Accessibility links

Діни азшылықтарға қысым жасау әрекеті сыналды


Алматыдағы орталық мешіт алдында ересектермен бірге дұға жасап тұрған бала. Алматы, 26 қазан, 2012 жыл

Алматыдағы орталық мешіт алдында ересектермен бірге дұға жасап тұрған бала. Алматы, 26 қазан, 2012 жыл

Құқық қорғаушы норвегиялық Forum 18 ұйымы Қазақстанда азаматтардың "діни сенімі үшін қудаланып жатқаны" туралы жазды.

Қаңтар айының соңында жарияланған мақалаларында Forum 18 ұйымы Қазақстанда сенім бостандығы құқығын пайдаланып, сол үшін әкімшілік жазаға тартылған азаматтардың қатары көбейгенін жазады.

ӘКІМШІЛІК ЖАЗА

Ұйымның мәліметінше, 2012 жылдың тамыз айынан бері елде ресми тіркелген "Йегово куәгерлері" ұйымының төрт мүшесі, мұсылман ұйымының екі өкілі және бір протестанттық ұйым өкілі "миссионерлік әрекетпен айналысқаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған. Оларға әкімшілік кодекстің 375-ші бабы бойынша айыптар тағылған.

Forum 18-дің жазуынша, олар небәрі көшеде діни әдебиет таратып, қауымдастық ішінде өздерінің жиынын өткізген. Сол үшін олардың көпшілігі 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлесе, кейбірінің қамалуы да мүмкін.

Мақалада халықаралық ұйым Йегово куәгерлерінің "заңсыз миссионерлік әрекеттермен айналысқаны үшін" қамалғанына қатысты алаңдайтынын жазады. Бұл ұйымның Астана, Павлодар мен Ақтаудағы өкілдіктерінің мүшелері құқық қорғау органдарының назарына іліккен.

Қазақстан 2011 жылдың қазан айында қабылданған "Діни қызмет және діни бірлестіктер" туралы жаңа заңда 375-ші бап бойынша айыпталған азаматтарға салынатын айыппұл көлемі ұлғайтылған.

Құқық қорғау ұйымы Қазақстан бас прокуратурасының "2011-2012 жылдар аралығында әкімшілік жазаға тартылған азаматтар саны" туралы мәліметті беруден бас тартып отырғанын да жеткізеді.

"ТІРКЕУДЕН ӨТПЕГЕН МЕШІТТЕР КӨП"

Forum 18 ұйымы сонымен бірге діни істер жөніндегі агенттіктің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрамына енбеген мешіттерді ресми тіркемеуін де сынайды.

Бұдан, әсіресе, діни азшылық топтардың зардап шегіп жатқанын атап өткен ұйым Петропавлдағы жалғыз татар-башқұрт мешітін мысал ретінде келтіреді.

Тіркеуден өте алмай қалған Петропавл қаласындағы Дінмұхаммед мешіті. Көрнекі сурет

Тіркеуден өте алмай қалған Петропавл қаласындағы Дінмұхаммед мешіті. Көрнекі сурет

"Діни істер жөніндегі агенттігінің өкілі түнде мешіт имамы мен өзге де қауым мүшелеріне хабарласып, таңертең сағат 9-да облыстық әкімшіліктің басшысы Серік Біләловпен кездесуге шақырған.Ол егер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрамына қосылмаса, мешітті жауып, діни емес қоғамдық орын ретінде пайдалануға беретінін айтып, қоқан-лоқы көрсеткен" деп жазады ұйым.

Бірақ діни істер жөніндегі агенттік Forum 18 ұйымына бұл мәліметті терістеген.

Ұйым мақалада "тіркеуден өтпей қысым көріп отырған" Қарағанды облысындағы үш мешіт, шииттік бағытты ұстанатын Алматыдағы екі мешітті де атай кетеді.

Бұл туралы дін істері жөніндегі агенттіктің Қарағанды облыстық департаментінің басшысы Серік Тілекбаев Forum 18 ұйымына "мешіттердің тәуелсіз бола алмайтынын", "Қазақстанда бір ғана құрылым Мұсылмандар діни басқармасы" барын айтқан.

"Неге?" деп сұраған Forum 18 ұйымына: "Қазіргі кезде мешіттер жеке мүддеге қызмет ететін коммерциялық құрылым ба?" деп сұраққа сұрақпен жауап қайтарған.

Ал оның мәнін түсіндіруді сұраған кезде департамент басшысы "мешіттер Қазақстан халқының мүддесіне жұмыс істеуі керек екенін айтып отырмын" деген.

2011 жылы қазанның 25-інде күшіне енген «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 24-бабына сәйкес елдегі діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтуі тиіс болды. Бұл шараға берілген бір жыл уақыт 2012 жылы қазанның 25-інде аяқталған еді.

Дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шәріп. Астана, 7 шілде, 2011 жыл

Дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шәріп. Астана, 7 шілде, 2011 жыл

Қазан айының аяғында қайта тіркеуге алу процедурасына қорытынды жасаған Қайрат Лама Шәріп елдегі діни ұйымдар саны 32 пайызға кемігенін мәлімдеген еді.

ТАҒЫ 44 АЗАМАТ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Қаңтардың 28-і күні Total.kz сайты Астана полициясының 44 "дәстүрлі емес" діни ағым өкілін анықтағанын хабарлады.

Астанадағы қалалық полицияға сілтеме жасаған агенттіктің жазуынша, олардан "259 діни әдебиет пен аудио-видеожазба, бес травматикалық қару тәркіленген".

"Күдіктілер 2013 жылы қаңтардың 21-і мен 25-і аралығында жүргізілген "экстремизм мен терроризммен күреске" бағытталған жедел-профилактикалық шара барысында ұсталды. Тәркіленген заттар мен қаруларға қатысты сараптама тағайындалған. 44 азаматқа қатысты 375-ші бап ("Діни әдебиетті заңсыз пайдалану") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Материалдар сотқа берілді" деген Астана қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Колышбекова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG