Accessibility links

Назарбаев төртінші рет инаугурациясын өткізді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация кезінде ант беріп тұр. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация кезінде ант беріп тұр. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.

Жұма күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті инаугурациясын өткізді. Қазақстандағы бұл сайлаудың Беларусь еліндегі президент сайлауымен ұқсас тұстары да, өзгешеліктері де бар.


НАЗАРБАЕВ КЕЗЕКТІ РЕТ АНТ БЕРДІ

Сәуірдің 8-і күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында кезекті жаңа мерзімге сайланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурациясы өтті.

Президент Назарбаевтың сағат 10.45-те Ақордадан шығып, көлігіне мініп, Тәуелсіздік сарайына барып ант беруі рәсімін ұлттық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілді.

Назарбаев Тәуелсіздік сарайына кіріп, сахнаға шыққан соң Қазақстан Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов орыс тілінде: «Қазақстан Конституциясының 12-бабына сәйкес, Қазақстан президенті халыққа ел
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа ант берген соң мемлекеттік туды сүйді. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.
Конституциясы мен заңдарын қалтқысыз орындауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепіл болуға салтанатты түрде ант берген сәтінен бастап қызметіне кіріседі» деп хабарлады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сәуірдің 3-інде өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша сайлаушылардың 95,55 пайызының қолдауына ие болған Нұрсұлтан Назарбаевқа президент куәлігі мен төсбелгісін тапсырды.

Бұдан кейін Қазақстан халқына салтанатты түрде ант берген президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өз инаугурациясында сөйлеген сөзі, Астана, 8 сәуір 2011 жыл.


Ол жексенбіде өткен кезектен тыс президент сайлауына жоғары баға берді.

- Сарапшылар бұл сайлаудың ұйымдастыру, демократиялық сипаты жағынан қазіргі Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия тарихында ең үздік болды деп санайды, - деді Назарбаев.

Назарбаев осы жолғы сайлауда «тұңғыш рет «қара» пиар болмағанын» да айтып өтті.

- Ол [сайлау - Азаттық] қалыпты жағдайда өттті, қатты текетірес болған жоқ. Және бұл одан кейінгі барлық сайлау науқандарына үлгі болуы керек. Тек сонда ғана бізде шынайы демократия мен тиімді көппартиялық [жүйе - Азаттық] қалыптасады, - деді Қазақстан президенті.

Назарбаев парламенттің өкілеттігін кеңейту, үкіметтің жауапкершілігін көтеру және сайлау процесін жетілдіру қажеттігін айтты.

Бас-аяғы 23 минутқа созылған сөзінің көп бөлігін Назарбаев орыс тілінде айтып шықты.

Қазақстанды 20 жылдан аса басқарып отырған Назарбаев өмірінде осымен төртінші рет президенттік инаугурациясын өткізіп отыр.

ЕГІЗ ҚОЗЫДАЙ ИНАУГУРАЦИЯЛАР

Назарбаевтың инаугуруациясын бақылағандар оның осыдан екі айдан астам уақыт бұрын Минскіде өткен Беларусь президенті Александр Лукашенконың инаугурациясымен ұқсастығы барын - екі инаугурацияға да өзге мемлекет немесе үкімет басшыларынан ешкім қатыспағанын айтады.

Кейбір сарапшылар Қазақстанмен салыстыратын Беларусь мемлекетінде президент Александр Лукашенконың инаугурациясы 2011 жылы қаңтардың 21-і өткен еді. Беларусь Орталық сайлау комиссиясы 2010 жылы желтоқсанның 19-ында өткен президент сайлауында Александр Лукашенкоға
Беларусь президенті Александр Лукашенко инаугурация кезінде ант беріп тұр. Минск, 21 қаңтар 2010 жыл.
сайлаушылардың 80 пайыздан астамы дауыс бергенін хабарлады.

Беларусь оппозициясы сайлауды жаппай бұрмалаушылықтар болғанын мәлімдеп, билікті айыптады. Дауыс беру барысын қадағалаған тәуелсіз бақылаушылар елдің барлық аймағында дауыс санау кезінде сайлау бюллетеньдерін алмастыру мен бұрмалауға жол берілгенін атап көрсетті. Оппозиция дауыс санауға қатыстырылмады, мемлекеттік телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бере алмады.

Беларусь оппозициясы сайлаушыларды дауыс беруге бес күн қалғанда мерзімінен бұрын дауыс беруге мәжбүрлеу ісі сайлау нәтижесін оңай бұрмалауға мүмкіндік жасаған дейді. Сайлаушылардың 23 пайызы осылай дауыс берген.

Батыс елдері Беларусьтегі бұл сайлауды да (бұған дейін 16 жыл бойы өткізіліп келген сайлау науқандары сияқты) демократиялық талаптарға сай емес деп таныды.

САЯСИ БӘСЕКЕЛЕСТЕРДІ САБАУ

Президенттікке оппозициядан кандидат болып түскен Андрей Санников, Владимир Некляев, Ярослав Романчук, Николай Статкевич, Виталий Рымашевский және Рыгор Костусев елді алдап-арбау мен бұрмалаушылықтарға қарсылық танытып, еркін және демократиялық болашақ үшін күресуге шақырды. Билік кең көлемді наразылық жиындары мен акцияларына шыққан Беларусь тұрғындарына қарсы күш қолданып, оларды ұстап қамады. Тұтқындалғандарың арасында журналистер мен президенттікке кандидаттар да болды.

Сағат 20.00-де дауыс беру аяқталып, сайлау учаскелері жабылысымен халық алаңға шықты.

Минскідегі Тәуелсіздік алаңы мен Октябрь алаңында өткен наразылық акциясына мыңдаған адам (кейбір мәліметтер бойынша 40 мыңнан 100 мың адамға дейін) қатысқан. Лукашенкосыз еркін сайлау өткізу үшін халықтық қозғалыс құру туралы мәлімдеме жасалды. Шеруге шыққандардың кейбірі Үкімет үйіне кіруге әрекет жасады.

Құқық органдарының арнайы жасағы мен шеруге шыққан жұрт арасында қақтығыс болып, ондаған адам, солардың арасында президентікке кандидаттардың кейбіреуі соққыға жығылды.

Дауыс беру нәтижелерін бұрмалауға наразылық білдіріп Үкімет үйі алдындағы алаңға шыққан мыңдаған адамды қатыгездікпен ұрып-соғып
Беларусь президенттігіне бұрынғы кандидат Владимир Некляев кеңсесінің жанында милицияның арнайы жасағының соққысына тап болды. Минск, 19 желтоқсан 2010 жыл.
тарқатқан полицияның арнайы жасағы президенттікке кандидаттардың арасындағы ең танымалы – Беларусь оппозициясынан сайлауға түскен Андрей Санниковты соққыға жықты.

Серіктері жарақат алған Андрей Санниковты ауруханаға жеткізу үшін автокөлікке мінгізген еді, бірақ көлікті тоқтатқан арнайы жасақ оны алып шығып, тағы да ұрып-соғып, басқа жаққа алып кетті. Оның зайыбы, Беларусьтегі танымал журналист Ирина Халипті де басқа көлікке күштеп мінгізіп, басын әйнекке соғып, күш көрсетті.

Милиция жасағы Октябрь алаңына дыбыс күшейткіш құрал-жабдық апармақ болған тағы бір оппозициялық кандидат Владимир Некляевті кеңсесінің жанында есінен танғанша ұрып-соққан. Сонымен бірге осы жерде өздері куә болған оқиғаны жазып алмақ болған журналистерді де сабап, олардың аспап-құралдарын сындырып тастаған, фото және видеокамераларын алып кеткен.

Жалпы бұл күні президент Александр Лукашенконың тоғыз бәсекелесінің жетеуі ұсталған.

БАТЬКАҒА ЖАРИЯЛАНҒАН БОЙКОТ

Беларусь президентінің бұл іс-әрекетін сынға алған әлемдік қауымдастық оның инаугурациясына бойкот жариялады. Лукашенконың инаугурациясына Еуропа одағы елдерінің Беларусь мемлекетіндегі елшілері де келген жоқ – олар адам құқықтары жөніндегі конференцияға қатысуға Литваға сапармен барды.

Еуропарламент Беларусьқа қатысты санкцияларды дереу енгізуге шақырып, арнайы қарар қабылдады. Бұндай шаралар қолдану туралы АҚШ та мәлімдеді.

Еуропарламент қабылдаған қарарда Беларусьте президенттік сайлаудың еркін, әділ әрі ашық дауыс беру талаптарына сай болмағаны, елді демократияландыру мүмкіндіктерін уыстан шығарып алғаны айтылған. Мемлекеттің жоғары билігін оппозицияны жаппай қудалап отыр деп айыптаған.

ҚАЗАҚ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ҮНІ

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы жеңісімен құттықтаулар алып жатқан үшінші күні қазақ оппозициясы кезектен тыс сайлауға дауыс беру кезінде бұрмалаушылықтарға жол берілгені туралы мәлімдеме жасады.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сәуірдің 3-і күні
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл.
байқалған кемшіліктер туралы хабарлады.

Оппозициялық тағы бір саяси ұйым – тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов сәуірдің 6-сында Алматыда өткізген баспасөз-мәслихатында «Халық билігі» блогы «құқық бұзу оқиғалары рекордтық көрсеткішке жеткен бұл сайлау әділетсіз, бұрмалаушылықпен өткізілгендіктен оны заңсыз деп санайтынын» мәлімдеді.

«Алға» партиясы бұл сайлаудағы құқық бұзушылықтар туралы кең көлемді есебін сәуірдің 8-і күні, президент Назарбаевтың инаугурациясынан кейін екі сағаттан соң Алматыда жарияламақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG