Accessibility links

Назарбаев ЕАЭО-дағы қиындық себебін атады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Сочидегі аймақаралық форумда. 16 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Сочидегі аймақаралық форумда. 16 қыркүйек 2015 жыл.

Ресейде өткен аймақаралық жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтағы күрделі жағдайды «сыртқы ықпалдан» деп түсіндірді.

Сәрсенбі күні Сочиде Қазақстан мен Ресейдің 12-аймақаралық ынтымақтастық форумында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) қазіргі кезде қалыптасып отырған жағдайды «сыртқы ықпал мен әлемдік тұрақсыздықтан» деп түсіндірген.

– Қазір ЕАЭО күрделі кезді бастан өткеруде, тауар айналымы 20-25 пайызға төмендеп кетті. Бірақ мәселе интеграцияға емес, сыртқы ықпалдарға, соның ішінде әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты болып отыр. Біз қиын кезеңді еңсеруге тиіспіз. Кез келген дағдарыстан соң өсім болады, сондықтан тың серпіліске дайындалуымыз керек, – деген Назарбаевтың сөзін келтірген Ақорда сайты.

Қазақстан президенті әлемдегі ең тұрақты валюта – азық-түлік екенін, ал Қазақстан мен Ресей «баға жетпес байлыққа – жалпы аумағы 435 миллион гектар ауқымды ауыл шаруашылығы жерлеріне ие» екенін айтқан.

– Қытай, Үндістан, Каспий маңы мен Орталық Азия елдерінің жиынтық импортының өзі ғана 170 миллиард АҚШ долларынан асады. Біздің елдеріміздің әлемдік азық-түлік нарығында жетекші рөлге ие болуы үшін қажетті әлеуеті бар, – деген Назарбаев.

Сонымен бірге ол қазіргі кезде [ЕАЭО-да] аграрлық саланың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанын да айтқан.

– Біздің елдерімізге сүт өндірісінің тек 6 пайызы, сиыр етінің 3 пайызы тиесілі. Еңбек өнімділігі Канада мен Қытайға қарағанда 8-10 есе төмен. Қазір жағымсыз экономикалық үрдістер елдеріміздің дамуына кері әсер етіп отыр, – деген Назарбаев.

ЕАЭО-ға мүше Қазақстан мен Ресейде аграрлық саладағы жұмыс әрқилы болып отырғанын айтқан Назарбаев бұл бағытта екі елдің арасында өндірістік кооперацияны кеңейтуге шақырған.

– Әркім өзі үшін жұмыс істейді. Дегенмен, біз бірыңғай еуразиялық экономикалық одақтамыз, ал кооперацияға жол жабық қалып отыр. Сондықтан да екі елдің ауыл шаруашылығы мекемелері өзара ынтымақтастықты кеңейтуі тиіс, - деген Қазақстан президенті.

Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы жеті айында ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11 миллиард доллардан 9 миллиард долларға дейін, яғни 22 пайызға азайған. ЕАЭО елдеріне Қазақстан экспорттаған тауар көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі миллиард 700 миллион долларға немесе 24 пайызға, ал импорт көлемі алты миллиард долларға немесе 19 пайызға кеміген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG