Accessibility links

Бірыңғай зейнетақы қоры идеясы әрқилы бағаланды


Жинақтаушы зейнетақы қорының жарнамасына қарап тұрған қарт. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.

Жинақтаушы зейнетақы қорының жарнамасына қарап тұрған қарт. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.

Қазақстан президенті Назарбаев мемлекеттік бірыңғай зейнетақы қорын құруды ұсынды. Бұл бастаманы сынаушылар «20 миллиард доллардан астам қаражатты шенеуніктер қолына ұстату - қауіпті» дейді.

Еңбек жолын енді ғана бастаған алматылық Юлия Благинина зейнетақы қорын таңдауы тиіс.

Бойжеткеннің айтуынша, зейнетақысын бір қорға сеніп тапсырмас бұрын оны жинайтын қорлар туралы ақпаратпен танысып, интернеттегі толып жатқан пікірлерді оқып шыққан.

- Қорлардың кірісіне, актив көлеміне, салымшыларының санына, яғни жұртқа жария ресми деректерді қарап шығып, көп ойландым. Туыстарыммен, таныстарыммен кеңесіп, интернет бетіндегі осы тақырыптағы түрлі форумдарға кіріп, ондағы пікірлерді оқыдым. Қысқасы, бейресми ақпаратты ақтарып шықтым. Қай қормен келісім жасасам да кірісі жоғары, сенімді қор болса деймін. Барлық жағынан мінсіз қорды таппағандықтан, өзіме біршама тұрақтылау көрінген қорды таңдадым, - дейді Юлия Благинина.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының (ЖЗҚ) бірін таңдаған бойжеткен «барлық қорларды бірыңғай жинақтау қорына біріктіріп, мемлекет басқаруы мүмкін» дегенді естігенде қайран қалғанын айтады.

- Қорды таңдаған кезде мен егер көңілімнен шықпаса, ақшамды басқа қорға ауыстыра алатынымды білгенмін. Егер енді бір қор құрылса, амал жоқ, қандай кіріс болса да көнесің. Бірақ зейнетақы жүйесін реформалаудың қандай нәтиже беретінін іс жүзінде ешкім білмейтін сияқты, - дейді Юлия Благинина.

НАЗАРБАЕВТЫҢ БҰЙРЫҒЫ - КҮТПЕГЕН ЖАҢАЛЫҚ

Зейнетақы жүйесіндегі түбегейлі өзгерістердің ауқымы әлі белгіленген жоқ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құрудың механизмдері де әзірше белгісіз.

Жеке меншік жинақтаушы зейнетақы қорына келген зейнеткер ақпараттық тақтаның қасынан өтіп барады. Алматы, 24 қаңтар 2013 жыл.

Жеке меншік жинақтаушы зейнетақы қорына келген зейнеткер ақпараттық тақтаның қасынан өтіп барады. Алматы, 24 қаңтар 2013 жыл.

Үкіметтің 2013 жылы қаңтардың 23-і күні өткен кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, «ұлттық банк басқаратын мұндай қор азаматтардың жинақ ақшасын тиімді әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді».

«Капитал» ЖЗҚ-ның басқарма төрайымының орынбасары Светлана Хайруллинаның айтуынша, «Назарбаевтың ұсынысы күтпеген жаңалық болған».

- Зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды ойластыру тобының құрамында біз де болдық. Бірақ біз мұндай шешім қабылданады, оның үстіне аяқ астынан қабылданады деп ойлаған жоқпыз. Біздер - нарықта жұмыс істейтін қорлар бәсекелестікті салымшының сапалы қызметке қол жеткізуіне көмектесетін қажеттілік деп есептейміз. Инвестициялық көрсеткіштері мен мен қызмет сапасы жағынын қорлардың арасында айырмашылықтар бар. Сондықтан, барлық қорды бірдей деуге болмайды. Салымшылардың бір қордан екінші қорға өтіп жатуы кездейсоқ емес қой. Бұл - әркімнің таңдау еркі, оны құрметтеуге тиіспіз, - дейді Светлана Хайруллина.

«Астана» ЖЗҚ сайтында «қаржы жүйесінде ірі монополистің» пайда болуын «кері кету» деп бағалаған.

Бірқатар ірі жинақтаушы зейнетақы қорларының мамандары барлық қорларды мемлекеттің қол астына біріктіру ұсынысы туралы әзірге пікір білдірген жоқ.

«Халық банкі» ЖЗҚ баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің сауалына «Қор басшылығы бұл мәселе жөніндегі пікірін ұлттық банктің көзқарасы айқындалған соң ғана айтады» деп хабарлады.

Өткен аптаның аяғында мемлекеттік арналардың бірінде сұхбат берген ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко «бірыңғай ЖЗҚ құрудан салымшылардың ақшасына қауіп жоқ» дегенді жалпылама айтып өтті.
Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.

Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.


- Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтаушы қорларды біріктіру жөнінде тапсырма бергенін білесіздер. Президенттің тапсырмасы бәрібір орындалады. Түптеп келгенде, бұл арада бәлендей ештеңе өзгере қоймайды. Адамдардың есепшоттары да, онда жиналған ақшасы да өздерінде қалады, - деді Григорий Марченко.

Қаңтардың 25-і күні Азаттық тілшісі ұлттық банк төрағасының атына алдағы реформаның қыр-сыры мен оны іске асыру тетіктері жөнінде түсінік беруді өтініп, сауал жолдаған болатын.

Материал жарияланған сәтке дейін редакцияға Григорий Марченкодан жауап түспеді.

ЫҚТИМАЛ СЕБЕПТЕР МЕН САЛДАРЛАР

Зейнетақы жүйесін реформалау мен онда қордаланған мәселелерді шешу қажеттігі Қазақстанда соңғы жылдары аз айтылып жүрген жоқ.

Жергілікті баспасөзде ЖЗҚ кірісі инфляция деңгейін де жаппайтыны, демек салымшылардың ақшаларын сақтауды талапқа сай қамтамасыз етпейтіні жиі талқыланды.

Зейнетақы қорларының топ-менеджерлері өздеріне үлкен жалақы тағайындап, әкімшілік шығындардың мөлшерін асырып жіберетіні және өздеріне сеніп тапсырылған қаржыны тиімді басқара алмайтыны да айтылып жүр.

Халықтың белгілі бір бөлігінің зейнетақы салымдарын аудармайтыны - сарапшылар мен журналистер жиі назар аударатын тағы бір проблема.

Билік зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысты сыннан кейін зейнетақы жүйесін жетілдіру тетіктерін жасау жөніндегі арнайы жұмыс тобын құруға мәжбүр болды. Топ мүшелері 2011 жылы жұмысқа кірісті. Светлана Хайруллинаның айтуынша, топ мүшелері қорларда шоғырланған ақшаны нақты экономиканың мұқтаждықтары мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалану туралы ұсыныстар жасаған.

- Қызығушылық тудыратын және тиімді жобалардың жоқтығы қазір ең басты проблема болып отыр. Пайда әкелетін құнды қағаздарды бізге ұсынбайды, салған ақшамызды уақытында қайтарып алатынымызға сенімді емеспіз. Бұл - ЖЗҚ-ының ғана емес, бүкіл қор нарығы мен қаржы секторының проблемасы. Өз басым құрылатын бірыңғай қор да бұл проблемаларды табан астында шешіп тастайды деп ойламаймын, - дейді «Капитал» ЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары.

Айдар Әлібаев, Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы, «Ұлы Дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайында. Алматы, 15 қазан 2011 ж.

Айдар Әлібаев, Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы, «Ұлы Дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайында. Алматы, 15 қазан 2011 ж.

Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев та бірыңғай зейнетақы қоры көп табысқа кенелте қояды дегенге сенбейді.

- Бұл қор да қазір жеке меншік қорлар жұмыс істейтін биржада жұмыс істеп, сол құралдарды пайдаланатын болады. Оның жоғары кіріс алатын жері жоқ, - дейді Айдар Әлібаев.

Айдар Әлібаевтың пікірінше, ЖЗҚ-ларды біріктіруден жалғыз пайда – әкімшілік шығындар қысқарады. Оның пайымдауынша, мәселенің бұл пайдалы қырынан басқа толып жатқан тиімсіз салдары болады.

ЖЗҚ қауымдастығы төрағасы «мемлекеттік монополист қор құрып, оның қолына 20 миллиард доллардан астам қаржыны ұстата салу - түрлі қауіптерге қарамастан, тәуекелге бел буу» деп есептейді.

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ШЕНЕУНІК

Ulagat business group консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленов те зейнетақы қорларын бір жерге шоғырландырған жағдайда түрлі қауіптің көбейетіні туралы болжам жасайды.

Мемлекет басқаратын бірыңғай ЖЗҚ құру идеясына күмәнмен қарайтын экономист мұнайдан түскен долларды уысында ұстап отырған ұлттық қордың қызметін мысалға келтіреді.

- Мемлекеттің ұлттық қорды қалай басқарып отырғанын бәріміз көріп отырмыз. Біріншіден, ашық емес, екіншіден, кірісі инфляция деңгейінен де төмен. ЖЗҚ қаржысы осылай басқарылғанын кім қалайды, - дейді Марат Қайырленов.

Бірыңғай зейнетақы қорын қалыптастыру бастамасын «мемлекеттік капитализм саясатын жалғастыру» деп атаған финансист:

- Менің ойымша, зейнетақы жүйесін шенеуніктерден аулақ ұстаған жөн, - деген пікір айтты.

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, «Ракурс» экономикалық сараптама орталығының директоры Ораз Жандосов «ЖЗҚ қаржысын мемлекеттік ұйымның қолына өткізу - Ораз Жандосов.

Ораз Жандосов.

дұрыс қадам» деп есептейді.

- Бұл жерде әңгіме біздің зейнетақыға деп жинаған ақшамызды мемлекеттің басқаруы туралы болып отыр. Яғни зейнетақы жинақтаушы қорлары соңғы 15 жыл бойы айналысқан шаруаны енді мемлекет өз қолына алмақ. Менің ойымша, жеке меншік қорлар біздің зейнетақы жарналарымызды дұрыс басқара алмады, ақиқатында нашар басқарды, - дейді ол.

Ораз Жандосовтың пайымдауынша, «Жаңа құрылымның тиімділігі көптеген факторларға, атап айтқанда, оның қаншалықты ашық және жария басқарылатынына, қандай жобаларға салынатынына тәуелді».

Қазақстанның әр азаматтың өз зейнетақысын өзі жинайтын жүйеден бас тартпайтынын айтқан Жандосов:
Көптеген ЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға лицензия алып, кез-келген ақша активтерін басқару құқығына ие болды. Енді нарық жағдайында жұмыс істеп көрсін.

- Қазір әңгіме бірыңғай мемлекеттік басқарушы компания жайында болып отыр. Яғни бұл мемлекеттік қор пайда болған сәттен бастап жеке меншік зейнетақы қорлары өз қызметін тоқтатады деген сөз емес. Олар енді осыдан 15 жыл бұрын айналысуы тиіс болған шаруамен – ерікті зейнетақы жарналарын тартумен айналысатын болады. Ерікті жарна тартуға берілетін салықтық жеңілдіктер сонау 1997 жылдың өзінде қарастырылған. Бірақ ЖЗҚ қорларына міндетті жарналар ағыны еш қиындықсыз түсіп отырғандықтан, олар ерікті жарналарды іздеп қиналған жоқ. Көптеген ЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға лицензия алып, кез-келген ақша активтерін басқару құқығына ие болды. Енді нарық жағдайында жұмыс істеп көрсін. Бұған дейін жұрт айлығының міндеттелген 10 пайызын аударып, ал олар үлкен жалақы алып, бірақ кіріс бермей келді, - дейді.

«Жеке меншік жинақ қорларын мемлекеттік компанияның басқару тәжірибесі басқа елдерде де бар» екенін айтқан Ораз Жандосов Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерін мысалға келтірді. Ол елдерде міндетті зейнетақы жарнасы туралы заң нормалары енгізілгеннен бері бұл қаржыны мемлекет басқарады.

Қазақстандағы зейнетақы қорларының тиімсіз жұмысы туралы Азаттық та осы уақытқа дейін жазып келеді. Экономикалық шолушымыз Дерия Атабаевтың өткен жылдың желтоқсан айында шыққан «Жұмыс істейтіндердің жартысы зейнетақы жинамайды» деген мақаласында сарапшылар «қазір жұмыс істейтін қазақстандықтардың шамамен жартысына жуығы зейнетақысыз қалуы мүмкін» деген болжам айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG