Accessibility links

Назарбаев «терроршылармен байланысы барларды» Түркияға беруге уәде етті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Фетхулла Гүленмен «террорлық байланысы» бар түркиялықтарды Қазақстан Отанына қайтарады деп мәлімдеді.

Тамыздың 5-і күні Түркияға сапармен келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі қазақ-түрік лицейлерінде Анкара мемлекеттік төңкеріс әрекетіне айыптаған діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар түркиялықтар болса, олар Түркияға қайтарылады деп мәлімдеді.

«Егер де ондай адамдар болатын болса, біз ол мұғалімдерді қайтарамыз, бірақ түрік тарапынан түрік тілін білу үшін басқа мұғалімдер сұраймыз» деді Назарбаев жұма күні Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоғанмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.

Ердоған Қазақстанда «Гүленмен байланысы бар 33 мектеп барын» мәлімдеп, Астананы оларға қатысты «нақты қадамдар» жасауға шақырған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл. Телеэкраннан скриншот.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл. Телеэкраннан скриншот.

Назарбаевтың айтуынша, кезінде Түркия президенті марқұм Тұрғыт Озал екеуі жасасқан келісім бойынша, екі елдің жастары тілдерді игеріп, бір-бірін жақын тартсын деген ниетпен құрылған Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері қазір мемлекеттен қаржыландырылады.

Қазіргі таңда төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде оқытатын осы мектептердегі ұстаздардың 90 пайызы - Қазақстан азаматтары, ал Түркиядан келетін мұғалімдер үлесі 8-9 пайыз ғана екенін айтқан Назарбаев аталған оқу мекемелеріне «білім беру сапасы өте жоғары» деген баға берген.

Түркияда 15 шілдеде іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетіне ресми Анкара АҚШ-та тұратын теолог Фетхулла Гүленді айыптайды. Гүлен төңкеріс әрекетіне өзінің қатысы жоғын айтып, ол айыптауларды жоққа шығарады. Бүліктен соң Түркияда «Гүленмен байланысы бар» деген күдікке ілінген ондаған адам – әскерилер, сот, полиция органдары қызметкерлері, оқытушылар қызметтен қуылған.

«Гүленді қолдаушылар жалғыз Түркияға ғана емес, өздері жұмыс істеп жатқан барлық елдер үшін қауіпті» деді Ердоған жұма күні Анкарадағы баспасөз мәслихатында.

Түркиядағы 15 шілдедегі мемлекеттік төңкеріс әрекетінен соң Анкара Орталық Азия елдері биліктеріне «гүленшіл» дейтін оқу орындарының қауіп төндіретіні туралы айта бастаған.

Шілденің 29-ы күні Астанадағы брифингте Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык «Гүлен қозғалысы мен оның бөлімшелеріне байланысты ұйымдар Қазақстанда да бар» екенін мәлімдеп, «олардың көтеріліс жасау қаупі барын» ескерткен. Бұдан соң Қазақстан білім және ғылым министрлігі елдегі қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеген.

25 шілдеде Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Ала Қырғызстанға ол елдің аумағында жұмыс істейтін түрік жеке меншік білім мекемелерінен төнетін «қауіп» туралы хат жолдаған.

Ресми Бішкек өз жауабында түркиялық әріптестердің дерегі «мұқият тексеріліп, қажет болса, тиісті шаралар қолданатынын» хабарлап, сонымен бірге, «мұның бәрі Қырғызстанның ішкі ісі деп санаймыз» деп мәлімдеген.

Фетхулла Гүлен Түркияда ықпалы жағынан президент Ердоғаннан кейінгі екінші адам саналады. Бір кезде одақтас болған екі тұлға кейін, Ердоған билікке келген соң, бір-бірімен араздасып қалған. Түркия билігі Гүленді тұтқындауға шешім шығарған. Президент Ердоған Гүленге қатысы бар бүкіл ұйым, мекемені жабуды мақсат етіп отыр. Гүлен болса өз қозғалысы бейбітшілік, білім тарату, ұстамды ислам және демократияны жақтайтынын айтады.

XS
SM
MD
LG