Accessibility links

Сыздықова дауы «Нұр Отан» туралы реніш көтерді


Бақыт Сыздықова, бұрынғы мәжіліс депутаты.
Бақыт Сыздықова, бұрынғы мәжіліс депутаты.

Баспасөз мәслихатын өткізген бұрынғы «Нұр Отан» мүшесі Бақыт Сыздықова партиядан неге шығарылғанын түсінбейтінін мәлімдеді. Саясаткерлер «Нұр Отан» басшылығын «тәжірибесіз» деп сынайды.

Президентшіл «Нұр Отан» партиясы қыркүйектің 18-і вебсайтында жемқорлық пен басқа да заң бұзушылықтарға қатысты бірқатар мүшелерінің партия қатарынан шығарылғаны туралы ақпарат таратқан. Олардың ішінде белгілі қоғам белсендісі Бақыт Сыздықованың да аты аталған. Қыркүйектің 19-ы күні Астана қаласында баспасөз мәслихатын өткізген Сыздықоваға «Партия қатарынан шығарылуыңызға қоғамдық белсенділігіңіз, не болмаса студенттер шығармашылығын қорғап жұртшылық алдында билегеніңіз себеп болған жоқ па?» деген сауал қойылды. Ол: «Нұр Отан» партиясының жарғысында «әркімнің өз ойы мен пікірін еркін білдіруге тыйым салынбаған» деп жарғыны көрсетті.

Бақыт Сыздықованың айтуынша, өзі жетекшілік еткен КВН командасының шығындары туралы «Нұр Отан» партиясына уақытында есеп берген, ал «оны жоққа шығарушыларың сөзі – сандырақ».

Сонымен қатар, ол өзінің не себепті партиядан шығарылғанын білмек үшін «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің қабылдауына бірнеше рет жазылса да, кіре алмағанын мәлімдеді.

«Нұр Отан» партиясы Бақыт Сыздықоваға өтеу мерзімі 2009 жылы өтіп кеткен партияның «уақытша қаржылық қолдау» ретінде қарызға берген 7 миллион теңгесін қайтармады деген айып тағады.

«МІНЕЗСІЗ ӘРЕКЕТ»

Азаттыққа аты-жөнін атамауды өтінген «НұрОтан» партиясы саяси кеңес мүшесінің сөзінше, Бақыт Сыздықова басқарған «Қазақстанның болашағы үшін» қозғалысына кезінде 7 миллион теңге КВН жобасы үшін берілген. Жоба негізінен партияны насихаттау үшін пайдаланылған. Саяси кеңес мүшесі қайтару мерзімі 2009 жылы өтіп кеткен қаржы мәселесінің 4 жыл бойы көтерілмей келіп, неліктен енді ғана назарға ілінгенін түсінбейді.

- Егер партия ақшасын үнемдеу қажет болса, онда партия жетекшілігі аймақтарды аралағанда чартер ұшақпен саяхаттауын қою керек. Мысалы, жақында партия басшылығы Ақтөбе облысына осындай жеке ұшақпен барып қайтты. Ал Бақыт Сыздықова сияқты адамдарды партиядан шығару – «Нұр Отанды» сұрқай "комсомолдық белсенділермен" қайта толтырып, көзге түсетін, шығармашылық әлеуеті бар, еркіндеу ойлайтын адамдардан құтылу әрекеті деп санаймын. Бұл – баланың шаруасы, - деді ол.
"Нұр Отан" партиясының кеңсесіне бара жатқан адамдар. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.
"Нұр Отан" партиясының кеңсесіне бара жатқан адамдар. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Азаттыққа пікір білдірген «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі партия басшылығының Бақыт Сыздықоваға қатысты қабылдаған шешімін «Партия жетекшілерінің мінезсіз әрекеті» деп сипаттады.

Азаттық тілшісі «Нұр Отан» партиясы басшылығына хабарласқанымен партия өкілдері жауап беруден жалтарумен болды. Партия хатшысы Болат Берсебаевтың көмекшісі Азаттық тілшісіне телефон арқылы «партия басшылығының Ақтөбеге сапарлағанын растады, бірақ «жеке ұшақ» жөніндегі сауалға жауап бере алмайтынын» айтты.

«САЯСИ АСФАЛЬТТА ӨСКЕНДЕР»

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов «Нұр Отан» партиясының ішкі мәселесінің жалпыға жария болып, кең талқылануы басшыларының тәжірибесіздігінен деп санайды.

- Өз басым мұны қазір «Нұр Отан» басшылығына ел басқаруда нақты тәжірибесі жоқ, «саяси асфальтта өскен» жаңа басшылар буынының келуімен байланыстырамын. Мәселен, саяси пікірталаста біршама төселіп қалған Ерлан Қариннің қызметінен кетуі де түсініксіз жәйт. Қазір «Нұр Отанда» ел алдына шығып, ұғынықты да ұтымды сөз айтатын адам қалмады, - дейді ол.

Қоғамдық белсенді Серікжан Мәмбеталин Бақыт Сыздықованы «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында жүрген шенеуніктерге қарағанда өз партиясына шын сенетін, президентті шын жүректен жақтаушы, насихаттаушы» деп сипаттайды.
Қазір «Нұр Отанда» ел алдына шығып, ұғынықты да ұтымды сөз айтатын адам қалмады.

- Қандай себеп болса да белсенді жұмыс істеген Бақытты солай қорлап, халықтың көзінше шығару адами тұрғыда дұрыс әрекет емес. Мұндай жасанды «жазалау» арқылы партияның баяғыда түсіп кеткен абырой-беделін қайта көтеру мүмкін емес екенін «Нұр Отанның» функционерлері түсінбейді, - дейді Серікжан Мәмбетәлин.

ЖСДП (жалпыхалықтық социал-демократиялық партия – ред.) жастар қанатының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай билеуші партияның өз ішінде дағдарыс бар деп ойлайды.

- «Нұр Отан» партиясы өзгеріс жасағысы келетінін көрсеткісі келеді. Бірақ мұның өзін үлкен интрига, лас технология арқылы жасап келеді. Партия басшылығы өз қатарында жүрген айтарлықтай танымал белсенділерді партиядан шығару арқылы өздерін-өздері дискредитациялап отыр, - дейді ол.
Бақыт Сыздықова (ортада) жас еріктілермен бірге
Бақыт Сыздықова (ортада) жас еріктілермен бірге

Қыркүйектің 18-і күні Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова «Нұр Отан» мүшелігінен шығарылған еді. Саяси ұйымның сайтындағы мәліметке қарағанда, мұндай шешімді партияның саяси кеңесі қабылдаған. Партия таратқан ақпарат бойынша, Бақыт Сыздықова 2008 жылы қарашада өзі басқарған «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық ұйымына «Нұр Отан» қайтарымды қаржылық көмек ретінде бөлген 7 миллион теңгені қайтармаған. Қарыз өсіміне байланысты қазір ұйымның партияға борышы 15 миллион теңгеге жеткен.

1990 жылдардың соңынан бері ресми жастар ұйымдарының белсендісі ретінде танылған 39 жастағы Бақыт Сыздықова 2007-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған еді. Сыздықова - әлеуметтік желіде қолдаушылары көп, жастар арасында танымал белсенділердің бірі. Биылғы наурызда ол университетте Harlem Shake биін билегені үшін ректордың жазасына ұшыраған қарағандылық екі студентке қолдау білдіріп, Астанадағы сауда орталықтарының бірінде осы биді билеп шыққан еді.


XS
SM
MD
LG