Accessibility links

Қазақстандағы есірткі бизнесі африкалық топтардың қолында


Ауғанстанның Гильменд уәлаятындағы көкнәр алқабы. 5 мамыр 2011 жыл

Ауғанстанның Гильменд уәлаятындағы көкнәр алқабы. 5 мамыр 2011 жыл

Jane's Intelligence Review («Джейнс Интелидженс Ривью») басылымы маусымның 4-і күні Ресей мен Еуропаға Орталық Азия арқылы таралатын ауған есірткісі жайлы көлемді мақала басты. JIR Орталық Азия арқылы өтетін есірткі осы елдердегі қылмыстық топтар мен террористік ұйымдарды нығайтып, қауіпсіздік саласындағы жемқорлықты күшейтеді деп санайды.

Мақала авторының зерттеуінше Ауғанстаннан тасылатын есірткі саудасына елдегі жекелеген қылмыстық топтар ғана мүдделі емес. Бұл елдің ықпалды басшыларынан бастап, кішігірім қылмыстық топтарына дейін есірткі саудасының шылауында. Қазір есірткі саудасының етек жайғаны сонша, бір ғана Ауғанстанның қауіпсіздік қызметі оның жолын кесуге дәрменсіз. Басылымның болжауынша, қауіпті тауар тасылатын «солтүстік дәлізі» жуық арада жабылмайды. Себебі ауған есірткісіне деген сұраныс Ресей мен Қытайдың қара базарында өте жоғары. Одан бөлек, Орталық Азия елдерінің қылмыстың осы түрімен күресуге қатысты заңдары жетілмеген.

«ТАЛИБАННЫҢ ТАУАРЫ»

Қазір ауған есірткісі Еуропаны ғана емес Ресей мен Қытайды да «жаулап алған». Сондықтан «солтүстік дәліз» проблемасы халықаралық деңгейде күресуді талап етеді. «Бұған дейін де бизнестің қауіпті бұл түрімен бүкіл әлем күресіп келген. Алайда басқа елдерде ауған есірткісіне сұраныс артқан сайын, проблема да асқынып барады» деп жазады JIR.

Басылым ауған есірткісіне қатысты БҰҰ-ның есірткімен күресетін арнайы бөлімінің есебін де келтірген. Ол бойынша Ауғанстанның жалпы ішкі өнімінің 10 пайызы көкнәр саудасынан түскен табыстан тұрады. 2011 жылдың өзінде ауған фермерлері 6 мың тонна есірткі өндірген. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда сәл аздау. Есесіне, бағасы екі есеге өскен. Көкнәр егушілер қазір бір гектардан 10 700 доллар пайда табады.
Иранның есірткімен күрес қызметі Ауғанстанмен арадағы шекара маңын шолып жүр. Заболь, 16 шілде 2011 жыл

Иранның есірткімен күрес қызметі Ауғанстанмен арадағы шекара маңын шолып жүр. Заболь, 16 шілде 2011 жыл


Есірткі негізінен Иран және Пәкістан арқылы тасымалданғанымен қазір бұл тауардың 30 пайызы Ресей және Орталық Азия елдері арқылы өтеді. «Тауар басқа елдерге тасылғанымен, транзиттік елдер де бұдан қатты зардап шегеді» деп есептейді автор. «Себебі есірткі саудасы сол елдердегі қылмыстық топтар мен террористік ұйымдарды күшейте түседі. Құқық қорғау саласындағы жемқорлық нығайып, бұл елдерде есірткі сатып алу оңайлайды» деп болжайды ол.

Басылым «мұның соңы халықтың денсаулығының нашарлауына әкеп соғады» дей келе Ресейдің денсаулық сақтау министрлігінің деректерін келтірген. Қазір Ресейдегі 2 жарым миллион нашақордың 90 пайызы героин тұтынады. 2009 жылғы зерттеу бойынша Ресейде жыл сайын 30 мың нашақор ажал құшады. Ауған көкнәрінен өндірілетін әр түрлі есірткілерді қосып есептегенде, Ресей жыл сайын 35 мың тонна героин (әлемдегі ең жоғары көрсеткіш) тұтынады.

Қалай болғанда да есірткі саудасы қылмысты күшейтіп, соған сәйкес қауіпсіздік мәселесі де күрделенбекші. БҰҰ-ның дерегі бойынша Талибан героин сатудан 2009 жылы 155 миллион доллар пайда тапқан. Қазір бұл бизнеске Ауғанстандағы «Өзбекстанның Ислам қозғалысының» мүшелері де араласып жатыр деген болжам бар. Тауарды шекарадан алып өту жұмыстары дамыған сайын құқық қорғау қызметкерлерінің арасындағы жемқорлық та жандана түседі.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НИГЕРИЯЛЫҚ МАФИЯ

Басылым көлемді мақалада ауған есірткісінің егіліп, орылып, өңделіп жан- жаққа таралу жүйесіне кеңінен тоқталған. Ауғанстандағы кейбір қылмыстық топтар «ауыл шаруашылығына көмектесіп жатырмыз» деген сылтаумен көкнәр плантацияларына қыруар инвцестиция салады. Бұдан бөлек мақала авторы дайын болған тауардың әлем бойынша қандай елдер арқылы және қалай таралатыны жайлы да тұшымды мәліметтер берген. Оның ішінде Орталық Азия елдерінe жеке-жеке тоқталып, ондағы есірткі проблемасын тереңірек талдаған.
Героин мен кокоин. Көрнекі сурет

Героин мен кокоин. Көрнекі сурет


JIR «Ресей Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан құрлық арқылы шектеседі» деп жазады. Сондықтан «солтүстік дәліздің» күре жолдары осы ел арқылы өтеді. Әсіресе, 2011 жылы Ресей, Беларусь және Қазақстан Кеден Одағына мүше болғалы Қазақстан шекарасындағы кедендік тексерулер бұрынғыдай қатаң болмайды. БҰҰ-ның Орталық Азия мәселесін арнайы зерттейтін мамандарының дерегінше осының өзі есірткі тасымалын әшкерелеуді 5 пайызға азайтып жіберген.

Басылымның жазуынша, Қазақстанның өзінің жергілікті қылмыстық топтары әлсіздеу болғандықтан мұндағы есірткі саудасының тізгіні негізінен шетелдік топтардың қолында. Қазір Қазақстанның билік өкілдері нигериялық және тағы басқа батыс африкалық қылмыстық топтардың Қазақстанда белсенді әрекет ете бастағанын байқаған. Одан бөлек Қытайда есірткінің көптеп сатыла бастауына байланысты бұл қауіпті бизнеске қазір қытайлар, қазақтар, ұйғырлар да белсенді араласа бастаған деп жазады басылым.

Орталық Азия елдерінің есірткімен күресін әлсіретіп тұрған факторлар ретінде JIR жемқорлық пен құқық қорғау орындарының әлсіздігін атап өтеді. Басылымның жазуынша, бұл елдер ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуден гөрі қоғамның бағыныштылығын сақтап қалуға көбірек күш салып жатыр.
XS
SM
MD
LG