Accessibility links

«Бақылаудағы» бағалар өсіп барады


Базардағы бағалар
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00
Жүктеп алу

Базардағы бағалар

Девальвациядан кейін үкіметтің бағаны өсіртпеуді талап етуіне қарамастан Алматы базарларындағы негізгі азық-түлік түрлері қымбаттап барады. Сатушылар «өздеріне көтерме тауардың қымбатқа түсіп жатқанын» айтады.

Қазақстан үкіметінің ұлттық валютасы – теңгені девальвациялағанына 10 күн өткен кезде Азаттық тілшісі Алматының оңтүстік-батысында орналасқан қала тұрғындары арзан азық-түлік алу үшін жиі баратын «Алтын орда» базарын аралап көрді.

Базардың шығыс жақ шетінде орналасқан көкөніс пен жеміс-жидек сататын бөлігі әдеттегіден тыныш екен. Сатып алушылар саны әжептәуір сиреген. Базардың шығыс бөлігінде 1 келісі 75-85 теңгелік картоп пен пияздың бағасы 100 теңгеге дейін өскен.

Тілшінің «Қымбаттау емес пе, бір апта бұрын 70-75 теңге тұрушы еді ғой деген сауалына сатушылар девальвацияны кінәлап жамырай жауап қатысты.

«ОПТОМ» ҚЫМБАТҚА САТСА, БІЗ НЕ ІСТЕЙМІЗ?»

«Девальвациядан кейін бәрі қымбаттап жатыр ғой. Бізге «оптом» (көтерме бағаға – ред.) әкелетіндер қымбат бағаға сатса, біз не істейміз? Осылардың үстіне 10 тенге ғана қосып сатып тұрмыз» деді аты-жөнін айтқысы келмеген сатушылардың бірі.

Азаттық тілшісі сатушылардан теңге құнсызданған соң базардағы азық-түлік бағасын өсіртпеу туралы өткен аптадан бері үкімет пен жергілікті әкімдіктер түсіріп жатқан нұсқауларды орындамаудың соңы неге соқтыратынын білмек болды.

"Магнум" сауда орталығында жеміс пен көкөністерді адам басына шектеп алу жөнінде ескертпе жазылған. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.
"Магнум" сауда орталығында жеміс пен көкөністерді адам басына шектеп алу жөнінде ескертпе жазылған. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.
«Ол жерде де (әкімдіктерде – ред.) өзіміздің адамдар бар ғой. Алдын ала ескертеді. Сосын тексеретін кезде басқа баға қоя саламыз» деп күлген сатушы: «Сен өзің баға тексеріп жүрген жоқсың ба? Мен бәрін айтып тұрғанда ертең кеп масқарамызды шығарып жүрме?» деп әзілдеді.

Базардың келесі бөлігінде сауда жасап тұрған Әсет есімді сатушы Азаттық тілшісіне ақпанның 11-і күні болған девальвациядан кейін көтерме бағамен тауар өткізушілер импорт қана емес, отандық азық-түлікті де қымбатқа өткізіп жатқанын айтып шағымданды.

«Импорт тауарларға ғана баға қосылады дейді. Қайдағы, мысалы мына «Ақмаржанды» бұрын 120-130 тенгеден сатқамыз. Қазір 170 тенгеге қойдық. Ал бұрын 160 теңгеге сатылған «Лидер» қазір 200 тенге. Екеуі де (күріш сорттары - ред.) Қызылордадан шығады» деді ол.

Азаттық тілшісі бұдан кейін Алматының орталық базарына келген еді. Ел ішінде «Көк базар» аталып кеткен бұл әмбебап базардағы бір келі картоптың ең арзаны 100 тенгеден болса, қымбаты 130 тенге екен. Ал «Алтын орда» базарында 80 тенгеден сатылып жатқан сәбіздердің құны «Көк базарда» 105 тенгеге дейін жеткен.

«Біз көкөністі «Алтынорда» базарынан әкелеміз. Ол жерде азық-түлік күніне 5 тенгеге қымбаттап жатыр. Мысалы пияздың келісін 90 тенгеге алдым, 100 тенгеге сатып отырмын» деді Айым атты сатушы Азаттыққа.

«ЗАҢДЫ-ЗАҢСЫЗ ҚЫМБАТТАТЫЛҒАНЫ АНЫҚТАЛАДЫ»

Азаттық тілшісі Алматының супермаркеттер желілеріндегі бағаларды да байқап көрді. Қаладағы «Магнум» сауда дүкендер желісінде әрбір тұтынушыға 5 килограмм картоптан артық алуға болмайтыны туралы шектеу қойылған болып шықты.

«Көк базардағы» жеміс-жидек пен көкөніс. (Көрнекі сурет)
«Көк базардағы» жеміс-жидек пен көкөніс. (Көрнекі сурет)
​«Магнум» мен «Рамстор» сияқты дүкендер желісінде де бағаның біртіндеп қымбаттай түскені аңғарылады.

Анар – қала шетіндегі базарларға баруға уақыты да, шамасы да жоқ, тек супермаркеттен сауда жасайтын алматылықтардың бірі. Ол «барлық азық-түліктің кем дегенде 10-15 тенгеге қымбаттап жатқанын» айтты.

«Мысалы мына қолымдағы 450 граммдық «Рахмет» шайын бұған дейін 700 тенгеге алып жүргенмін. Бүгін 712 тенге болыпты» дейді Алматыдағы Рысқұлов даңғылының бойында орналасқан «Магнум» дүкенінен жолыққан Анар Азаттық тілшісіне.

Алматы қалалық бәсекелестікті қорғау инспекциясы өкілінің айтуынша бағаны тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзін инспекция бастығының орынбасарымын деп таныстырған Асыл Әлімжанов Азаттыққа: «Қаладағы сауда-саттықпен айналысатын 12 нүктеге бақылау жүргіздік. Қазір алынған есептер тексеруге жіберілді. Қаншалықты заңды-заңсыз қымбаттатылғаны алдағы уақытта анықталады. Жұмыстар жүргізіліп жатыр» деп жауап берді.

Ұлттық банк ақпанның 11-і күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгілеген еді. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теңгенің құнсыздануын «әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық, Ресей рублінің арзандауы» сияқты себептермен негіздеген.

Девальвациядан кейінгі валюта бағамы. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
Девальвациядан кейінгі валюта бағамы. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
Іле-шала Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов үкімет отырысында облыс әкімдеріне «азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар» тауарлардың бағаларын қымбаттатпай ұстап тұру туралы тапсырма берген болатын.

Үкімет пен әкімдіктер көтерме тауар сатушылармен меморандумға қол қою арқылы кейбір тауар түрлерін қымбаттатпауға тырысып жатыр. Бұған келіспеген реализаторларға қатысты үкімет қатаң шара қолданатынын ескертті, бірақ қандай шара қолданылатыны туралы анық айтылған жоқ. Кейбір облыс әкімдері «бағаны өсірмеу туралы тапсырмаға жүрдім-бардым қараған» әкімдік қызметкерлерін жұмыстан шығаратынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG