Accessibility links

Назарбаев: Қазақстан қоғамы көппартиялы парламентке мұқтаж


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Назарбаев Қазақстан қоғамы көппартиялы парламентке мұқтаж болып отырғанын алға тартып, мәжілісті тарату туралы ұсыныс бойынша тиісті жарлық жобасын қарастыратынын айтты. Палата спикерлері мен премьер-министр елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы ұсынысқа қолдау білдірді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 15-і күні парламент сенатының төрағасы Қайрат Мәми, парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов және премьер-министр Кәрім Мәсімовпен мәжілісті тарату жөніндегі ұсынысқа қатысты кеңес өткізді. Бұл туралы ақпарат сейсенбі күні түстен кейін Ақорда сайтында жарияланды.

Премьер-министр мен парламент палаталарының төрағалары мәжілісті таратып, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы бұған дейін мәжілістің бір топ депутаты жасаған ұсынысқа қолдау білдірген.

Президент Назарбаев депутаттардың мәжілісті тарату туралы бастамасы бірнеше факторға негізделіп отырғанын атап айтқан. Біріншіден, Қазақстан конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәжілісте кемінде екі саяси партия өкілдері болуы тиіс. Екіншіден, Қазақстан 2008-2009 жылдары күрделі әлемдік дағдарысты өткеріп, одан енді шығып келе жатқан шақта, әлемдік экономика өте құбылмалы жағдайды бастан кешіп отыр дейді президент.

– Біз Еуропада не болып жатқанын, үлкен жиырмалықтың кездесуінде қандай мәселелер талқыланғанын бақылап отырмыз. Экономика тұрақтанып келе жатыр деп айтуға келмейді. Еуропа одағындағы оқиғалар бізге тікелей әсер етеді. Еуропа мемлекеттері – Қазақстанның маңызды әріптестері ғана емес, сонымен бірге инвесторларымыз және біздің тауарларымызды тұтынатын нарық. Біз жағдайдың әрқилы өрбуіне дайындалып жатырмыз. Өткен дағдарыстан абыроймен шықтық. Қазақстан дағдарысты еңсерудің үздік бағдарламаларының бірін жүзеге асырды, – деді Қазақстан президенті.

Сонымен бірге Назарбаев өткен әлемдік дағдарыс кезінде мәжілістің «маңызды шешімдерді заңның сапасына нұқсан келтірмей шұғыл қабылдағанын» айта келе, қоғамның көппартиялы мәжіліске мұқтаж болып отырғанын атап көрсеткен.

Жаңарған парламент елдегі ауқымды модернизация үшін қажет деген Назарбаев, егер келесі дағдарыс бола қалған жағдайда сайлау өткізу ел басшылығының, үкімет пен аймақтардың жұмысын қиындататындығын айтқан.

– Сіздердің бұл мәселе бойынша ұстанымдарыңызды ескере отырып, мен мәжілісті тарату және сайлау өткізу туралы тиісті жарлық жобасын қарастырамын, – деген президент Назарбаев.

Кездесуге президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин де қатысты деп хабарлайды Ақорда сайты.

Бұның алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламенттің қос палатасының төрағалары және үкімет жетекшісімен мәжілісті тарату жөніндегі ұсынысқа қатысты кеңес өткізгені туралы ақпарат қарашаның 15-і күні премьер-министр Кәрім Мәсімовтің twitter-блогында жарияланған еді.

Сол күні «Қазақстан жаңалықтары» агенттігіне берген сұқбатында президент Назарбаевтың кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа Назарбаев сейсенбі күні қол қоюы мүмкін деген пікір білдірді.

Өткен бейсенбіде Астанада Қазақстан парламенті мәжілісінің 53 депутаты атынан мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды таратып, елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді сұрап президент Назарбаевқа жазылған үндеуді мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов жария еткен еді.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, ел президенті парламент палаталарының спикерлері және үкімет жетекшісімен кеңескен соң, мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын жаңа сайлау өткізу туралы шешім қабылдай алады.

Қазақстан Конституциясы бойынша, парламенттің кезектен тыс сайлауы мәжiлiстiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi ай iшiнде өткiзiлуi тиіс.

Қазір тек жалғыз саяси партия – «Нұр Отан» мүшелерінен құралған Қазақстан парламентінің мәжілісі 2007 жылы тамыздың 18-і күні бес жыл мерзімге сайланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG