Accessibility links

Отандық тауар бағасы өсіп барады


Көк базардағы тұтынушы ақшасын санап жатыр. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Көк базардағы тұтынушы ақшасын санап жатыр. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазанның 20-сы күні теңге бағамының күрт құлдырап, доллар құнының өскеніне екі ай толды. Үкіметтің бағаны бақылауда ұстау туралы мәлімдемелеріне қарамастан екі айда азық-түлік қымбаттап кетті.

Алматыға жақын орналасқан ауылдардың бірінде тұратын Анар мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Бір отбасындағы сегіз жанның екі асыраушысының бірі – өзі. Анардың күйеуі – қалалық бір мекемеде жүргізуші. Екеуінің айлық табысы қосылғанда 100 мың теңгеге жетер-жетпес.

- Алты баламның төртеуі – мектеп жасында. Алды – тоғызыншы сыныпта, арты бірінші сыныпта оқиды. Олардың оқу құрал-жабдығы мен киім-кешегін айтпағанда, күнделікті ішіп жейтін тамағының өзіне біздің отбасылық табысымыз жете бермейді, - дейді Анар Азаттық тілшісіне.

Анар күнделікті жейтін кейбір ұн тағамдарын қолдан пісіреді. Сол себепті екі ай бұрын еркін бағамға жіберілген теңгенің құнсыздануын ас әзірлеген сайын сезеді.

- Нанды қолмен пісіремін, көжеге қажетті кеспе мен еттің нанын да қолдан жаямын. Бұрын Шымкенттен шығатын 25 келілік бір қап ұнды 2 мың 600 теңгеден, ең арзан «Шедевр» деп аталатын сұйық майдың 5 литрін 1 мың 300 тенгеден алатынмын. Қазір ұн 2 мың 800 теңгеге, май 1 мың 800 теңгеге шықты. Ал енді қант, сүт, күріш секілді қажетті азық-түліктердің бағасы күн сайын өсіп жатыр, - дейді ол.

ҚАЗАҚСТАН ТАУАРЛАРЫНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ

Тамыздың 20-сында доллар бағамының күрт көтерілуінен кейін азық-түлік бағаларының өсіп кеткенін сатушылар да айтады. Алматыдағы «Жібек жолы» көшесінде орналасқан азық-түлік дүкені сатушыларының бірі Азаттық тілшісіне тауарлардың бұрынғы бағасы мен қазіргі бағасын салыстыра тізбелеп берді.

Алматыдағы дүкеннің бірі. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы дүкеннің бірі. (Көрнекі сурет)

- Қант 30 тенгеге, сүттер 20 тенгеге қымбаттады. Мәселен 1 литрлік күнбағыс майының бұрынғы бағасы 300 тенге болатын, қазір бұл 440 тенге болды. Бұл – сұйық майдың ең қымбат түрі. Ал ең арзан сұйық май – 385 тенге. Бұрын 290 тенгелік күріштер қазір 320 тенгеден. Бізге бұлардың барлығы қоймадан келеді және барлығы өзімізден, Қазақстаннан шығарылатын тауарлар, - дейді сатушы.

Алайда сатушының айтуынша, бұл бағалар тенге бағамы құлдыраған тамыз айында қатты өсіп, сосын тежеліп қалған.

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы Наурызбай көшесінде орналасқан тағы бір азық-түлік дүкенінің сатушысымен сөйлескен еді.

- Сүтті Америкадан әкелмейміз. Қант пен күріш те өзімізден өндіріледі. Сонда не үшін бұлардың бағасының қымбаттағанын мен де түсіне алмаймын, - дейді Гүлсім есімді сатушы.

Оның сөзінше, дүкеніне алдыратын тауарлар күн сайын 1-2 теңгеден қымбаттап келіп отырады.

- Сүт өнімдері 20-30 тенгеге қымбаттады. Тек «Адал» компаниясы өндіретін сүт өнімдеріне ғана баға қосылған жоқ. Мысалы «Баракат» күріші бұрын 240 теңге болатын, қазір 280 теңгеден, ал 500 грамдық «Пиала» шайы 950 теңге болды, оның девальвацияға дейінгі бағасы 900 болған, - дейді ол.

«ЖАРИЯЛЫҚ БОЛМАҒАСЫН БАҒА ӨСЕДІ»

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тамыз айында теңге екінші мәрте де-факто девальвацияға ұшыраған соң тұтынушыларды қазақстандық тауарлардың құны өспейді деп сендіруге тырысқан еді. Экономист Бейсенбай Зиябековтің Азаттыққа айтуынша, тауар екі жағдайда ғана қымбаттауға тиіс.

Ал біз тұтынып жүрген азық-түлік тауарлары негізінен өзімізден өндірілетіндіктен, олардың қымбаттауына ешқандай негіз жоқ еді.

​ - Экономист қазақстандық азық-түлік тауарларының бағасының қымбаттауына әсер ететін бірнеше факторды атады. - Егер біз күнделікті тұтынып жүрген тауар шетелден тасымалданатын болса немесе Қазақстанда өндірілген, бірақ шетелдік кейбір компененттер қосылған жағдайда ғана баға өсуге тиіс. Ал біз тұтынып жүрген азық-түлік тауарлары негізінен өзімізден өндірілетіндіктен, олардың қымбаттауына ешқандай негіз жоқ еді, - дейді экономист.

- Қажетті азық-түлік түрін өндірушілердің арасындағы бәсекелестіктің, баға саласындағы тәртіптің, баға саласындағы ғылыми негіздің жоқтығы олардың қымбаттауына соқтыруы мүмкін. Себебі бізде бағаның қандай факторлардан өсіп жатқандығын айтып тұратын жариялылық жоқ. Ашығын айтқанда бәсеке, тәртіп, жауапкершіліктің жоқтығы өз өнімдеріміздің негізсіз қымбаттауына жол беріп отыр, - деп сөзін түйіндеді маман.

Ақорда мен оған жақын отандық ірі кәсіпкерлер «отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар теңге бағамының өсуінен зардап шекпейді, жұмыс орындары қысқармайды» деп хабарлап келеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Кәрім Мәсімовті қабылдап отыр. Астана, Ақорда, 19 қазан 2015 жыл. Сурет Қазақстан президенті ресми сайтынан алынды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Кәрім Мәсімовті қабылдап отыр. Астана, Ақорда, 19 қазан 2015 жыл. Сурет Қазақстан президенті ресми сайтынан алынды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев теңге девальвациясынан соң жасаған мәлімдемелерінің бірінде: «Доллар бағамының қандай екенінің бізге не қатысы бар, дұрыс па? Тауар қанша теңге тұрса, алдап сату болмаған жағдайда сонша болып қалады. Мұны да түсіну керек. Біз Қазақстанда теңгемен өмір сүреміз» деген еді.

Бірақ оның қазанның 19-ы күні премьер-министр Кәрім Мәсімовпен кездесуі кезінде сөзі басқаша шықты. «Әлемдегі, соның ішінде Еуропа мен Шығыс Азиядағы экономиканың ахуалын ескере отырып, жағдайдың жуық арада жақсаруын болжау мүмкін емес. Халқымыз қалыптасқан жағдайды білуі тиіс, кәсіпорындарымыздың кірісі азайып, табыстың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал» деді президент.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG