Accessibility links

Австриядан соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін түстен кейін ресми сапармен Чехияға келді.

Прагаға келуден бір күн бұрын Венада шетелдік ақпарат құрал өкілдеріне Жаңаөзен туралы сауалдарға жауап берген Қазақстан президентіне бұл жолы журналистер сұрақ қоя алмады.

Азаттық тілшісі мұның себебін сұраған кезде Чехия президентінің баспасөз қызметінің өкілі: "Бұл президенттің мемлекеттік ресми сапары емес. Тек ресми жұмыс сапары ғана. Сондықтан журналистердің сұрақтарына жауап беруге уақыты жоқ" деп түсіндірді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия президенті Вацлав Клаус. 23 қазан, 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия президенті Вацлав Клаус. 23 қазан, 2012 жыл

Назарбаевпен бірге Прагаға келген қазақстандық делегация құрамында сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, "Самұрық-Қазына" қорының төрағасы Өмірзақ Шүкеев, мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және тағы бірқатар шенеуніктер болды.

Ресми деректерге сүйенсек, бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері президенттің Чехияға жасаған алғашқы ресми сапары.

Чех президенті Вацлав Клауспен екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы ресми келісімдерге қол қойғасын Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы дағдарысқа тоқтала кетті. Ол Қазақстан экономикасының "тұрақты түрде дамып келе жатқанын", "елде мемлекеттік бағдарламалардың сәтті орындалып" жатқанын тағы бір баян етті.

- Еуропада қаржы дағдарысы болып, жұмыс орындары жабылып жатқанда Қазақстанда жұмыс орындары ашылып жатыр, - деді президент Назарбаев.

Дәл осыдан бір күн бұрын Венада болған кезде президент ақпарат құрал өкілдерімен де кездесіп, онда Жаңаөзен мәселесі де қозғалған еді.

Президент Назарбаев Еуропада ресми сапармен жүрген кезде қазанның 23-і Алматыда жергілікті оппозиция өкілдері жиналып, Жаңаөзен оқиғасында "адамдарға оқ атуға бұйрық берген" жоғары билікті айыптап мәлімдеме жасады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG