Accessibility links

Батыс баспасөзі Назарбаевты диктатор деп атай бастады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сара Назарбаевамен сайлау учаскесінің алдында тұр. Алматы, 3 сәуір 2011 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сара Назарбаевамен сайлау учаскесінің алдында тұр. Алматы, 3 сәуір 2011 жыл

Қазақстанда өткен президенттік сайлауда басым көпшіліктің қолдауына ие болып отырса да, болмашы бөтен ойға төзбейтін Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті деп жазады Батыс баспасөзі сәуірдің 4-і күнгі сандарында.


Сайлаудың бүгінгі алдын-ала қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысына ие болған. Кешегі өткен сайлаудың қорытындысы алдын-ала анықталып қойғаны сондайлық, тіпті онымен бәсекелес үміткердің бірі өз дауысын қазіргі президентке бергенін де айтып салды дейді Independent («Индепендент») басылымы.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ «ТӘУІРЛЕУ БАСШЫНЫҢ» ЖЕҢІСІ

Ұлыбританиялық газет Қазақстанда өткен президенттік сайлау туралы мақаласын «Қазақстандағы «сайлау» диктаторға тағы бір мәрте айқын жеңіс әпермек» деп атапты. Қазіргі президенттің тұсында бір де бір саясаткер өзін саяси ойыншы ретінде көрсете алмады. Осы себепті қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында егер президент аяқ астынан ауырып, я болмаса бір жағдайға ұшырайтын болса, онда билік үшін күрестің көкесі басталады деген қауіп бар дейді Independent.

Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды экономикалық өрлеу жылдары басқарғаны себепті батыстық бақылаушылардың оны Орталық Азияның «нашар басшыларының ішіндегі бетке ұстары» деп сипаттайтынын жазады Independent.

Тағы бір ұлыбританиялық Daily Telegraph («Дейли Телеграф») басылымы Қазақстанның әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ассоциациясы елдің 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларында өткізген сауалнама нәтижесін келтіреді. Оған дауыс берген сайлаушылардың 1,2 пайызы тартылыпты. Сұрау салу бойынша, қазіргі президентке сайлаушылардың 91,2 пайызы, ал қалған үш үміткерге 3 пайыздан азы дауыс берген.

СЫЙЛЫҚ ТАРАТЫП ӨТКЕН САЙЛАУ ДОДАСЫ

Daily Telegraph одан ары сайлау барысының қалай өткендігі жайлы жазады. Астанадағы сайлау учаскелерінде карнавалды көңіл-күй орнап, ән айтылып, дауыс беруге келген сайлаушыларға сыйлық беріліп, арзандатылған азық-түлік орындары ұйымдастырылған. Әрбір сайлау учаскесінде дауыс беруге келген алғашқы он сайлаушыға, сол күні туылған сайлаушыға, 18 жасқа толып, алғаш дауыс берген және жасы жетпіске келген сайлаушыға жеміс сыққыш, шаш құрғатқыш, кофе үккіш пен телефон сияқты сыйлықтар үлестірілген.

Жай күні келісі 800 теңгеден сатылатын шұжықтың бағасы сайлауда 500 теңгеге арзандапты. Ал қала тұрғыны: «Президент сайлауы болғандықтан, бүкіл қала бойынша тұрғындарға сыйлықтар таратылды, бұндай күн жылда қайталана бермейді ғой» деген қуанышын жасыра алмаған.

«Бізді осы күнге жеткізген Назарбаевқа дауыс беруіміз керек. Қазір жақсы өмір сүріп жатырмыз. Мүмкін болашақта оны өлімнен құтқаратын дәрі ойлап табылып, ол бізге мәңгі президент болып қалатын шығар» дейді студент Бота Қаныбекова шетелдік басылым тілшісіне.

Коммунистік партия мен тіркелмеген «Алға» партиясының сайлауға бойкот жариялауы электоратқа пәлендей әсер ете қоймағанын жазады Daily Telegraph. Сәуірдің 1-інде болып өткен сайлауалды наразылық акциясына тек 150 адам ғана қатысты. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты зейнеткерлікке кетіруге шақырған интернеттегі петицияға бар болғаны 584 адам қолдау білдірген.

Сайлауға түскен өзге үш үміткердің әлсіз болуы Назарбаевқа жеңіс сыйлайтындығы екі бастан күдік тудырмағандықтан, билік үшін бұл жолғы сайлауға сайлаушылардың 89.9 пайызының қатысқанын жария ету маңызды болған сияқты деп жазады америкалық New York Times («Нью-Йорк Таймз») газеті.

«НАЗАРБАЕВ ЕНДІ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАЙТЫН ШЫҒАР»

Асығыс өткізілген бұл жолғы сайлау кейде қазіргі президентке жанкүйер жинау науқаны сияқты сезіледі, мұны үміткер Мэлс Елеусізовтің отбасымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруі айқындай түседі деген пікір білдіреді басылым.

Бұған дейін халықаралық бақылаушылар мойындаған бір де бір еркін және әділ сайлау өткізбеген 70 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаевты өзінен өзгеше ойлайтындарды қысымға алады деп Батыс жиі сынайды. Соған қарамастан, Ұлттық Академиялық кітапханада дауыс беріп шыққан президент: «Аймақтарды аралауға және БАҚ-ты пайдалануға барлық үміткерлерге бірдей құқық берілді. Олар өз ойлары мен бағдарламаларын Қазақстан халқына жеткізе алды. Үміткерлердің кейбір ұсыныстарын ескеруге де болады. Біз қоғамға әрқашан ашық болып қаламыз» деді.

Ал АҚШ басылымы тілдескен 60 жастағы зейнеткер Людмила Ляпунова халық жұмысынан айырылып қалудан қорыққанынан дауыс беруге келетінін айтқан. Зейнет жасындағы өзіне қауіп жоғын айтқан ол сайлау үрдісін ашық түрде айыптамақ болып, бюллетендегі барлық үміткердің есімін сызып тастаған. Бұған дейінгі сайлауларда «барлығына қарсы дауыс беремін» деген жауап нұсқасы болған еді. Бірақ бұл сайлауда ол нұсқа алынып тасталған. Ал аты-жөнін толық айтпаған Қанат есімді құрылысшы New York Times тілшісіне: «Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бердім. Себебі ол отбасымен бірге 20 жыл бойына әбден байыды. Енді халықтың қамын ойлайтын шығар деген үмітім бар» депті.
XS
SM
MD
LG