Accessibility links

«Жеткен жетістік – президенттің өзіне қауіпті»


Президент Назарбаевтың жақтастары оны сайлаудағы жеңісімен құттықтап тұр. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.

Президент Назарбаевтың жақтастары оны сайлаудағы жеңісімен құттықтап тұр. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.

Қазақстан президенті Назарбаев инаугурацияда сөйлеген сөзінде 20 жыл бұрынғы мақсаттары мен міндеттерін «артығымен орындағанын» айтты. Ал сарапшылар оған күмән келтіреді.


Жарты сағатқа жуық сөйлеген сөзінде президент Назарбаев жексенбіде өткен кезектен тыс президент сайлауына жоғары баға берді. Оның сөзінше, осы жолғы сайлауда «тұңғыш рет «қара» пиар болған жоқ».

«ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БИІК ДЕҢГЕЙІ»

Семей мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан президентінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізбек болған бастамашы топтың жетекшісі Ерлан Сыдықов президентті ұлықтау рәсімінен алған әсерімен бөлісті.

– Бұл өткен президент сайлауы – Қазақстанның тәуелсіздік алған 20 жылдық жүріп өткен шағындағы демократияның биік деңгейінің көрсеткіші болды.
Ерлан Сыдықов. Астана, 12 қаңтар 2011 жыл.
Осы уақытқа дейінгі жүргізіліп келе жатқан саясаттың жемісін көре бастадық. Ол жеміс – тұрақтылық, қазақ халқының, қазақстандықтардың президенттің төңірегінде біріге білуі және де ұлттар арасындағы татулық, ең бастысы, қазақстандықтардың саяси мәдениетінің көтерілгендігі, – деді сәуірдің 8-і күні Азаттыққа сұхбат берген Ерлан Сыдықов.

Ол президенттің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөздерінен үлкен әсер алғанын да айтты.

– Қазақстанның келешегін жарқындату, жақсы келешекті жақындату. «Осы уақытқа дейін экономика бірінші болып келді» деді елбасы. Ендігіде демократияны тереңдету, халықаралық қатынастарды нығайту мен Қазақстанның әлемдегі дәрежесін көтеруді айтты. Маған қатты ұнағаны, ойымнан шыққаны, міне, осы нәрсе болды, – дейді Ерлан Сыдықов.

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖҮЙЕНІҢ «ШАРЫҚТАУ ШЕГІ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев президент Назарбаев айтқан «жетістіктермен» келіспейді.

– Соңғы 20 жылды алсақ, біл әлі күнге дейін бәсекеге қабілетті экономиканы құра алмадық. Мұны дағдарыс айқын көрсетті. Әлі күнге дейін ішкі проблемалар көп. Соған қарамастан көптеген экономикалық процесстер біздің үкіметтің іс-әрекетіне емес, сыртқы факторларға көп байланысты
Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 25 мамыр 2010 жыл.
екендігі көрініп тұр. Біздің, тіпті, бюджетіміз 20 жыл өткендігіне қарамастан, мұнай баррелінің бағасына тәуелді, – дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, 20 жылдан бергі саяси «жетістіктер» билікке, тіпті президенттің өзіне қауіп төндіреді.

– Саясатта біз қазіргі кезде аса күшті президенттік жүйенің қалыптасуының «шарықтау шегін» байқап отырмыз. Меніңше, хронологиялық тұрғыда бұл жүйе өзінің мәресіне өткен жылы – «Ұлт көшбасшысы» заңын қабылдағанда жеткен болатын. Ал мерзімінен бұрын өткен президент сайлауы – осы жүйенің соңғы этаптары деп бағалауға болады. Соңғы 20 жылда Қазақстанда президенттік билік қана әрекет ететін аса күшті президенттік жүйеге ғана қол жеткіздік. Ал қалған саяси институттар мүшкіл халде. Меніңше, дәл осы жайт билік үшін, оның ішінде президент үшін қауіпті, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Оның сөзінше, президент Назарбаевтың: «Менің міндетім – заң алдында барлығының теңдігін қамтамсыз ету. Мен сот жүйесінің тиімділігін одан әрі қамтамсыз ету үшін тың қадамдар жасауға ниеттімін», – деген сөзін «осыған дейін заң алдында барлығының тең емес екендігін мойындағаны» деп түсінуге болады.

«...ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ БІЛЕТІН БОЛАР, МЕН БІЛМЕДІМ»

Саясаткер Балташ Тұрсынбаев президент Назарбаевтың «20 жыл бұрын өзінің алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін толығымен және артығымен жүзеге асырғанын» айтқаны асыра сілтеушілік болды деп отыр.

– Сонау 90-жылдардың басында ол кісі билікке келгенде елде жұмыссыздық қазіргідей болды ма? Болған жоқ. Сол жылдары біз шет елден сүт, нан, ет, т.б тамақтарды сатып алып па едік? Жоқ. Біз ол кездері бірен-саран киімді ғана
Саясаткер Балташ Тұрсымбаев. Алматы, 5 қараша 2009 жыл.
алатынбыз. Оның өзінде көптеген киім өзімізде тігіліп, өз халқымызға таратылатын. Ал қазір оның барлығы жоқ. Сондықтан енді қандай мақсат қойып, оның қаншалықты орындалғаны туралы президенттің өзі білетін болар, мен білмедім, – дейді Азаттық радиосына саясаткер.

Ол президенттің бұл жолғы сөзінде Қытаймен арадағы байланысты атап айтқандығына назар аудартады.

– Қытайдың қолында қазір үлкен қаржы бар. Біздің экономикамыз құлдырап, қаржы тапшы, жетпей жатыр, халықта – жұмыссыздық. Сондықтан енді бұл мәселені жақын уақытта шеше алатын – көршіміз Қытай ғана. Ол, әрине, көмек жасайды – егер біз Қытайдың азаматтарын кіргізетін болсақ, жерімізді берсек, мұнай мен газды беретін болсақ. Сонда ғана ол көмектеседі. Бүгінгі «Қытаймен жақсы боламыз» дегені – «баяғыдан айтылып келе жатқан 1 миллион гектар жерді әр түрлі сиқырлықпенен солардың қолына бермекші ғой» деп ойлаймын, – дейді саясаткер Балташ Тұрсымбаев.

«МЕН СЕНБЕЙМІН»

Саясаткер Уәлихан Қайсардың ойынша, «президенттің айтқан сөздері – күмәнді».

– Президенттің «экономикамыз жақсы» дегенімен мен келісе алмаймын. 2010 жылдың бюджетінің үштен екісі – мұнайдан түскен қаржы. Ал шағын және орта бизнестің дамуы өте нашар. Ол жақын уақытта дамиды дегенге де мен сенбеймін. Мұнай әйтеуір таусылар. Ал содан кейін не істейміз? – деді саясаткер Уәлихан Қайсар Азаттық радиосы тілшісіне.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG