Accessibility links

Назарбаевтың «жүз қадамында» саяси реформа аталмады


Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауынан соң өз жақтастарымен жиында тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауынан соң өз жақтастарымен жиында тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Сайлаудан кейін президент Назарбаев ұсынған «Ұлт жоспары – бес реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам» бағдарламасы насихаттала бастады. Сарапшылар онда саяси реформа тыс қалғанын айтады.

«Ұлт жоспары» жарияланғалы қазақстандық БАҚ бұл бағдарламаны елдің «жаппай қолдап» жатқанын хабарлап отыр. Бірақ кей сарапшылар оның бұрынғы бағдарламаларға ұқсастығын, Назарбаев саяси реформаға көңіл бөлмегенін айтады.

«ӘЛЕМДІК БАҒДАРЛАМА»

Биыл сәуірдің 26-сында өткен президент сайлауынан кейін президентке қарасты Жаңғырту жөнінде ұлттық комиссиясы құрылды. Комиссияның алғашқы отырысында «Ұлт жоспары» таныстырылып, БАҚ-та жарияланды.

Жоспардың мақсаты ретінде «институционалдық реформаларды іске асыру, қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту» жайлары аталған.

Бағдарлама жарияланғаннан кейін екі күннен соң Астанада өткен 7-экономикалық форумда Нұрсұлтан Назарбаев өз бағдарламасын «әлемдік бағдарлама» деп сипаттап үлгерді. Ал ресейлік қаржыгер Герман Греф «мәдени шок» алғанын айтып, «Ресей үлгі алуы тиіс» бағдарлама деп бағалады.

Бағдарлама кіріспесінде оны «жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған отыз мемлекеттің қатарына ену жоспары» деп көрсеткен. Жоспардың негізгі мақсатын «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипау емес, оны жүйелі емдеу, сөйтіп мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалау» деп сипаттаған.

ЖОСПАРҒА ЕНБЕГЕН САЯСИ РЕФОРМА

Азаттық тілшісі бұл жоспар туралы сарапшылардың пікірін сұрастырды. «Ұлт жоспарын» әлеуметтік желілерде талқылаған кей сарапшылар «бұл жоспардың бұрынғыдан айырмашылығы шамалы болғандықтан» қандай да бір пікір айтқысы келмейтінін білдірген.

Әр жылдарғы стратегиялық бағдарламалар мен жоспарлар:

1997 жыл. «Қазақстан-2030» - ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы.

2007 жыл. 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспары.

2008 жыл. «Сыбайлас жемқорлыққа бағытталған тегеурінді он соққы» бағдарламасы.

2008 жыл. «Қарапайым халыққа қарапайым 10 қадам» тақырыбындағы мәлімдеме.

2010 жыл. «2030 даму бағдарламасын» жүзеге асыру үшін стратегиялық жоспар.

2010 жыл. 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары.

2010 жыл. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама.

2012 жыл. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы.

2012 жыл. «Қазақстан-2050» стратегиясы.

2013 жыл. «Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру туралы тұжырымдама».

2015 жыл. «Ұлт жоспары – бес реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадам» бағдарламасы.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым мұндай жоспар атына сәйкес болуы үшін жалпыхалықтық талқылаудан өтуі тиіс еді деп санайды.

– Жоспар тек телеарналарды ұранға толтыру үшін емес, қоғамды нақты құндылық, нақты мазмұнмен жаңа сапаға шығару үшін жасалады. Оған танылған қоғамдық күштердің барлығы қатысып, талқылауы қажет, - дейді саясаттанушы.

Айдос Сарымның айтуынша «Ұлт жоспарының» ішінде саяси реформа «Мәңгілік ел» доктринасымен ғана шектелген. Қоғам, мемлекет дамуы үшін экономикалық реформалар қажеттігі дау туғызбайды, бірақ бұл бағдарламада саяси реформалардың айтылмауы биліктің саяси мәселелерден қашқақтауын білдіреді дейді сарапшы.

– Егер қоғам дамуы керек болса, баяғыдан айқын қағидаттар бар. Соның бірі – саяси реформа. Өкінішке қарай, саяси реформа жасауды Назарбаев бұл жолы да қолға алмады, - деген саясаттанушы «100 қадам» ішінде бұрынғы бағдарламадағы мәселелер тағы да қайталанып отырғанын айтады.

Айдос Сарым елде кеңінен насихатталатын бұл бағдарламаны советтік кезеңдегі «коммунизм орнату», «Тұрғын үй-91» сияқты «нақты мәселені шеше алмайтын, халықты алдарқатуға арналған» ұранды жобаларға ұқсатады.

Экономист Тоқтар Есіркепов президент Назарбаевтың биыл сәуірдегі президенттік сайлау алдында саяси реформалар жасалатыны туралы айтқандары «100 қадамның» ішінде қамтылмаған дейді.

Ол Назарбаев жариялаған 100 қадамның көбі өзіне бұрыннан таныс екенін айтады. Экономистің сөзінше, осыған дейін ел президенті жариялаған мемлекеттік бағдарламалар мен жыл сайынғы жолдаулардың қаншалықты орындалғаны белгісіз.

– Сондықтан жаңасын қабылдамас бұрын әуелі алдыңғыларына есеп беру керек еді. Мәселен, кәсіби зерттеуші ретінде ұдайы қарап отырсам да стратегиялық бағдарламалардың атауы мен бағытынан жаңыламын,- дейді ол.

«САПАЛЫ ҚҰЖАТ»

Парламент мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 қадамында» саяси реформа аталмаған деген пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, экономикалық реформалар саяси реформалармен қатар жүреді.

– «100 қадам» ішіндегі «Мәңгілік ел» идеясы, Қазақстан халқы ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» туралы жобасы Қазақстан халқының біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамды әрі қарай жетілдіреді деп ойлаймын. Тек біз ғана емес, шетелдік білікті сарапшылардан да жоғары баға алуы бұл құжаттың мұқият жасалған сапалы стратегиялық бағдарлама екенін көрсетеді, - дейді ол.

«Ұлт жоспарының» бес институционалдық реформаны жүзеге асыруды көздейтіні хабарланған. Бұл жоспар 10-15 жылды қамтиды деп жобаланады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG