Accessibility links

Жаздан бері Алматы қаласы дүкендері мен сауда орталықтарында қант бағасы қымбаттағаны байқалды. Билік «елде қант тапшылығы жоқ» деп мәлімдеді. Кей сарапшылар көтерме саудамен айналысатын ірі компаниялардың жұмысын тексеруге шақырады.

Ел аймақтарында қанттың бір килограмының сату бағасы - 245 теңге. Кей тұрғындар кейінгі бірнеше айда қантты 400 теңгеден сатып алуға мәжбүр болғандарын айтады. Жеміс-жидек, көкөністі маусымдық консервілеу кезінде қанттың қымбаттауы көп әйелдер үшін нағыз проблемаға айналған.

«БАҒА КҮЙІП ТҰР»

Алматылық тұрғын Эльмира Садиева жыл сайын жеміс-жидектен тосап қайнатып, көкөніс тұздайды. Биыл ол былтырға қарағанда, әлдеқайда аз банка жапқан.

- Балаларым тәттіні жақсы көреді. Бәліш, торт сияқты заттарды пісіруге қант көп кетеді. Жазда таңқурай, құлпынай, өріктен тосап қайнаттым. Қант қымбат болып, небәрі 40 литр тосап «жаптым». Қантты супермаркеттен 260 теңгеден алдым, жеміс-жидек те қымбат, сондықтан жапқан бір банка тосабымның құны балдан да қымбат болып шықты. Былтыр қант бағасы биылғыдан көп арзан болатын, 100 мың теңге жалақы алатын жас отбасы үшін қанттың қымбаттауы ауыр тиді, - дейді Эльмира Садиева Азаттыққа.

Алматы тұрғыны Эльмира Садиева.

Алматы тұрғыны Эльмира Садиева.

Алматыдағы «Гастроном» дүкенінің қожайыны Гүлнәр Сейітова жаз айлары мен күздің басында Қазақстанда қант жылда қымбаттайтынын айтады.

- Алғашқы жидектер енді пайда болып, жұрт тосап қайната бастаса болды, қанттың бағасы шарықтап шыға келеді. Көтерме саудамен айналысатындар осыны пайдаланады, біз қантты солардан аламыз. Бағаны реттеумен айналысатын монополияға қарсы комитет бар. Бірақ жылдағы жағдай осы - әркім өзіне тиімді бағамен сатады. Күздің алғашқы айында қант сегіз теңгеге ғана арзандады, - дейді Гүлнәр Сейітова Азаттыққа.

Қант бағасы Алматы қаласынан өзге жерлерде де қымбаттаған. Астана мен Петропавл қалаларының кей тұрғындары қанттың бір килограмын 400 теңгеден сатып алғанын айтады. Оралда қала билігі «бір адамға бес килограммнан артық сатылмасын» деген шектеу қойған.

РЕТТЕЛМЕЙТІН ТАУАРЛАР

Мамыр айынан бастап қалада қант бағасы қымбаттағаны шынымен байқалғанын ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қалалық департаменті басшысы Болат Сәмбетов те растайды.

Ол Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында «Мысалы, Алматыда қант орта есеппен 16 пайызға қымбаттады, негізгі себебі - Оңтүстік Америкадан келетін қант шикізаты - қант құрағының бағасын өндіруші қымбаттатып жіберді. Қазір қант бағасының сәл арзандағаны байқалады, мысалы «Магнум Cash Carry» фирмасының гипермаркеттер желісінде қант 254 теңгеден 249 теңгеге дейін арзандады» деп жазған.

Қант өндірісі мен оны сату саласы бәсекелестік орта саналатындықтан, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті қантты бағасы реттелетін тауар деп санамайды. Болат Сәмбетовтің дерегінше, қанттың өзіндік құнын оны өндіруге жұмсаған шығындары мен баға калькуляциясы негізінде өндірушінің өзі белгілейді.

Жуырда сөйлеген сөзінде елдегі қант бағасына қатысты проблеманы ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев та қозғап «Бағаның белгілі бір шегін реттейтін механизм бар, егер баға белгілі бір деңгейден асып кетсе, біз шекті баға қоя аламыз, ал жергілікті билік кейін оны бөлшек және көтерме сауда базарларында қамтамасыз етуі тиіс. Енді бұл механизмді қарастырамыз» деген болатын.

Жергілікті БАҚ «бағаның қымбаттауына маусымдық сұраныстың көбейгенін пайдаланып, қант бағасын бірден 25 пайызға қымбаттатып жіберген алыпсатарлар кінәлі» деп жазады.

Алматыдағы азық-түлік дүкені.

Алматыдағы азық-түлік дүкені.

КТК телеарнасы «Сарапшылар үш айыптыны тапты, олар – бразилиялық шикізат жеткізушілер, Беларусь импортерлері мен отандық алыпсатарлар екен. Оңтүстікамерикалықтар тауарының құнын қымбаттатып еді, Еуразия экономикалық одағындағы әріптес елдер Қазақстанға қант тасуды аяқ астынан тоқтатып тастады, ал жергілікті саудагерлер бар қантты тығып қойып, тапшылық тудырды» деп хабарлайды.

Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ермек Әбілдиннің Азаттыққа айтуынша, шағын бизнес саласының кез келген субъектісі 10-15 пайыздан артық баға қоспайды, олар қант бағасының қымбаттатуға онша мүдделі емес.

- Баға өздігінен емес, оны жасанды жолмен қымбаттатып отыр, мүмкін бұл көтерме саудамен айналысатындардың бағаны қымбаттатуына байланысты шығар. Ал шағын бизнес субъектілері ешқашан өздігінен бағаны қымбаттатпайды. Бірақ неге екенін қайдам, жергілікті билік, мемлекеттік органдар бірден шағын бизнес субъектілерін, шағын дүкендерді тексеруге кіріседі. Қант бағасы қымбаттамауы тиіс, оның үстіне, қазір жиын-терім науқаны кезі. Қант Қазақстанның өзінде өндіріледі, сондықтан баға керісінше арзандауы тиіс. Ең әуелі көтерме саудамен айналысатындарды тексеріп, бақылау керек, - дейді Ермек Әбілдин Азаттыққа.

Қазақстанда қантты көтерме бағамен сатумен айналысатын қанша компания бар екенін анықтау мүмкін емес,олардың нақты саны еш жерде жоқ. Ресми дерекке сәйкес, қант өндіретін қазақстандық үш зауыттың екеуі жөндеуге жабылған.

Ұсақ дүкендердің көбі қантты көтерме сауда орындары емес, базарлардан сатып алатыны анықталды. Қалалық анықтамалықта көрсетілген компаниялардың телефондары жауап бермейді немесе қайта хабарласуды өтінді. Кейбір компаниялардан комментарий алу үшін Азаттық тілшісінің 10 күндей уақыты кетті.

Алматы қаласында көтерме саудамен қант сататын «Август» агрохолдингі өкілдері Азаттыққа жауап берді. Холдинг өкілі телефон арқылы «Қазір біз қант сатумен айналыспаймыз, жарты жыл бұрын айналысқанбыз, көргеніңіз ескі хабарландыру. Компаниялар қант бағасын қымбаттатпайды, оны түсіндіре алмаймын, қазір аздап қолым тимей жатыр» деумен шектелді.

Петропавл қаласында қант сатумен айналысатын компанияның Азаттық телефон арқылы сөйлескен логист мамандары қазір қант сатумен айналыспайтындарын айтты.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG