Accessibility links

Ақорданың саяси сахнасындағы қолжаулықтар


Ақорда - Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы. Ресми сайттағы сурет.

Ақорда - Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы. Ресми сайттағы сурет.

Қазақстан саясатындағы қолжаулықтар, сайқымазақтар мен шоумендер... – бұлар кімдер? Демократиялы елдерде мұндайларға жол беріле ме? Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар осы сауалдар төңірегінде пікір алысты.

Бұларды қандай да бір саяси күш немесе халықтың әлеуметтік тобы деуге бола ма, Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде бұл адамдар өз бетінше әрекет етіп жүр ме? Бұл сауалдарға біржақты және бір сөзбен жауап беру қиын. Алайда тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихында мұндай адамдар жеткілікті.

Биылғы сайлау кампаниясы осы тақылеттес тағы да бірнеше тұлғаларды сахнаға алып шықты. Бұрынғы сенатор және президенттікке бұрынғы кандидат Энгельс Ғаббасов, Патриоттар партиясының жетекшісі, президенттікке бұрын да кандидат болған, қазір де кандидат – Ғани Қасымов, Амантай Асылбек, президенттіктен бұрынғы үміткер – Жақсыбай Бәзілбаев, Қазақстан президенттігіне қазіргі кандидаттардың бірі – Жамбыл Ахметбеков. Ұзын-сонар бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.

Сондай-ақ мәжілістің бұрынғы депутаттары Татьяна Квятковская мен Ерасыл Әбілқасымов, қаскелеңдік зейнеткер Сейіткерім Қожаназар, Борис Годунов, ақтөбелік профессор Закратдин Байдосов, Семей университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтар да осы санатта.

Олардың кейбірі саяси сахнаға жиі шыға бермейді, тек керек кезде, керек жерде ғана сап ете қалады. Ал айқын саяси бағыт-бағдары да, билікке «таласы» да жоқ және бүгінгі режимді қос қолымен қолдайтынын ашық айтып жүретін кейбірі ұдайы елдің көз алдында. Үшінші біреулері болса, биліктің емеуріні бойынша батыл бастама көтергенсіп, тыныш жатқан жұртты дүрліктіретінімен есте қалды.

Бұлар нені көздейді, мақсат-міндеттері не? Қазақстанның қоғамдық өміріндегі орны мен рөлі қандай? Демократиялы елдерде мұндай әрекеттер болуы мұмкін бе? Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар осы мәселелерді талқыға салды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар: Гүлмира Илеуова – «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті; Маржан Аспандиярова – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төралқасының мүшесі; Сергей Дуванов – тәуелсіз журналист және құқық қорғаушы; Сәлім Өтен – мерзімінен бұрын өткелі отырған биылғы президент сайлауына түспек болған талапкер.

Азаттық радиосы Ғани Қасымов пен Татьяна Квятковскаяны да осы дөңгелек үстелге шақырды. Алайда олар сыпайы түрде бас тартты. Ғани Қасымов бұл тақырып бойынша «Айт-Парк» пікірталас клубында пікірімді айттым» десе, Татьяна Квятковская «өзінің дайын екенін, бірақ кейінірек қатысатынын» айтып құтылды.

Дөңгелек үстелдің модераторы – Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлұлы.

САЯСАТКЕР МЕ, ӘРТІС ПЕ?

Жүргізуші:

- Бұларды қандай да бір саяси күш немесе халықтың әлеуметтік тобы деуге бола ма, Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде бұл адамдар өз бетінше әрекет етіп жүр ме?

Маржан Аспандиярова:

- Әрине, мұндай адамдарды арнайы саяси күштің өкілдері деп қарастыруға болмайды. Жалпы алғанда, бұлар сыралғы технологияның құралдары. Қай кезеңде де болсын билік басындағы режим өзіне қолайлы адамдарды керек
Маржан Аспандиярова – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төралқасының мүшесі. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.
кезде жұрт алдына шығарып, пайдаланып келді. Сондықтан бұл ретте де таңғаларлық ештеңе жоқ.

Дегенмен, мұндай адамдардың тізімін жасайтын болсақ сала-құлаш болады екен. Президенттікке кандидат ретінде тіркелмек болған бұрынғы үміткерлердің аты-жөндері ұмытылса да, идеяның өзі ұмытылмапты.

Шын мәніне келгенде бұл адамдардың президенттікке кандидат ретінде тіркелудегі мақсаттары әртүрлі. Кейбіреулерге «осы өмірде өзінің бар екенін» көрсету үшін керек болса, кейбіреулерге «өзін елдің есіне түсіріп қою үшін» керек. Президенттікке кандидат болып тіркеліп, тарихта экс-кандидат ретінде қалғысы келетіндер де бар. Менің ойымша, бұл жайттар шынында да тереңірек үңілуді қажет ететін секілді. Ең болмағанда юморлық тұрғыдан болса да.

Сәлім Өтен:

– Турасын айтайын бұлар – ақымақ. Қалай ақымақ дейсіз ғой? Олар ұлтты, мемлекеттік институтты, «сайлау» деген сөзді қорлай отырып, әлдебір адамның қолайына жағамыз, сөйтіп белгілі бір саяси ұпай жинаймыз деп ойлайды.

Әр нәрсені өз атымен атау керек. Біздің Назарбаев жақсы әртіс және тамаша «жазушы». «Сайлау» деген спектакльдің сценарииін жазып отырған сол емес пе?

1990 жылдардың бас кезіндегі алғашқы сайлау ешбір баламасыз өтті. Сонан соң өкілеттігін ұзартты, сонан кейін мерзімінен бұрын сайлау жасады, одан кейін тағы да өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізді. Ең соңғысы – таяуда өтетін тағы бір шоу - мерзімінен бұрын өтетін сайлау. Осылардың барлығы да Нұрсұлтан Назарбаев жазған сценарий. Мен Назарбаевты ешқашан ақылды адам деп есептеген емеспін, ол тек ГПТУ-ды, яғни кәсіптік техникалық училищені бітірген адам ғой. Комсомол мен партия оқуларының барлығын да сырттай оқыған.

Ең тамаша әртіс – Ғани Қасымов. Ол, енді, нағыздың өзі. Стакан сындырғанының өзі неге тұрады? Оның стакан сындырғанын камераға түсірген оператор: «Сол қойылымды жеті рет түсірдік, стаканның сынығы тіліп кетпесін деп Қасымовтың қолын скотчпен орап қойдық, ал ол бізге уәде берген ақшасын төлемей кетті» деп жүр.

Бұл әртіс 1999 жылғы президенттік сайлауға да ең соңғы сәтте қосыла кетті. Нұрсұлтан Назарбавтың бүгінгі спектакльіне де ең соңғы сәтте, апай-топай қосылған әртіс болды.

Өз басым мұны сайлау емес, «сайлан» деп аталатын шоу деймін. Қазір тіпті мынадай анекдот шығыпты. «Біреу Нұрсұлтан Әбішұлынан: «Сіз неге сайлауға қатыспайсыз»- деп сұрапты. Ал ол болса «Қатысып қайтем? 95 пайыз дауыс алғанымды қазірдің өзінде біліп отырмын ғой» депті.

Яғни бұл спектакль бүгінгі ең өзекті мәселелерді халықтың назарына түсірмеу, халықты алдарқату мақсатында қойылып отыр.

Қазақша «ауызың қайсы десе, мұрынын көрсететін» Ғани Қасымов та, Мэлс Елеусізов те емтиханнан өтіп кетті. Ал бұл сайлау да, лингвистикалық комиссия да, сайлау комиссиясы да «Сайлан» деп аталатын үлкен спектакльдің әртістері деген сөз. Өзін біреудің қолындағы қолжаулық қылуға мүмкіндік берген адамды барып тұрған ақымақ деп ойлаймын.

Энгельс Ғаббасов та, басқалар да «Нұрсұлтан Назарбаев» деп аталатын үлкен шоудың әртістері. Олар сонысымен ұлтқа, халыққа тіл тигізді, қорлады.
Өзінен басқа адамның Қазақстан президенті болып сайлануына жол бермеу үшін Назарбаев «барлық мәселені шеше алатын жалғыз адам бар – ол мен» деумен келеді.

Сұқбат сайын: «Мен тапсырма бердім, мен міндеттедім» дейді. Сөйтіп жұрттың барлығын ақымақ деп ойлайды. Оның әлгі ақымақ кеңесшісі Ертісбаевтың «сайлауға қатысушылардың бәрі қаңғыбас, қайыршылар» деген сөзіне қарағанда Назарбаев өзінің айналасымен сөйлескенде бүкіл халықты қаңғыбас, қайыршы деп айтатын болса керек.

Назарбаев «Шекараны мен орнаттым, тәуелсіз Қазақстанды мен құрдым, мен өйттім, мен бүйттім» дегенді жақсы көреді ғой. Ал әлгі әртіс кеңесшісі не естісе, соны айтып отыр.

Мен Болат Әбілевті де, Жармахан Тұяқбайды да ешқашан саясаткер деп есептеген емеспін. Саясаткер дегеніміз кім? Саясаткер дегеніміз - өзінің нақтылы ұстанған жолы бар, сол үшін өмірінің соңына дейін күресетін, ең қиын сәттерде де өмірлік саяси ұстанымдарынан айнымайтын шынайы, шыншыл тұлға.

НАЗАРБАЕВТЫҢ САЙЛАУДАҒЫ ҚАРСЫЛАСТАРЫ

Гүлмира Илеуова:

– Дегенмен сіздің сауалыңызды екіге бөліп қарастырар едім. Біріншісі, саясаткер болып саналмайтын адамдар Қазақстанда қалай пайда болады деген мәселе. Екіншісі, қазіргі президенттік сайлау кампаниясына қатысып отырғандар туралы.

Ғани Қасымов туралы әртүрлі сөздер осы жерде де айтылып жатыр. Бірақ осы сайлау кампанияларына қатысқанының арқасында Ғани Қасымов Қазақстандағы ең танымал саяси тұлғалардың біріне айналып отыр. Оның танымалдығы Болат Әбілевтен кем емес.

Яғни сайлауға бір рет сәтімен түскен адам Қазақстаннның саяси сахнасындағы танымал тұлғалардың қатарында біраз уақытқа дейін жүре алады.

Ресейдің Жириновскийі - соның айғағы. Менің ойымша, Қасымов соған ұқсап бағуға тырысты. Электорат ретінде көзге іліне бермейтін әлдебір маргиналды
Гүлмира Илеуова – «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті.
топтармен жұмыс істеген Жириновскийді де әуел баста ешкім елеп-ескере қойған жоқ.

Әлгінде аталған адамдар да, оның ішінде президенттікке кандидат болмаған Квятковская да бар, әрдайым болған, бола да береді.

2011 жылғы президенттік кампания аяқ астынан басталғандықтан, саяси технологиялық олқылықтар кетті, сол себепті президенттіктен үміткерлер қаптап шыға келді.

Әсіресе, әйелдер қауымына обал. Өйткені үміткер әйелдер белгілі бір жетістікке жетпеген жұмыссыз әйелдер болды. Бір қарағанда күлкілі болғанымен, бірақ ұят мәселе. Яғни жұмыс істеп, белгілі бір табысқа жеткен әйелдердің арасында президентттіктен үміткер бола алатын әйел баласының жоқ болғаны ғой.

Менің ойымша, Қазақстандағы саяси процесс қандай болса да белгілі бір адамдарды шығарады. Ал бұл адамдар саяси сахнада қалуы да, қала алмауы да мүмкін.

Қасымов қалды. Жұрт не десе де, бұл адам қоғамдық санада белгілі бір орын алды, өзіндік имиджін қалыптастырды. Сондықтан аталған адамдардың барлығын бір қосаққа байлау дұрыс емес деп ойлаймын.

Сергей Дуванов:

– Әңгіме ауанын біз айтып отырған адамдарды айыптауға бұрғым келмей отыр. Шындығында олар да соншалық ақымақ емес, біршама дайындығы да бар, білікті адамдар. Оның үстіне адамгершілік тұрғысынан алғанда да оларды жөн-жосықсыз айыптауға құқымыз жоқ. Өйткені әркім өз жолын өзі таңдайды, адамгершілікті де солай бағалайды.

Турасын айтқанда, билікке жұмыс істейтін әлдебір саяси категориядағы адамдардың бар екені рас. Жүргізуші атаған адамдар сол топқа кіреді. Бұлар қалай бұрық берілсе, дәл солай орындауға дайын тұрған «ләббай, тақсырлар». Ең қызығы бұл адамдармен әңгімеле қалсаң, өздерін мемлекетшіл тұлға ретінде танытқысы келіп, «мемлекет дегенде еміреніп, ел дегенде тебіреніп» жүрген жан болып шыға келеді.

Бірақ олар өздері ойнап жүрген рөлдердің қандай күлкілі екенін де жақсы біледі. Гүлмира Илеуова Ғани Қасымовты танымал деп отыр. Ол рас. Бірақ кешіріңіз, Ресейдегі Олег Попов та ең танымал адамдардың бірі. Пугачева кезінде бүгінгі Путиннен гөрі де танымал болған шығар. Қазір де солай болуы мүмкін. Бірақ ол саясаткер емес қой.

Осы тұрғыдан келгенде модератор атаған адамдарды саясаткерлер деп айта аламыз ба? Мәселен, менің дәл осыған таласым бар. Менің ойымша біздің елімізде биліктен дәмесі бар адам ғана саясаткер болып саналады.

Қазіргі жағдайда, мұндай адам - билікті ешкімге бергісі келмейтін Назарбаев. Ол шынында да нөмірі бірінші саясаткер. Біз білетін Қажыгелдин, Жақиянов, Әбіләзов, Рахат Әлиев, Нұрқаділов, мүмкін Сәрсенбаев та президент болғысы келген болар. Олардың не болғаны басқа әңгіме. Бірақ олар саясаткер болды. Бұл адамдар шынында да саяси өмірде белгілі бір биіктерге шыққан, айтарлықтай беделді саясаткерлер еді. Олар бүгінгі Қасымов пен Елеусізовтер секілді спарринг-серіктестер болған жоқ.

Ал мына спарринг-серіктестерге биліктің қажеті жоқ. Оның үстіне, менің ойымша, биліктен үміті бар екенін ашып айтуға да қорқады. Ашық айтса не боларын біледі (тағы да қайталаймын, олар ақымақ емес).

Назарбаевтың «демократиялық балама сайлауда бәсекелестерін жеңіп шығып», келесі бес жылын легитимді өткізуі үшін олар өздеріне тиесілі рөлді «абыроймен» атқарып шығуға тағы да ынты-шынтысымен кірісті.

Ал бұл араға, меніңше Квятковская, Годунов секілділерді қосудың қажеті шамалы. Оларды үлкен саясаттан төменірек орташа деңгейдегі мәселерге байланысты айтуға болады.

АҚОРДАНЫҢ ТАПСЫРМАСЫН КІМДЕР ОРЫНДАП ЖҮР?

Жүргізуші:

– Президенттікке бұрынғы және қазіргі кандидаттар - Энгельс Ғаббасов, Ғани Қасымов, Жамбыл Ахметбеков; «әшкерелегіш» мәлімдеменің ауторлары - Татьяна Квятковская, Ерасыл Әбілқасымов, оппозиция жетекшілеріне қарсы сотқа шағымданушы - қаскелеңдік Сейіткерім Қожаназар, тәуелсіз және оппозициялық баспасөздерді сотқа беруші -Борис Годунов... Немесе ақтөбелік профессор Закратдин Байдосов, Семей университетінің ректоры Ерлан Садықов секілді «бастамашылдардың» рөлі не? Оларға қандай тапсырма берілді, нені көздейді?

Сәлім Өтен:

– Закратдин Байдосовты өз басым жақсы танимын. Ол - тек тапсырманы орындаушы. Ал әлгі кандидатпын деп жүргендер туралы ойымды айтқанмын. Оларды «ақымақ деуге болмайды» деген Дуванов мырзамен келісемін. Жай ғана ақылды емес, сонымен қатар білімді, тәжірибелі адамдар. Олар Ақорданың тапсырмасын орындап, билік тастаған нанды теріп жеп жүр.

Бірақ иесінің құлы болып жүргені – ақылдылықтың, білімділіктің белгісі емес.
Сәлім Өтен – мерзімінен бұрын өткелі отырған биылғы президент сайлауына түспек болған талапкер.
Білімділігі, профессор, академиктігі немесе ғалымдығы айналып келгенде қара басы, құлқын қамынан аспайтындығының белгісі.

Сол себепті аталған саясаткердің қайсыбірі ақылды, дана, ұлы адам, нағыз саясаткер деген сөздермен ешуақытта келіспеймін. «Даналық», «ақылдылық» деген ұғымдар адамның адамдық ұстанымымен тікелей байланысты. Меніңше білімді адам ешқашан айлакер, жағымпаз, құл бола алмайды.

Кезінде патшаға қарсы шыққан декабристердің бастан кешкендері есімізде ғой. Олардың көпшілігі өздерінің дворяндық дәрежесін, қызметін, офицерлік атағын тастады да кетіп қалды. Міне, білімді адамдар дегеніміз осындай болуы керек.

Ал бүгін президент Назарбаевтың «ас бөлмесінде» қызмет қылып жүргендер – иесіне ұқсап бағатын адамдар. Мұндай адамдар «арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты» болуы да мүмкін, бір-ақ олардың артында бір шыбықпен айдап отырған иесі бар.

Маржан Аспандиярова:

- Полицейлік мемлекет екенімізді, арнаулы қызметтің бақылауында отырғанымызды ұмытпайық. Қуғын-сүргін барған сайын күшейіп келеді. Белгілі саясаткерлердің басқан ізін аңду, осал жерін іздестіру - еліміздің арнайы қызметінің күнделікті жұмысы. Президенттің «кез-келгеніңді қолыңнан жетектеп сотқа апара аламын» деуі кездейсоқ емес.

Ақорданың тапсырмасын орындап жүрген адамдардың, меніңше ҰҚК осал тұстарын тапқан сияқты. Егер айтқанды істемей, жетекке жүрмесе жауапқа тарта салады не болмаса «тізерлетеді». Сонан соң иесі «отыр» десе отырып, «тұр» десе тұратын болады.

Ондай адамдар да және оларды қармаққа түсірудің тәсілдері де көп. Айтқанды бұлжытпай орындайтындар қашан да табылады. Бірақ кәсіби шеберлігі басқа мәселе.

Мәселен, бүгінгі сайлауда болып жатқан қуыршақтар театры қойылымының сценарийі де, режиссурасы да, әртістерінің шеберлігі де төмен екені көзге ұрып тұр. Өйткені бұл кампания басталмай жатып тығырыққа тірелері белгілі болды. Алаулатып-жалаулатқан референдумды өткізіп абырой таппайтын болған соң, әйтеуір бірдеңе жасау керек болды да, сайлау жариялай салды. Сайлауға дайындық мерзімі үш айдан екі айға қысқарды. Аталған мырзалар сонда да қалатын түрі жоқ.

Алматы қаласы ішкі істер департаментінде қызмет ететін бір полковник, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, оппозиция жетекшілеріне қарсы әрбір арандату әрекеттерінен кейін қызметі де, шені де өсіп келе жатқанын айтып мақтанғанын естігенім бар. "Иығымдағы жұлдыздар үшін оппозиция белсенділеріне қарыздармын,"- деп қояды.

Жеке әңгімелер кезінде мұндай қызметкерлер азаматтық қоғамның белсенділерін арандату үшін арнайы адамдарды пайдаланатынын жасырмай айта береді. Мәселен қандай да бір әлеуметтік қарсылық бола қалса немесе жұмысшылар жалақыны уақытында төлеуді талап етсе, міндетті түрде олардың арасына іріткі салып, сына қағатын адамдар шыға келеді.

Сергей Дуванов

- Меніңше мұндай адамардың тұтастай типологиясын жасауға болады. Біріншіден, қанша парадокс десек те олардың арасында белгілі бір идея үшін жүргендер де бар. Маған кезінде бір депутат: «Мен Назарбаевтың мүддесіне жұмыс істеймін, өйткені ол елдегі ұлтаралық татулықтың кепілі, егер ол болмаса билікке ұлтшылдар келеді, сондықтан Назарбаевтың билікте қала беруі үшін бар күшімді саламын» деген болатын. Ол шынында да солай жұмыс істеп жүр.

Екінші типке осындай әдіс-амалдар арқылы нан тауып жүргендер жатады.
Сергей Дуванов - тәуелсіз журналист. Алматы, 8 желтоқсан 2010 жыл.
Президенттің белгілі кеңесшілерінің бірі – менің ойымша ол өте ақылды адам, идея соңында жүреді деп айта алмаймын, өйткені тым ақылды. Ол тек өзіне жайлы орын тауып алды да, ақшасын да, басқасын да жасап, бүгінгі күнімен ғана жүр.

Үшінші типке – менің көзқарасымша, экономикалық қылмыстарымен қолға түскен, сонан кейін айыбын жуып-шаю үшін амалсыздан биліктің жетегіне еруге мәжбүр болған адамдар. Менің білуімше, президенттікке бүгінгі кандидаттардың бірінің мойнында дәл осындай арқан бар.

Ең соңғы төртінші типке келер болсақ. Бұлардың арасында оппозициядағы әлдебір адамға тісін қайрап жүрген жай адамдар болуы мүмкін. Сондықтан олар оппозицияға көбірек зиян келтіруге тырысады. Билікке бұл да пайда. Олардың қатарына марқұм Нұршин мен әлгі Годуновты жатқызар едім.

Гүлмира Илеуова:

– Менің ойымша, мұндай адамдардың артында тұрған белгілі бір күштер жоқ. Сергей Дуванов айтқандай, олар әртүрлі объективті және субъективті себептерге байланысты билікпен ымыраласқан адамдар.

Мұндай адамдар кез-келген режимнің тұсында болады. Бір жерде көбірек, бір жерде азырақ деуге болмайды. Заманы, режиміне қарай – адамы да, тәсілдері де алуан түрлі. Бірақ бұл қазіргі президентттік сайлау кезінде көбірек көзге ұрып тұр.

Жалпы алғанда, мұндай көрініс басқа жерде қандай болса, Қазақстанда да сондай. Сергей Дуванов бөлген типологиялардан олардың қайсысы көбірек қауіпті екені де белгісіз болып тұр. Қалай болғанда да мұндай адамдардың болашағы жоқ. Шындығында олар әлдебір орган көрсеткен рөлдерді ойнайтын қолжаулықтар ғана.

ҚОЛЖАУЛЫҚТАР МЕН ДЕМОКРАТИЯ

Жүргізуші:

– Дәстүрлі демократиялық елдерде осындай тұлғалар болуы мүмкін бе? Мұндайлардың Қазақстанның саяси сахнасында күнделікті құбылысқа айналуының сыры неде?

Гүлмира Илеуова:

– Ондайлар барлық жерде бар. Бірақ өзіміздегі жайттың бояуын тым қоюландырып жіберген сияқтымыз. Өйткені өзге елдерде де осындай жайттардың орын алғанын көргенмін.

Ал президенттік сайлау жөнінде айтар болсақ, онда бұл сайлау шарттарын әлі де айқындай түсу қажет. Мәселен, 50 мың мүшесі бар партиядан түскен кандидатқа да, артында ешкімі жоқ, белгісіз адамға да қойылатын шарт біреу. Неге? Саяси партия жетекшісінің артында мыңдаған адам мен олардың мүддесі тұр. Ал ешкім танымайтын әлдекім өтініш жасады екен деп, мемлекет оған да шығындалады. Сондықтан үміткерлерді заң жүзінде алдын ала іріктеген дұрыс теп ойлаймын.

Сәлім Өтен:

– Оңбағандар мен алаяқтар барлық қоғамда болған, мұнан кейін де болады. Бірақ оларға тек диктаторлық мемлекеттер жол береді. Өйткені диктатордың билік басында қала беруіне ең үлкен жәрдем беретін де солар.

Өркениетті, дамыған, демократиялық мемлекеттерде билікке «ұмтылған» алаяқтарды анықтаудың тәсілдері жеткілікті. Сондықтан әртүрлі қоғамдық-саяси формациялар мен жағдайларға қарай, әрине алаяқтары мен оңбағандары да әртүрлі болады. «Келісіне қарай - келсабы».

Сергей Дуванов:

– «Дәл осындай жағдайлар демократиялы елдерде де кездеседі» дейтін пікірлерге басы-бүтін қарсымын. Демократиялы елдерде оған жол берілмейді.

Сайлау болмай тұрып-ақ сайлаушылардың 95 пайзының дауысын алатынына сеніп отырған іс басындағы президент пен сайлау қарсаңында президентті қолдаймыз деп отырған екі кандидаттың дауысқа түсуі – аз-маз демократияның елесі байқалатын елдерде мүмкін емес. Осы тұрғыдан келгенде, қайта Гүлмира Елеуованың әсірелеп отыр деуге болады. Бұл біздің елде ғана мүмкін нәрсе. Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерді де осы қатарға қосуға болар.

Яғни бұл - біздің ел ойлап тапқан жаңалық. Саяси технологиялар жағынан қарағанда демократиялы елдерде де бәсекелестерінің дауысын бөлу үшін қос кандидат ұсынылатын жағдайлар кезедеседі. Бірақ оның өзі сайлаудың бірінші турында жеңіске жету үшін қолданылатын саяси амалдар мен заңның аясынан шықпайды. Мәселен, президенттіктен нақты үміткер адам бірінші турда қарсыласты қолдаушылардың дауысын екі жару үшін өзінің сенімді әріптесін сайлауға шығарады, сөйтіп екінші турға өтеді. Бұл тек саяси технология ғана. Ал біздікі, мүлде басқаша.

Маржан Аспандиярова:

– Менің ойымша, бұл сайлаудың осылай масқара болуына Назарбаев мырзаның өзіне қарсы кейбір астаналық технологтар іштей мүдделі болуы да мүмкін.

Өйткені осынша аз уақытта қандай да бір саяси әрекеттер жасау мүмкін емес. Бұл жағдай халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ілінері сөзсіз. Теңдей мүмкіндер берілгені, сайлаудың ашық өткізілгені туралы әңгімелермен ешкімді алдай алмайсың, өйткені барлығы да аққа қара жаққандай көрініп тұр.

Енді бізге Астананың идеологтарына көңіл айту ғана қалды.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосы бүгінгі дөңгелек үстелді аяқтайды. Біздің пікірталасымызға қатысқандарыңызға редакция атынан рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG