Accessibility links

Приозерск тұрғындары биліктің уәдесі өздеріне жылу болмай отырғанын айтады


Қаңтардың аязды күні. Приозерск қаласы, 7 қаңтар 2011 жыл.

Қаңтардың аязды күні. Приозерск қаласы, 7 қаңтар 2011 жыл.

Қаңтардың басында Приозерскінің жылу желісіндегі апаттан соң қала үйлерінің жартысы әлі жылусыз отыр. Осында келген үкіметтік комиссияның жұмысшы тобы қаланың алдағы 5 жылғы әлеуметтік даму жоспары әзірленетінін мәлімдеді. Бірақ тұрғындар қаланың тозған жылу жүйесін жаңартып жөндеу туралы талай уәденің орындалмағанын айтады.


13 мың тұрғыны бар Приозерск қаласының тұрғыны Раиса Шайхудалиева жаңа жылдың басынан бері жылусыз суық үйде тұрып жатыр.

«Үйімде жылу жоқ. Жалпы, бұл проблема баяғыдан бар. Мәселен, үйімде ас ішетін бөлмеден басқа бөлмелердегі жылу батереяларының жылу көрмей тұрғанына осымен үш жыл болды. Әкімшілікке барудан да, олардың бос уәделерінен де шаршадым. Ал үйіміздің 2-ші және 3-ші подъездерінде мүлде жылу болмаған. Жертөлеміз болса – «көл», су толып кеткен. Жөндеу жұмыстарын сол жертөлелерден бастау керек, үйді ұстап тұрған - сол. Қаншама тәуір, қалпына келтіруге болатын үйлер бұзылып кетті қаламызда, ойласаң жүрегің ауырады», – деді Раиса Шайхудалиева қаңтардың 11-і күні телефонмен.


БЕС ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАР

Сейсенбі күні Приозерскіде үкімет комиссиясы жұмысшы тобының мәжілісін өткізген экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев алдағы 5 жылға арналған қаланың әлеуметтік-экономикалық кешенді даму
Көшедегі құбырларды мұз басты. Приозерск, 7 қаңтар 2011 жыл.
жоспары жақын арада үкіметке ұсынылады деп уәде берді. Өз сөзінде ол жұмысшы тобының бұл жолғы сапары Приозерскідегі жылу жүйесіндегі апатқа байланысты емес екеніне журналистерді сендіруге тырысты.

Қаңтардың 11-күні телефон арқылы берген сұқбатында Приозерск қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Шұға Макишева қалада бірнеше шағын топ жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

«Тұрғындардың жағдайын біліп, үйлеріндегі жылу құбырларының жарылып кетпеуін бақылау мақсатымен мобильді топтар осы күндері пәтерлерді аралады», – деді Шұға Макишева.

Совет армиясы көшесіндегі қабырғасы жарылып құлағалы тұрған апатты жағдайдағы екі үйдің тұрғындары жергілікті «Причал» қонақүйіне көшірілген. Бірқатар кәсіпорындар зардап шеккен тұрғындарға жәрдем көрсеткен. Осыдан бірнеше күн бұрын Балқаштан сүт өнімдері мен көкөніс тиелген үш автокөлік келіпті.

«Бұл көмек апатты жағдайдағы екі үйден көшірілген тұрғындарға және тұрмысы нашар жандарға, көпбалалы шаңырақтарға үлестірілді. Әзірше 117 отбасына көмек көрсетілді», – деп хабарлады Приозерск қалалық әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы Зауреш Медетбекова.


ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛДЫРҒАН АПАТ

Приозерскідегі 67 көппәтерлі үйдің жартысында тұрғындар Раиса Шайхудалиеваның жағдайын кешіп отыр.
Приозерскідегі көппәтерлі тұрғын үйлердің бірі. 7 қаңтар 2011 жыл.


Былтыр желтоқсанның 29-ы күні қалаға жылу беріп тұрған қазандықтың технологиялық құрал-жабдықтары тозған түтін сорғыларының электр қозғалтқыштары бірінен соң бірі істен шыға бастаған. Соның салдарынан жылу құбырының жарылып кетуінен қауіптенген қалалық жылу желісі кәсіпорыны басшылығы құбырдағы суды ағызып жіберуді жөн деп тапқан.

Сөйтіп, биылғы жаңа жыл -28-30 градус аязбен басталған шақта қаладағы бірқатар тұрғын үйлер мен мекемелер жылусыз қалды. Ал қатты аяздан тұрғын үйлердің кейбірінің құбырында мұз қатып қалған.

Содан бері қалаға облыс әкімінің өзі екі рет келіп, шенеуніктер әбден ескірген жылу жүйесіне қыстың көзі қырауда назар аударып, шапқылай бастағанымен жағдай әлі оңалып кеткен жоқ. Биліктегілердің жағдайды түзеу туралы құрғақ уәделері өздеріне жылу болмай отырғанын мысқыл еткен тұрғындар қаланың тозығы жеткен жылу жүйесін жаңартып жөндеу туралы осыған дейін берілген талай уәденің орындалмай қалғанын айтады.


АУРУХАНАНЫ ПАНАЛАҒАНДАР

Қақаған қыста жылусыз қалған тұрғындар суық үйді жылыту үшін электр құралдарын қоса бастады. Алайда, қуат беруші мекеме тәулік барысында қаладағы электр жарығын сөндіріп отырады.

«Қатып қалған құбырлар суыққа шыдас бермей жарылып жатыр. Үйіміздегі сынап бағынасы 5 градус, ал түнгі уақытта 2-3 градусқа дейін түсіп кетеді.
Ресейдің меншігіндегі офицерлер үйінің ғимараты. Приозерск қаласы. 7 қаңтар 2011 жыл.
Оның үстіне жарықты да өшіріп тастайды. Мәселен, біздің көшеде күндізгі сағат 12-ден 14:00-ге дейін жарық сөндіріледі. Сол кезде жалғыз жылу көзі – электр жылытқышымыз да өшеді. Канализация мен су құбырларына да мұз қатып жатыр. Ыстық су түгілі кейбір көшелерде суық су да жоқ», – дейді қала тұрғыны Мұқан есімді азамат.

Сондайда тұрғындардың кейбіреулері қаладағы жылуы бар орталық ауруханаға барып түнеп жүр. Аурухана бас дәрігері Нұрлан Шагировтың айтуынша, тұрғындар ол мекемеге кешкісін жылынуға келіп, таңғысын үйлеріне қайтады екен.

«48 орындық аурухананы паналап келетіндердің көбісі - қария адамдар мен балалар. Суық тигізіп алған 11 бала түсті, олардың бесеуі бір жасқа дейінгі сәбилер. Осы күндер аралығында 2 сәби дүниеге келді», – дейді бас дәрігер.

Ол электр жылытқыштың ақауынан шыққан өрт салдарынан үйсіз қалған бір отбасының да қазір сол аурухананы паналап жатқанын айтып берді.


«ЖАБЫҚ» ҚАЛАНЫҢ АШЫҚ МӘСЕЛЕСІ

Совет заманында қорғаныс саласына бағынышты жабық қала болған Приозерск қаласында қазір де ресейлік және қазақстандық әскери бөлімшелер орналасқан.

Қазақстан мен Ресей арасында жасалған шарт бойынша, «Сарышаған» әскери сынақ полигоны Ресейге жалға берілген. Сол сияқты Приозерск
Приозерскідегі қаңырап қалған үйлердің бірі. 7 қаңтар 2011 жыл.
қаласының өмір сүруін қамтамасыз ету жөнінде екі тараптың келісімі бар.

Әкімшілік деректері бойынша, қалада барлығы 67 тұрғын үй мен 38 мекеме бар. 18 үйге жылу мүлде тартылмаған. 1991 жылдан бері қаңырып қалған кейбір үйлерге адамдар өз бетімен қоныстанып алған.

Қаладағы екі мектеп пен екі балабақша Ресей үкіметіне қарайды. Қазақстанға қарасты білім мекемелерінің саны да осы шамалас. Қаладағы істен шығып отырған қазандық пен су мекемесі қалалық коммуналдық кәсіпорынға бағынышты.

Приозерскідегі Ресей Федерациясына қарасты үй басқармасының жұмысшысы Владимир: «Қалада Ресейдің көппәтерлі 19 үйі бар. Біз қазандық істен шыққалы демалыссыз таңғы сағат 8-ден кешкі 10-ға дейін сол үйлердің жертөлелерін тоқтаусыз жылытып, құбырының мүлдем қатып қалмауының қамын жасап жүрміз», – дейді.

Ал қазақстандық әскери бөлімшесінде келісім-шарт бойынша қызмет атқарып жүрген Александр жергілікті билікке қарасты кәсіпорын жұмысына көңілі толмайтынын жасырмайды. Ол жылу беру жақын арада қалпына келтіріледі дегенге күмәнмен қарайды.

«Салыстырмалы түрде айтсам, Ресей қызметкерлері қаламыздағы жылу желісінде апат басталғалы тыным таппай жұмыс істеп жүр, ал біздікілер болса, нақты жұмысқа кірісіп отырғаны жаңа ғана», – дейді Александр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG