Accessibility links

Назарбаевтың дәрісі әлеуметтік желіде дауға себеп болды


Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғимараты. (Көрнекі сурет)
Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғимараты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президентінің Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде 28 сәуірде оқыған дәрісін сынаушылар да, қолдаушылар да табылды.

Дәрісінде Еуразиялық интеграцияны әрі қарай дамыту жөнінде ұсыныстарын айтқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұдан 20 жыл бұрын – 1994 жылы наурыздың 29-ында Еуразия экономикалық одағын құру идеясын да осы Мәскеу университетінде жариялағанын еске салды.

Осыған байланысты әлеуметтік желіде пікір жазғандардың арасында «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев идеяларын неліктен Ресей университетінде айтады?» деп сұраушылар да болды.

«Президент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де немесе Гумилев атындағы Еуразия университетінде дәріс оқып, біз Еуразия Одағына қосыламыз – қалай қарайсыңдар, оның осындай артықшылығы бар деп сұрауы керек еді» деп жазады Ербол Бейілхан.

«ҰСАҚ-ТҮЙЕКТЕН ШАРШАМАЙДЫ»

Facebook әлеуметтік желісі қолданушысы Қайрат Балтабай президент Назарбаевтың Еуразия экономикалық одағына қол қойылатын күнді «Еуразиялық интеграция күні» деп атау жөніндегі ұсынысына наразы болды. «Көкеміз осындай ұсақ-түйектерден шаршамайды. Тарихқа осылай кіремін деп сене ме?» дейді ол.

Интернет оқырмандары президент Назарбаевтың «СССР-ді қалпына келтірмек деушілерге күдік қалдырмас үшін Еуразия Одағының атқарушы органдарын
Еуразия экономикалық одағына қарсы жиын өткізіп отырған белсенділер. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Еуразия экономикалық одағына қарсы жиын өткізіп отырған белсенділер. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Астанаға немесе Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі қалалардың біріне орналастырайық» деген сөзіне де уәж айтты. «Атқарушы органдар Астанаға келсе де Ресейдің ықпалында қала береді, сондықтан болашақты ойлайтындар бұл одақтан бас тарту керек» деп жазады Facebook қолданушы Адилет Айтикеев.

Соңғы кездері Қазақстанда жиі байқалатын, Еуразия Одағына қарсы көңіл-күй президент Назарбаевтың Мәскеудегі дәрісін интернеттен тыңдаған оқырмандар арасында да кезікті. «Өзі соғыс жағдайында тұрған Ресеймен одақтасудың керегі не? Қазақстан аумағын аннексиялау туралы пікір айтылатын Ресеймен не үшін одақтасу қажет?» деп жазады әлеуметтік желі қолданушысы Нұрлан Салтаев.

«МЫҚТЫ ҒОЙ НҰРАҒАМ!»

Facebook әлеуметтік желісі қолданушыларының кейбірі президент Назарбаевтың Еуразия Одағы жайлы бастамасына наразы болған, Мәскеудің саясатын сынаған адамдарды сабырға шақырды. «Ресейді айыптай бермей, өзімізді түзеп алайық. Еуразия керек емес пе, онда Қазақстанға тиімді келісім жасай алатын билік сайлап алайық» деп жазады Игорь Ушаков есімді оқырман.

Серғали Балажан есімді азамат президент Назарбаевтың лекциясын ерінбей қарап шыққанын айта келе, «Еуразия Одағы идеясына қарсы шығып
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқып тұр. 28 сәуір 2014 жыл. (Телеарна видеосынан алынған сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқып тұр. 28 сәуір 2014 жыл. (Телеарна видеосынан алынған сурет)
жүргендердің көпшілігі «егемендігімізден айрыламыз, КСРО қайта орнайды» деп бекерге шулап жүргенін» жазады.

«Бүгінге дейін әлемге үстемдігін жүргізіп келген Батыс елдері әбден тозып біткен. Енді олардың әрі қарай дамуы логикалық тұрғыдан мүмкін емес, оған тарихтан мың мысал келтіруге болады. Демек, ендігі дамудың кезегі бізге (Қазақстанды айтады – ред.) келіп тұр» дейді Серғали Балажан.

Facebook әлеуметтік желісінде Нұрсерік Жолбарыс есімді қолданушы президент Назарбаевтың Еуразиялық аграрлық академия құру жайлы ұсынысына разы болғанын жазады. «Аграрлық саласы әлі де дамуды қажет ететін Кеден Одағы елдері үшін ең тиімді ұсыныс болды. Елбасы осы орайда экономиканың ең әлсіз тұсын көрсетіп, оны дамытудың нақты жолын көрсете білді» дейді ол.
Ал Жалын Галым есімді қолданушы президент Назарбаевтың Мәскеудегі дәрісін тыңдай келе, ол жайлы пікірін «Мықты ғой Нұрағам!» деген бір ауыз сөзбен қайырған.

Биыл ақпанда тараған ақпарат бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәрісін «Еуразиялық интеграция бастамасының 20 жылдығына орай» наурыздың 11-інде оқуы тиіс еді. Бірақ Ресей мен Украина арасындағы жанжалға байланысты лекция сәуірдің 28-іне қалған.

Президент Назарбаев сәуірдің 29-ында Минскіде өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының жұмысына қатысып, Беларусь және Ресей президенттерімен бірге Еуразия экономикалық одағы келісімінің жобасын талқылайды. Бұл келісімге биыл мамыр айында Астана қаласында қол қойылып, Еуразия экономикалық одағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуі тиіс.
XS
SM
MD
LG