Accessibility links

Жеңімпазы айқын сайлаудың үгіт науқаны


Нұрсұлтан Назарбаевтың үгіт-насихат плакаттары жапсырылған тақта. Алматы қаласы, Әуезов ауданы, 28 наурыз 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үгіт-насихат плакаттары жапсырылған тақта. Алматы қаласы, Әуезов ауданы, 28 наурыз 2015 жыл.

Сайлауалды үгітке келгенде үш кандидаттың екеуі бәсекелестің көлеңкесінде қалып қойды. Сайлаушыға «әркімнің дауысы маңызды» екенді жиі айтыла бастады.

Алматы қаласының Алатау ауданында жүргізуші болып жұмыс істейтін Бақытжан Әділғазиев өзін саясатпен шаруасы жоқ адам санатына жатқызады. Алдағы сәуір айында өтетін Қазақстан президенті сайлауы туралы аздап хабары бар. Бірақ, өзі сияқты қарапайым адамдар сайлауға қатысып, дауыс бермесе де қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп шығатынына сенімді.

– Өйткені барлығы жоғарыдан шешіліп қойған. Назарбаевпен бәсекелесуге мүмкіндігі бар адамдар сайлауға түспеді, - дейді ол.

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны – 1981 жылы туған Тілек Ауданбаев та сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңетініне күмән келтірмейді. Өзі ес білгелі басқа президент көрмеген сайлаушы биліктегі адамның бұрынғысынша отыра бергеніне де қарсы емес.

Бақытжан Әділғазиев те, Тілек Ауданбаев та Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа Қазақстан президенттігіне кандидаттар туралы еш хабары жоқтығын айтты.

ҮГІТ НАУҚАНЫ

Қазақстанда наурыздың 26-сынан президенттікке кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Бірақ, қай кандидаттың үгіт-насихаты көбірек екенін қала көшелеріндегі билбордтарға қарап аңғаруға болады. Алматыдағы ірі көшелердің бірі – әл-Фараби даңғылы бойындағы көрнекті тұстарда Қазақстан президенттігіне кандидат әрі қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен суреті бар ондаған билборд ілінген. Таяуда ілінгендерінде «Елбасымен бірге жаңа жеңістерге» деген жазуға қарап, сайлау алдындағы үгіт-насихат екенін аңғаруға болады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тұңғыш президент саябағындағы» ескерткішін полиция дербес күзетеді. Алматы. Қараша, 2014 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тұңғыш президент саябағындағы» ескерткішін полиция дербес күзетеді. Алматы. Қараша, 2014 жыл.

1991 жылдан бері билік басында отырған Назарбаевтың суреті қала тұрғындарына таңсық емес. Осы әл-Фараби даңғылының бойындағы «Тұңғыш президент саябағында» бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған ескерткіш те бар.

Қазақстанның танымал белсенді жастары мен шығармашылық адамдарының Назарбаевты қолдауға шақырған сөздері жазылып, Назарбаевтың суреті түсірілген плакаттар көрнекі мәдени орындардың маңында ғана емес, қаладағы түрлі базарлардың дүңгіршектеріне дейін жапсырылған.

Қазақстан президенті сайлауалды үгіт-насихат шараларын наурыздың 27-сі күні Қазақстанның тұрғын саны ең көп аймағы – Оңтүстік Қазақстан облысынан бастаған. Соңы театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарламаға ұласқан, қолдарына Қазақстанның көгілдір туы мен көгілдір жалауша ұстаған халықпен кездесуін облыстық, республикалық ақпарат құралдары жаппай көрсетті. Осыған ұқсас көрініс ертеңіне Жамбыл облысында да жалғасып, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата «Біздің таңдауымыз - тұрақтылық» дейтін теңеулер баспасөз арқылы бүкіл елге тарады.

Қазақстан президенттігіне ҚКХП атынан түскен кандидат Тұрғын Сыздықов (оң жақта) пен депутат Владислав Косарев. Aстана. 26 наурыз, 2015 жыл.

Қазақстан президенттігіне ҚКХП атынан түскен кандидат Тұрғын Сыздықов (оң жақта) пен депутат Владислав Косарев. Aстана. 26 наурыз, 2015 жыл.

Азаттық тілшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың екі бәсекелесі Тұрғын Сыздықов пен Әбілғазы Құсайыновтың суреттерін Алматы қаласының көрнекті орындарынан кездестірмеді. Тіпті, әдетте билікке қарсылық акцияларын өткізуге рұқсат беретін қалтарыстағы орындарда да жоқ. Бірақ екеуінің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының барысы мемлекеттік телеарналардан толық көрсетіліп жатыр.

Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Алматыдағы белсенді өкілдері сайлау алдындағы үгіт-насихат қалай жүріп жатқаны жөнінде Азаттық тілшісі сауалына жауап беруге құлық танытпай, бір-біріне сілтеді.

Ал өзін-өзі президенттікке ұсынған Әбілғазы Құсайыновтың сайлау штабының жетекшісі Рүстем Жоламанов телефон арқылы пікір айтудан бас тартты. Бірақ, мемлекеттік телеарналар Әбілғазы Құсайынов та «қарқынды үгіт-насихатқа» кіріскені жайлы хабарлап отыр.

ДАУЫС БЕРУГЕ ШАҚЫРУ АКЦИЯСЫ

Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар билбордтан кейін жиі көзге түсетін – «Біздің дауысымыз маңызды» дейтін, бастарына каска киген адамдар бейнеленген билборд. Халықты сәуірдің 26-сына өтетін президент сайлауына дауыс беруге шақыратын мұндай үндеулер мемлекеттік телеарналардан да жиі беріле бастады.

Президенттікке өзін-өзі ұсынған кандидат - Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Президенттікке өзін-өзі ұсынған кандидат - Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Наурыздың 27-сі күні Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы (ҚКҰП) бастаған ақпараттық акция барысында Қазақстанда өндірілетін барлық өнімдерге «Әркімнің дауысы маңызды» деген жазуы бар, барлығы екі миллионнан астам стикер жапсырылмақ. Дүкеннен айран, сүт сатып алатын әр үйге сайлауға дауыс беруге үгіттейтін ақпаратты ҚКҰП осылай жеткізбек. Дауыс беруге шақыратын жазуы бар он мың күнтізбе жаппай сауда орталықтарына да шығарылады.

ҚКҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев бұл шара палата мүшелерінің, яғни жергілікті кәсіпкерлердің жеке бастамасы екеніне және ол президенттікке кандидаттардың нақты біреуіне қолдау көрсетуді көздемейтіндігіне сендіруге тырысты.

Осыған ұқсас шаралар Қазақстанның әр аймағында өтіп жатыр. Наурыздың 28-і күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысының мұнайшы жастарынан құралған жас мамандар кеңестері шеру ұйымдастырған.

Көгілдір туды желбіретіп, патриоттық әндер шырқаған жүздеген жас «алдағы сайлауда белсенділік танытуға, жарқын болашақ үшін дұрыс шешім жасауға» шақырған. Акцияны ұйымдастырушылардың бірі Асқар Ноғай «шерудің мақсаты – жастарға сайлаудың мәнін түсіндіру ғана» деді Азаттыққа.

«САЙЛАУШЫНЫ АЛДАУСЫРАТУ»

Бірақ Азаттық тілшісімен сөйлескен кейбір қоғамдық белсенділер мен саясаткерлер сайлауға шақыру акцияларының өзі нақты бір кандидатты қолдауға шақыру деп түсінеді. Қоғамдық белсенді Серік Сапарғали «лайықты бәсекесіз өткізіліп жатқан сайлау жеңімпазы әу бастан белгілі» дейді.

Қоғамдық белсенді Серік Сапарғали. Aлматы. 23 қазан, 2012 жыл.

Қоғамдық белсенді Серік Сапарғали. Aлматы. 23 қазан, 2012 жыл.

– Мемлекеттік ақпарат құралдары қалған екі кандидаттың да белсенді әрекетке көшкенін халыққа әділетті түрде таратып отырмыз дегенді меңземек болады. Билік ішіндегі билікке айналып келе жатқан ҚКҰП да сайлауға шақыру арқылы Назарбаевты жанама түрде қолдап, заңға қайшы келмейтін саяси технология қолданғысы келеді, - дейді ол.

Сапарғалидің сөзінше «қарапайым халық арасында бұл акцияға сенетіндер де аз емес».

Қазақстан президенттігіне кандидат болып тіркелуге қажетті қол жинай алмай, сайлаудан шығып қалған «Аңыз адам. Жұздыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай «сайлауға шақырудың» күрт күшеюін «халық сайлауға келмей қалуы мүмкін» деген билік қаупіне балайды.

– Егер, әділ бәсекелі сайлау өткізсе, жұрт сайлауға өзі келер еді және ондайда дауысының маңызды екенін әркім де түсінеді. Ал қазір бұрын танылып, мойындалмаған, балама ретінде биліктің өзі ұсынып отырған кандидаттар ешкімді қызықтырмайды, - дейді ол.

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы сәуірдің 26-сына белгіленген. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары сайлауға бір күн қалғанда тоқтатылады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG