Accessibility links

«Новая жизнь» шіркеуінің пасторы қысым туралы айтты


Қазақстандағы "Новая жизнь" шіркеулерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы "Новая жизнь" шіркеулерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Шіркеу пасторының қауым белсенділеріне қысым жасалғаны жайлы арызын Арқалық прокуратурасы тексеріп жатыр. Қысым көргендер арасында бюджеттік мекеме қызметкерлері мен этникалық қазақтар бар.

Қостанай облысы Арқалық қаласындағы «Новая жизнь» шіркеуі 1990 жылдардан бері жұмыс істейді. Шіркеу бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының үлкен ғимаратында орналасқан. Ғимарат бұрындары шіркеу меншігіне өткен.

КҮТПЕГЕН ТЕКСЕРУЛЕР

Әуелі қалалық әкімдікте тіркелген шіркеу 1998 жылы әділет министрлігінде қайта тіркеуден өтті. Пастор Алексей Федоськиннің айтуынша, шіркеу 2012 жылы қайта тіркеуден тағы бір рет өткен.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңға сәйкес, қайта тіркеуден өтуі тиіс діни ұйымның тізімінде 50 азаматтан кем болмауы тиіс. Мұндай тізімді «Новая жизнь» шіркеуі Қостанай облыстық әділет департаментіне өткізген.

"Новая жизнь" шіркеуіндегі уағыз. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Новая жизнь" шіркеуіндегі уағыз. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бірақ шіркеу пасторы Алексей Федоськиннің болжамынша, шіркеуге келушілердің жұмыс берушілері мен құзырлы орган өкілдері бұл тізім туралы біліп қойған. Өйткені қайта тіркеуге өтініш берген бастамашыл топ мүшелеріне қысым көрсетіле бастаған.

Бюджеттік мекемеде істейтін кейбір діндарлар жұмысынан айырылып қалудан қорқады. Арқалық сияқты шағын қалада жұмыс табу өте қиын. Бастамашыл топтың ішінде этникалық қазақтар да бар. Пастордың айтуынша, оларды «христиан дініне өттіңдер» деп жазғырады.

- Бастама тобында 18 этникалық қазақ бар, ал үш адам бюджеттік мекемеде істейді. Үшеуі жұмысынан айырылып қалудан қорқады, - дейді пастор.

Оның айтуынша, «жұмыстан қуыласыңдар» деп қорқытқан соң үш әйел «алдап қол қойдырды» деген арыздың дайын мәтінін өз қолдарымен көшіріп берген.

- Құзырлы органдардың шіркеуге қоятын ешқандай шағым-талабы жоқ екенін естігеннен кейін олар арыздарынан бас тартты, - дейді пастор.

ПРОКУРОРҒА ШАҒЫМДАНУ

Арқалықтағы «Новая жизнь» шіркеуіның пасторы Алексей Федоськиннің айтуынша, бірде құлшылық ету жорасы кезінде шіркеуге келген бір адам келіп, қалам түрінде жасалған арнайы видеокамераға құлшылық ету рәсімін жасырын түсіріп алуға тырысқан.

- «Неге түсіріп жүрсіз?» деген сұраққа ол «ештеңе түсірген жоқпын, камерам да жоқ» деді. Кейін төтенше жағдайлар департаменті мен санэпидемстанциядан тексерушілер келді, - дейді пастор.

Пастордың айтуынша, діндарларды ішкі істер басқармасына шақырта бастаған соң Алексей Федоськин Арқалық қаласы прокурорының орынбасары Дарын Жапабаевқа шағымданған.

"Новая жизнь" шіркеуіне келушілер діни қауымның гимнін айтып тұр. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Новая жизнь" шіркеуіне келушілер діни қауымның гимнін айтып тұр. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бірақ полицияға шақырту әрекеттері тоқтамаған соң ол ақпанның 10-ы күні Арқалық қаласының прокуроры Тұрар Жүсіповке ресми арыз түсіріп, бастамашыл топтың мүшелеріне қысым көрсетушілерді жауапқа тартуды сұраған. Бірақ арызына қатысты әлі жауап алмаған. Пастордың айтуынша, шіркеуге келушілердің кейбіріне әлі қысым жасалады.

Прокурор Тұрар Жүсіпов Азаттық тілшісіне пастор Алексей Федоськиннің арызында көрсетілген жайттар тексеріліп жатқанын айтты. Бірақ ол «Новая жизнь» шіркеуіне қатысты басқа мәселелер жөніндегі сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Былтыр прокурор Тұрар Жүсіпов «Новая жизнь» шіркеуін мемлекеттік тіркеуден өткізу туралы шешімнің күшін жою туралы сотқа талап-арыз беріп, кейін оны қайтарып алған болатын.

Жоғарғы сот сайтындағы дерекке қарағанда, 2013 жылы наурыздың 19-ы күні прокурордың талап-арызын қайтару туралы шешімге Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.С.Дощанова қол қойған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG