Accessibility links

«Елбасын» «мәңгі президентке» айналдыру науқаны басталды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Стамбул, 16 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Стамбул, 16 қыркүйек 2010 жыл.

ЕҚЫҰ саммиті кезінде аймақтарда жүре тұруға мәжбүр болған депутаттар президент Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы тың ұсыныспен оралды. Бастамашыл топ мәселені жалпыхалықтық референдумға шығармақ. Ал оппозиция Назарбаевтың алдағы сайлаудан қорқатынын айтады.

2012 жылы өтуі тиіс сайлауға өз кандидатурасын ұсынған саясаткер Жасарал Қуанышәлин «референдум туралы сөз бастау президенттің шынайы сайлаудан қорыққандығын байқатады» дейді.

– Қазір президент өзінің уақыты өтіп бара жатқандығын, Назарбаевтың кім екендігіне халықтың көзі жеткендігін біліп отыр. Сондықтан, әрине, қорқады. Сайлау болса, өзінің өте алмай қалатындығын біліп отыр. Кезінде де солай болды ғой. Референдум болған күннің өзінде де оның қорытындысы да өз қолдарында.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин транзиттік президент тақырыбына байланысты өткен дөңгелек үстелде. Алматы, 15 қараша 2010 жыл.


«Ал егер сайлау болған жағдайда президент қанша пайызға қол жеткізе алады деп ойлайсыз?» деген сауалымызға Жасарал Қуанышәлин:

– Енді ол сайлаушылар дауысының жартысына да жетпейді. Мәселен, Белоруссияда болған жағдай соны көрсетеді. Экзитпол шын мәнінде Лукашенконың 30-40 пайыз дауыс алғандығын анықтады. Ал оны ресми орган екі есе артық етіп көрсетті. Дәл сол сияқты Назарбаев шамамен 40 пайыздан аса алар немесе оған да жетпейді, – деп жауап берді.

КЕТЕЙІН БЕ... КЕТПЕЙІН БЕ?

Жасарал Қуанышәлинмен саяси тандемде сайлауға түсемін деген Владимир Козлов «президент Назарбаев бұл істе екі ойлы болуы мүмкін» дейді.

– Президент біраз уақыттан бері көптеген жайттардан секем алатындығын байқатты. Өзіне
Сондықтан президент пен оның билігі – нөкерлердің де қауіпсіздігінің кепілі.
«Ұлт көшбасшысы» мәртебесін беру, адам құқығы мен азаматтық және саяси бостандыққа шектеу қою – осы қорыққандықтан жасалынған іс. Ол қазір қызметінен қадірімен кете алмайды, не ұзақ мерзімге орнымда қала беремін деген сенімі де жоқ. Егер сайлау туралы заң сәл ғана жұмсарса, онда президент қайта сайлануы екіталай, – дейді Владимир Козлов.

Оның пікірінше, Назарбаевтың ұзақ отыруы оның нөкерлеріне де тиімді.

– Президент нөкерлерінің ел үшін жасаған жақсылығынан гөрі жамандығы көп болды. Сондықтан президент пен оның билігі – нөкерлердің де қауіпсіздігінің кепілі, – дейді саясаткер Козлов.

ПАРТИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бейсенбі күні түстен кейін «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Өскеменде қозғалған мәселеге қатысты мәлімдеме жариялады. Олар «бастамшыл топтың қазіргі президенттің өкілеттілігін өмір бойы созғысы келуі – азаматтардың демократиялық реформа мен елдің сапалы дамуына деген үмітін үзу» деп бағалайды.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
Партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов мұның Ақ ордамен келісіліп жасалған ұсыныс болғандығына күмән келтірмейді. «Бірақ президентке жағынамыз деп жүргендер болашақты да ойлағаны жөн» дейді саясаткер.

– Әрине, белгілі бір дәрежеде Назарбаевтың өзі сайлауға түсіп, бәсеке болуға жарайды. Оған тәжірибесі де, басқасы да жетеді. «Бірақ бір адамның ауыспай отыра бергені Қазақстанның демократиясына, елде өркениетті зайырлы қоғам құруға томпақ келмей ме?» деген сұрақты кей азаматтар ұмытып кетеді. Меніңше, жағымпаздар Нұрсұлтан Әбішұлына қалай жағамыз деп жүріп, ертең өздерінің бала-шағасы мен немерелерінің болашағына нұқсан келтірмеу керек, – дейді Әміржан Қосанов.

«2020 ЕМЕС, 2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҰЗАРТАЙЫҚ»

Бейсенбі күні билік өкілдері де бірқатар басылымдарда осы бастамаға қатысты ойларын айтты.

Мәселен, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бұл ұсынысты толығымен қолдайтындығын айтып отыр.

Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның пікірінше, президенттің өкілеттігін 2020 емес, 2030 жылға дейін ұзарту туралы мәселе көтеру қажет екен.
Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева. Астана, 15 қыркүйек 2010 жыл.


Ал Ғани Қасымов мұндай істерді Конституцияға сай жүзеге асыру керек деген ойда.

Қасымовтың бұл пікірін қостаған сенатор Светлана Жалмағамбетова «президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауда оп-оңай жеңіске жетеді» дегенді атап өтті.

Қазір 320 адамнан құрылған бастамашыл топ құрылды. Олар республикалық референдумды өткізуге дайындық жүргізбек. Бастамашыл топтың төрағасы болып Ерлан Сыдықов бірауыздан сайланды.

Қазақстанда бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевты 2020 жылға дейін президент қызметінде қалдыру туралы ұсынысты биыл қазан айында Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында Қазақстан кәрістері қауымдастығының президенті Роман Ким айтқан еді.
Оның алдында, қыркүйек айында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Свобода слова» газетіне берген сұқбатында «Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы өтетін президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ ниетте», – деп мәлімдеген. Алайда президент Назарбаев бұл ұсыныстарға нақты жауап берген емес.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG