Accessibility links

Түрмеде отырғандар азайғанымен, қылмыс көбейген


Тамақ ішіп отырған жазасын өтеушілерді күзетіп жүрген полиция қызметкері. Шымкент, 27 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Тамақ ішіп отырған жазасын өтеушілерді күзетіп жүрген полиция қызметкері. Шымкент, 27 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

World Prison Brief ұйымының зерттеуінше, Қазақстанда шамамен 39 мың адам түрмеде отыр. Бұл – 2010 жылмен салыстырғанда екі есе аз көрсеткіш.

Түрмеде отырған азаматтары саны жағынан Қазақстан World Prison Brief халықаралық ұйымының рейтингінде 45-орында тұр. Зерттеу орталығы дерегінше, Қазақстанда соңғы жылдары түрмеде отырғандар саны біршама азайған. Мәселен Қазақстанда 2002 жылы 85 мыңға жуық адам, 2012 жылы 52 мың адам түрмеде отырған. Қазіргі түрмедегілер саны 39 мыңнан сәл асады.

ТҮРМЕДЕГІЛЕРДІҢ 2416-сы – ӘЙЕЛ, 59-ы – БАЛА

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаевтың Азаттыққа берген ресми жауабына қарағанда, Қазақстандағы алты әйелдер колониясында 2 416 әйел отыр. 2011 жылы әйелдер колониясында 4 200-дей сотталушы болған. Ал бір балалар колониясында 59 кәмелетке толмаған жазасын өтеуші бар.

Жанат Кешубаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан 1996 жылдан бері түрмедегілердің санын азайтуға бағытталған шаралар жүргізген. 1996-2011 жылдары бұл елде алты рет рақымшылық жарияланып, 48 мың 600 адам түрмеден босап шыққан.

Инфографика: Қазақстанда рақымшылық жарияланғандар саны

2013 жылы Қазақстан бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі бірлескен «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» атты бағдарлама бастаған. Қазақстан бас прокуратурасының мәлімдеуінше, бұл шара аясында кешірім беру, мерзімінен бұрын шартты түрде босату әдістері мен қоғамдық жұмыстарға тарту, орташа және көп көлемде айыппұл салу жазалары жиі қолданыла бастаған.

Бас прокуратура дерегінше, 2015 жылы 11,6 мың сотталушы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған немесе жазасы жеңілдетілген. Қоғамдық жұмысқа тарту жазасы 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 660-тан 3392-ге өскен. Айыппұл салу жазасы 21,2 пайызға көбейген. 2015 жылы 6 мың адам 3,1 миллиард теңге айыппұл төлеген.

Бірақ бас прокуратура мәліметінше, Қазақстанда заң бұзушылық пен қылмыс саны соңғы төрт жылда төмендемеген. Мәселен, 2011 жылы – 206 мың, 2012 жылы – 280 мың, 2013 жылы – 350 мың, 2014 жылы 340 мың қылмыс тіркелген.

«ЖАЗАЛАРДЫ АУЫСТЫРЫП ЖАТЫР»

Қазақстанда соңғы уақытта түрмеде отырған адамдардың қарасы азайғанымен, қылмыс бәсеңдемей тұрғанын заңгер Гүлнәр Жуасбаева да растайды.

- Мемлекет түрмеде отырғандар санын азайту үшін жазаларды ауыстырып жатыр. Мәселен соңғы уақытта айыппұл салу, қоғамдық жұмыстар жазаларын көбейткен. Бұрын коррупция айыбымен ұсталған адамдарды қамауға алса, қазір оларды шығынды өтесе, босатып жібереді не айыппұл салады, – дейді ол Азаттыққа.

Ал заңгер Арықбай Ағыбаев түрмедегілердің санын азайту шараларын жалғастыра беру қажет екенін айтты. Ол «бірақ заң бұзғандарды жазасыз қалдырмау керек» деп біледі.

- Ұялы телефон ұрлаған немесе ұсақ қылмыс жасаған адамды түрмеге қамау мемлекеттік бюджетке салмақ салады. Себебі бір қылмыскерді ұстауға жылына миллион теңгеге жуық қаржы кетеді. Сондықтан бұл шара да дұрыс шығар. Бірақ заң бұзып, қылмыс жасағандарға тек айыппұл салса, оларды ұзақ уақыт бақылауда ұстау керек. Нәтиже – санда емес, сапада. Айыппұлмен құтылған адамның екінші рет қылмыс жасамауын қатаң қадағалау қажет, – дейді маман.

World Prison Brief зерттеу орталығы дерегінше, Орталық Азия елдері ішіндегі түрмеге азаматтары көп қамалған мемлекеттің бірі – Өзбекстан (42-орын). Бұл елде 44 мыңға жуық адам түрмеде жазасын өтеп жатыр. Түркіменстанда – 30,5 мың, Қырғызстанда – 9,7 мың, Тәжікстанда – 9,3 мың адам түрмеге қамалған.

Инфографика: Түрме тұтқындары көп 10 ел

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG