте кең таралған Рахат Әлиевтің бұл мәлімдемесі өзінің жеке блогында наурыздың 1-і күні яғни, Назарбаевтың Қытайға ресми сапары аяқталғаннан кейін бір аптадан кейін жарық көрген болатын. Онда блог иесі «Назарбаев пен Қытай арасында жасалған құпия келісімді» Қазақстанды қытайландыру саясатының жалғасы ретінде көрсеткен. Ол «сауатсыз экономикалық саясаттағы олқылықтарды болашақ ұрпақтың мойнына артылатын» қарыздармен толтыруға тырысып жүрген» Қазақстан басшысының елде төтенше жағдай туындаса, Қытайға иек артуды көздеп отырғаны туралы жазады.
Рахат Әлиев, қуғындағы бұрынғы қазақ дипломаты. Вена, 30 сәуір 2007жыл

«Назарбаевтың Қытаймен жасасқан құпия келісімінің еліміз үшін тағы бір өте қауіпті жері бар. Елде халық толқуларының алғашқы белгісі пайда болған кезде Қазақстанға 200 мың «бітімгер» қытай әскері кірмек. Қазірдің өзінде оларды Алматы, Шымкент және Қарағандының әуежайына тасымалдайтын әуе бағыттары дайын тұр» деген жолдар бар Әлиевтің үндеуінде.

«ОНДАЙ КЕЛІСІМ ЖОҚ»

Ал ресми орындар болса, бұл ақпаратты мүлде естімеген болып шықты. Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметінің өкілі Ван Ин Ин келісім-шарттарға байланысты ешқандай хабары жоқтығын айтты.
- Біз ешқандай түсініктеме бере алмаймыз, - деді ол наурыздың 2-сі күні Азаттық тілшісіне.

Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров болса, мұндай келісімді көрмегенін айтады.

- Бізде ресми сапар барысында қол қойылған келісімдердің тізімі бар.
Арасында ол тәріздес ештеңе жоқ, - деді Ілияс Омаров.

Ақпан айының соңында президент Назарбаев үш күндік ресми сапармен Қытайға барған еді. Назарбаевтың өзінің айтуынша, бұл оның тәуелсіздік алғаннан бергі 15-ші сапары екен.

Осыдан екі жыл бұрын Қытайға ресми түрде сапар шеккен президент Назарбаев көрші елден 10 миллиард доллар көлемінде қарыз алып қайтқан еді. Дәл осы жылы президент үлкен жиындардың бірінде Қытайдың Қазақстаннан ауыл шаруашылық мақсаты үшін бір миллион гектар жер сұрағанын да айтып қалған. Бұл Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырды. Кейіннен президент Қазақстанның Қытайға жер бермейтінін айтып, тіпті «ол туралы өсек таратқан ақпарат құралдарын жауапқа тартамыз» деп ескерту жасауға мәжбүр болған.

Ресми дерек бойынша Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасының көлемі былтыр 20 миллиард доллардан асып жығылды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG