Accessibility links

Жасарал Қуанышәлин: «Назарбаевсыз сайлау өткізу керек»


«Жаса, Азаттық!» қоғамдық ұйымының төрағасы Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 28 желтоқсан 2010 жыл.
«Жаса, Азаттық!» қоғамдық ұйымының төрағасы Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 28 желтоқсан 2010 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевты президент қызметінде қалдыруды қолдайтын «Әділет» партиясы оған ешқандай шектеу жоқ екенін айтса, оппозиция қайраткерлері Назарбаевсыз сайлау өткізуді ұсынады.


Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевты 2020 жылға дейін қызметінде қалдыру туралы референдум өткізу үшін қол жинау науқанымен бірге осы бастаманы қолдаушылар жарысы басталып кеткендей.

Сейсенбі күні шыққан ресми БАҚ бетінде ел парламентінде президенттің өкілетін ұзарту туралы бастаманы қолдайтын бастамашы топ құрылғаны хабарланған. Бұған қоса биліктің ықпалындағы қоғамдық ұйымдар мен ірі кәсіпорындар мен компаниялардан референдум өткізуге бірауыздан қолдау білдірген ұқсас мазмұндағы үндеулер, аймақтарда осы бастаманы жақтаушылардың жиындары өтіп, мәлімдемелері жасалғаны туралы ақпараттар ағыны совет кезіндегі тәрізді орталық басылымдардың айқарма беттерінде жарияланыпты.


«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУДІ ЖАҚТАЙДЫ

Желтоқсанның 28-і күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізген «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев Қазақстанның қазіргі президентінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдап мәлімдеме жасады.

«Бұл ұсыныстың қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуына ешқандай шектеу жоқ», – деді президентшіл партия жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев.

Оның айтуынша, референдум – «демократиялық форманың бірі»:



Серік Әбдірахманов, «Әділет» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары. Астана, 28 желтоқсан 2010 жыл.
Ал оның орынбасары Серік Әбдірахманов бұл мәлімдемеге өзін партиялас серіктері көндіргенін жасырмады.

– Қоғамды өркендету, демократияны дамыту үшін адамзат тарихындағы ең үздік процесс – сайлау. Әйтсе де, референдум – биліктің тағдырын шешудің бір варианты, – дей келе Серік Әбдірахманов Африкадағы Кот-д’Ивуар елінде сайлауда жеңіске жеткен оппозициялық кандидаттың ел тұрғындарын көшеге шығып наразылық білдіруге шақырған үндеуі қоғамнан қолдау таппағанын мысалға келтіріп, «олар да Қазақстандағыдай бейбіт өмір мен тұрақтылықты қалайтын шығар» деген пікір айтты.

Сонымен бірге ол «президент төңірегіндегі» әлдекімдер бұл референдумды өз пайдасына бұрып жібермей ме деген қаупімен бөлісті. Бірақ өзі тұспалдап отырғандардың аты-жөнін ашып айтпаған Серік Әбдірахманов билік елде парламент және жергілікті өкілді органдарға әділ сайлау өткізуі тиіс деген ойын жеткізді:



Серік Әбдірахманов Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевпен иық тірестіре алатын саяси бәсекелес көріп отырмағанын айтып, референдум барысында прездиент Назарбаев сайлаушылардың 60 пайызының қолдауына ие болады деген болжам жасады. Және ол «Орталық сайлау
Солдан оңға: Кәрішал Асан-Ата, Жасарал Қуанышәлі және Хасен Қожа-Ахмет. Алматы, 28 желтоқсан 2010 жыл.
комиссия бұны 90 пайызға дейін көбейтіп жазады» дегенді қосып қойды.

Ал партия төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 70 пайыздайы дауыс береді» деген долбар айтады.


«БИЛІК ЗАҢДЫ БЕЛДЕН БАСТЫ»

Астанада «Әділет» партиясының басшылары президент Нұрсұлтан Назарбаевты 2020 жылға дейін қызметінде қалдыру туралы референдум өткізуге қолдау білдіріп жатқан кезде Алматыдағы ұлттық баспасөз клубында саясаткер Жасарал Қуанышәлин, қос диссидент - Кәрішал Асан-Ата мен Хасен Қожахмет бұл бастамаға өздерінің түбегейлі қарсы екендерін айтып мәлімдеме жасады.

Олар сайлауды референдуммен алмастыру тоталитарлық қоғамға тән құбылыс деген баға беріп, бастаманы сынға алды.

Советтік Қазақстан диссиденті Хасен Қожахмет қоғамға ұсынылып отырған тұрғыда референдум өткізуді заңға қарсы әрекет деп атады:




«Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин Қазақстандағы бұл саяси бастамаға биыл Белорусь елінде өткен президент сайлауы да әсер етті деген пікірде. Сонымен бірге ол Қазақстанда президент сайлауы өтуі керек, бірақ ол сайлау Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтуі тиіс деп санайды.

«Өйткені Назарбаев өз өкілетін толық бітірді және елдің сенімінен жұрдай болды», – дейді Жасарал Қуанышәлин.




Тағы бір қазақ диссиденті Кәрішал Асан-Ата референдум өткізу қажеттігі неден туды деген сауал қойып, оған өзі: «Өйткені, Назарбаевтың айтар сөзі жоқ, жиырма жыл басқарғанда өз қалтасын майлағаннан басқа республикаға еш нәрсе жасамады. Қазір енді сайлауда президенттікке өте алмайтынын білгендіктен, шетелдегі және осы жердегі кеңесшілерінің сыбырлауымен әуелі ұлт көшбасшысы дегенді жасап алды, енді міне бүкіл қазақстандықтарды алдап-сулап отыр» деп жауап берді:





ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ ПІКІРІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ

Қазақстандағы ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдарының жетекшілері референдум өткізуге қатысты қарама-қайшы көзқарас ұстанып отыр.

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхтар Шаханов референдум өткізу туралы бастаманы «жағымпаздық үлгісі» деп атады. Ол елдегі сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп отыр:




Дәл осыған ұқсас пікірді «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының төрағасы Дос Көшім де айтты:



Президентшіл «Желтоқсан – 86. Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс бұл туралы апта соңына қарай мәлімдеме жасамақ ниеті барын айтып, Азаттық радиосына пікір білдіруден бас тартты.

Ал тағы бір желтоқсаншылар ұйымы – «Желтоқсан жаңғырығы» қозғалысының жетекшісі Төлеген Әлжан осыдан он жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты президент қызметінде өмір бойы қалдыру туралы бастаманы алғаш болып баспасөз бетінде көтерген өзі екенін алға тартып, референдум өткізу ұсынысын қолдайтынын айтты:




Желтоқсанның 27-сі күні Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет өкілеттілігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топты тіркеп, оған азаматтардан қол жинауға арналған парақшаларды табыс етті.

Бастамашыл топ Орталық сайлау комиссиясына өтінішті желтоқсанның 24-і күні тапсырған.

Өткен бейсенбіде Өскеменде Қазақстан аймақтары өкілдерінің жиынында 7 адамнан тұратын бастамашыл топ Қазақстан президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

Биыл жазда 70 жасқа толған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Ол соңғы рет 2005 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті болып жеті жылға қайта сайланған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG