Accessibility links

Назарбаев президент өкілетін ұзартуға қарсы шықты


Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілетін ұзарту жөніндегі парламент ұсынысын қабылдамай, арнайы жарлыққа қол қойды. Бірақ, Қазақстан заңы бойынша, парламент Конституцияға тиісті өзгеріс енгізіп, оны президентке қол қоюға ұсына алады.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілетін 2020 жылға шейін ұзарту жөнінде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өткізу туралы ел парламентінің ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы жарлыққа Назарбаев қаңтардың 6-сы күні қол қойған.

Жұма күні ресми баспасөзде жарияланған жарлықта «Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 2-тармағының 3-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің бастамашылығымен жасалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің ұсынысы қабылданбасын. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген.

Қаңтардың 6-сы күні парламент Cенаты президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты Конституцияға өзгеріс енгізу туралы мәселені республикалық референдумға шығару жөнінде парламенттің ұсынысын президент қарауына жіберген болатын.

Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді жақтайтын бастамашы топ желтоқсанның 27-інен бастап ел азаматтарынан қол жинауға белсене кіріскен еді.

Бастамашы топ жетекшісі Ерлан Сыдықов қаңтардың 7-сі күні Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында бұл науқанды жалғастыра беретіндерін мәлімдеді.

– Бастамашы топ өз жоспарына сәйкес жұмыс істеп жатыр және референдум өткізуді қолдайтын азаматтардан қол жинауды қаңтардың 11-іне дейін бұрынғысынша белсенді түрде жалғастыра бермекпіз. Өйткені президенттің жарлығы бастамашы топқа емес, тек парламентке қатысты. Біз президент референдум өткізуді жақтап қол қойған жұрттың тілегін естиді, оларға қолдау танытады деп үміттенеміз. Қазіргі күні үш миллионнан астам қол жиналды, тағы бірнеше жүз мың қол тексеріліп жатыр. Яғни, біз қаңтардың 11-іне дейін төрт миллион шамасында қол жинап, 12-сі күні Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақпыз, – деді Ерлан Сыдықов жұма күні Азаттық радиосына.

Бұған дейін парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев егер президент референдум өткізуден бас тартқан жағдайда, Қазақстан заңы бойынша парламент президенттің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы Конституцияға өзгеріс енгізуге қатысты шешімді дербес қабылдай алатынын айтқан еді.

Былтыр маусым айында президент Нұрсұлтан Назарбаев өзіне «Елбасы» мәртебесін беру туралы заң жобасын қабылдаған парламент депутаттарының бастамасына рақмет айтып, оған қол қоюдан бас тартқан болатын. Ал бірақ президент ол заң жобасына вето қоймаған соң, арада аз уақыт өткенде, Қазақстан заңнамасына сәйкес сол заң күшіне енген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG