Accessibility links

Министрлік аймақтық газетті жабу себебін айтты


"Молодежная газета" басылымының бас редакторы Берік Жағыпаров. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

"Молодежная газета" басылымының бас редакторы Берік Жағыпаров. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Жезқазғанда шығатын «Молодежная газета» басылымын жабу себебін түсіндірген министрлік газеттің бір жыл шықпағанын айтты. Бұл уәжбен келіспеген редакция қаңтар айының соңында сотқа шағым түсірген.

2013 жылы қаңтардың 17-сі күні «Молодежная газета» басылымының лицензиясы жойылғаны жөнінде хабарланған еді.

Азаттық тілшісі бұл газетті жабу себебі туралы Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне сұрау жолдаған.

Министрліктің ақпарат және мұрағат комитеті бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) жөніндегі басқармасының бастығы Жанболат Байбосыновтың сөзіне қарағанда, «басылымды жабуға оның бір жыл көлемінде шықпауы негіз болды».

- Қарағанды облысының әкімдігі, оның ішінде ішкі саясат басқармасы, барлық құжаттармен бізге негіздеме жіберген. «Молодежная газета» бір жыл көлемінде мүлдем шықпаған. БАҚ туралы заңның 13-бабында газет жұмысын үш айға ғана тоқтата алады. «Молодежная газета» бір жыл көлемінде шықпаған. Осыған байланысты оны тоқтату туралы бұйрық шығарылды, - деді Жанболат Байбосынов Азаттық тілшісіне 2013 жылы ақпанның 5-сі күні.

«СОТТА ДӘЛЕЛДЕЙМІЗ»

Ал министрлік бұйрығын сотқа берген «Молодежная газета» иесі Берік Жағыпаров газеттің ай сайын шығып келе жатқанын айтты.
Газетіміздің үш ай шықпай қалған кезі жоқ. Мұны сотта дәлелдейміз.

​- Газетіміз апталық болғанымен, баспалармен арадағы қиындықтарға байланысты ай сайын шығып келеді. Үш ай шықпай қалған кезі жоқ. Мұны сотта дәлелдейміз, - дейді министрлік бұйрығының заңсыз екенін айтқан Берік Жағыпаров.

Оның ойынша, бұл тосқауылдардың саяси астары бар.

«Молодежная газета» – 2010 жылдың тамыз айынан бастап Жезқазған өңірінде шыға бастаған басылым. Газеттің негізгі тақырыптары – өнеркәсіп жұмысшыларының құқығы, түрлі әлеуметтік-саяси, экологиялық мәселелер. Газет бірнеше жылдан бері қарапайым кеңсе құрылғыларымен басылып келген. Жағыпаровтың сөзіне қарағанда, «2011 жылдан бастап Қарағанды қаласындағы баспалардың барлығы да газетті басудан бас тартқан».

2013 жылы ақпанның 5-сі күні «Молодежная газета» басылымының тиражы жоғалғаны хабарланды. Жағыпаровтың айтуынша, Алматыдағы баспа жіберген газеттің үш мың тиражы сейсенбі күні пойызбен Жезқазғанға жетуі тиіс болған. Бірақ журналистер тиражды алуға барғанда газет ұшты-күйлі жоқ болып шыққан.

- Пойыздағы жолсеріктерден сұрасақ, «білмейміз, жұмысымызға кедергі келтірмей кетіңдер» дейді. Менің ойымша, полицейлер алып кеткен. Бірақ олар алмадық деп отыр, - дейді Жағыпаров.

Шыққанына екі жыл толған газеттің түрлі кедергілерге ұшырағаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін де жазған болатын.

«ЗАҢ МИНИСТРЛІККЕ ОСЫНДАЙ ҚҰҚЫҚ БЕРЕДІ»

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның пікірінше, «газет Қазақстандағы қарама-қайшылыққа толы, шикі жасалған БАҚ туралы заңның кесірінен жабылып отыр».

"Молодежная газета" басылымының тіркеу куәлігінің күшін жою туралы бұйрық. 17 қаңтар 2013 жыл

"Молодежная газета" басылымының тіркеу куәлігінің күшін жою туралы бұйрық. 17 қаңтар 2013 жыл

- Газетті ақпарат комитетінің төрағасы жауып отыр. Біздің заңымыз министрлікке осындай құқық береді. Біздегі басылымдар, электронды ақпарат құралдары тіркеусіз жұмыс істей алмайды. Ал мұндай құжатты тек мәдениет және ақпарат министрлігі береді - дейді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, заңда "ақпарат комитеті тіркеу куәлігін қайтарып ала алады" деген жолдар бар.

2013 жылы қаңтардың 28-і күні Қазақстанға келген «Шекарасыз тілшілер» құқық қорғау ұйымының өкілдері Йохан Фредерик Биир мен Анна Саулелиак «Молодежная газета» басылымы төңірегінде қалыптасқан жағдайға қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG