Accessibility links

Қолдан құрылатын оппозиция кімнің мүддесіне жұмыс істейді?


Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
Жуырда президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев алдағы сайлаудан кейін Қазақстанда жаңа сипаттағы оппозициялық партия құрылатындығын жеткізді.

Еліміздегі «демократиялық» принциптерге лайықталып жасалды деп өзгертулер енгізілген заңнамалар бойынша келесі парламент сайлауында заң шығарушы органға кемінде екі партия өтуі тиіс. Стратегиялық шешімдердің өзін қас-қағым сәтте асығыс-үсігіс қабылдай салғанға қазақ истеблишментінің еті үйреніп кеткелі қашан. Ал парламент сайлауы болса - қыр астында.

Президент кеңесшісінің айтуынша, қолдан жасалатын қуатты партияның құрамына кәсіпкерлер, орта тап өкілдері кіретін көрінеді. Әлбетте ол партияның тізгіні әлдебір «әртіске» тапсырылары сөзсіз. Яғни көзбояушылық қоюлана түспек. Осы ретте бір-екі мысал келтіре кетейік.

Балама күшті қолдан жасаудың екі түрлі жолы бар. Бірі – ивуарлық, екіншісі – ресейлік. Алдымен Кот д’Ивуар тәжірибесін айтайық. Осыдан жарты ғасыр бұрын Африкадағы өзге де мемлекеттер сияқты Кот д’Ивуар да Франциядан тәуелсіздігін алды. Сол кезде құрылған демократиялық партия төрағасы Уфуэ-Буаньи елдің баламасыз президенті болып сайланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көршілес елдермен салыстырғанда Уфуэ-Буаньидің ауыз толтырып айтатындай жетістіктері аз болмапты. Қара құрылықтағы өзге мемлекеттердегі тұрақсыздықтарды тілге тиек етіп, елдегі жетістіктер туралы айтқаннан жағы талмапты.

Африканың батысында орналасқан Піл сүйегі жағалауы елінің экономикасындағы кірістің негізгі бөлігін какао құраған. Жиырма жыл какаоны азық қылған ивуарлықтар құр шөппен ауыз сүртіп, өндірісін де қарық қылған жоқ. Ал 80-жылдары әлемде какаоға сұраныс төмендеп кеткен тұста бұл елдің күні белгілі болып қалды. 1982-1983 жылдары мемлекет қатты қиналып, халқы титықтап кетті. Тіпті ішкі жалпы өнімінің өсімімен мақтанған батыс Африка елінің экономикалық көрсеткіштері тым төмендеп кеткені сонша, «Қара құрлықтағы» рейтингте Нигериядан ғана жоғары сатыға тұрақтады.

Дәл осы кезде билік тізгінін жиырма жыл уысында ұстаған Уфуэ-Буаньиге қоғам тарапынан наразылық күшейеді. Жиырма жыл бір партия билеп-төстеген елде осылайша саяси дағдарыс туды. Халық алдында сүйкімі кете бастаған тұңғыш президент саяси қитұрқылыққа барады. Өзі басқаратын демократиялық (халықтық емес) партияға балама партия құрғызады. Осылайша ойыншық оппозициямен арпалысқан болып, билік тізгінін уысынан шығармады. Сырт көзге пікір алуандылығы қалыптасқан, демократиялық мемлекет болып көрінгенмен, іштен іри бастайды. Алты бірдей сайлауда алдына жан салмаған Феликс Уфуэ-Буаньи бас-аяғы 33 жыл тақта отырды. Одан кейін үш президент билікке келді. Алайда жағдай әлі де оңалмаған. Өйткені жымысқы күш билікке тамырын жайып алған.

Кот д’Ивуардың қазіргі ахуалына байланысты деректер:

• Халық саны – 21,1 миллион (өткен жылғы статистикадан алынды)
• Жалпы ішкі өнімі адам басына шаққанда – 1700 АҚШ доллары
• Туу көрсеткіші 1000 адамға 32 баладан келеді. Ал ана өлімі 1000 адамға 66 адамнан келеді.
• Адамдардың өмір сүру жасы: ер адамдарда 55 жас, әйелдерде 57 жас.
• Халықтың 4 пайызы СПИД-ке шалдыққан.
• Құлдық санадан құтылмаған ивуарлықтар француз тілін мемлекеттік тіл деп таниды. Жергілікті диула тілінде сөйлейтіндердің қатары уақыт өткен сайын таздың шашындай селдіреп барады.

Бұл бір ғана мысал. Шындығы сол, кезінде қолдан саяси күш қалыптастырып халықты жарты ғасыр алдаған мемлекеттің қазіргі жағдайы осындай аянышты.

Оппозицияны қолдан жасаудың екінші жағы да бар. Мысалы Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің бұл тұрғыдағы әдісі көңілге қонарлық. Айналып келгенде билігі де, квазиоппозициясы да орыстың мүддесін қорғайды. Жириновскийдің әрбір сөзінан орыстың озық шыққанын қалайтынын аңғарасыз. Скинхедтер мен «Наши» жастар қозғалысы да жоғарыдан құрылмаса, баяғыда тым-тырақай болатын еді. Ресейдің тәжірибесі қолданылса - құба-құп. Себебі бізде халықтың жағдайын түсінетін, сезінетін жас та жігерлі азаматтар жоқ емес. Әй, бірақ қайдам...

Сонымен бізде осы екі тәжірибенің қайсысы қолға алынбақ?
XS
SM
MD
LG