Accessibility links

Қазақстандық «саяси тұтқындар» - «қасақана заң бұзушылар»


Қазақстандағы қатаң режимдегі түрмелердің бірінің шатыры. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы қатаң режимдегі түрмелердің бірінің шатыры. (Көрнекі сурет)

Түрмедегі оппозициялық саясаткер Владимир Козлов, ақын әрі диссидент Арон Атабек және белсенді Вадим Курамшин жақындарымен ұзақ мерзімге кездесу құқығынан айырылған әрі олар үйіне «төтенше жағдайда» ғана қоңырау соға алады.

«Әлеуметтік араздықты қоздыру» бабы бойынша айыпты деп танылып, жеті жарым жылға сотталған 55 жастағы Владимир Козлов жазасын Алматы облысындағы Заречный кентіндегі колонияда өтеп жатыр. Бір полицей қаза тапқан Шаңырақ оқиғасын ұйымдастырды деп айыпталып, 18 жылға сотталған 62 жастағы Арон Едігеев (әдеби лақап есімі – Арон Атабек) Павлодар түрмесінде отыр. 12 жылға сотталған 41 жастағы Вадим Курамшин жаза мерзімін Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Горный кентіндегі түрмеде өтеуде.

Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары үшеуін де саяси тұтқын деп таныған. Үшеуі - Қазақстанның демократиялық күштері тағайындаған «Азаттық» сыйлығының лауреаты. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары үшеуіне де араша түскен.

Үшеуіне ортақ тағы бір ұқсастық - 2015 жылы олар тұтқын ретінде құқықтары шектелетін «түрме тәртібін қасақана бұзушы» мәртебесін алған. Сондықтан оларға туыстарымен ұзақ мерзімге кездесуге, жақындарына телефон соғуға рұқсат етпейді.

ВЛАДИМИР КОЗЛОВ ТҮРМЕ ІШІНДЕГІ ТҮРМЕДЕ

Сот шешімімен жабылған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғалары кезінде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Жаза мерзімінің жартысын биыл қазанның 23-і күні өтеп бітірген Козловтың мерзімінен бұрын шартты жазамен босауға өтініш беруіне мүмкіндік туған.

Түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов абақты ішінде құқық қорғаушылармен сөйлесіп отыр. 21 шілде 2015 жыл.

Түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов абақты ішінде құқық қорғаушылармен сөйлесіп отыр. 21 шілде 2015 жыл.

Бірақ жеңілдетілген режимге ауысуға заңды мүмкіндік туатын кез жақындаған сайын түрме әкімшілігі «режимді қасақана бұзады» деген уәжбен Владимир Козловқа жаңа «тәртіптік»​ жаза тағайындайды. Ал бұл тұтқынды қатаң жағдайда ұстауға негіз болып саналады. Козлов биыл шілденің аяғынан бастап ұзақ мерзімге кездесу құқығынан мүлде айырылған. Оны мекеменің қалған бөлігінен бөлек қоршалған жеке баракқа, яғни «түрме ішіндегі түрмеге» ауыстырған.

Козлов мерзімінен бұрын шартты жазаға босау мүмкіндігін пайдалануға тырысып, жарты ай бұрын сотқа жүгінген. Бірақ түрме территориясында өткен көшпелі сот оның бұл өтінішін орындаудан бас тартты. Оның адвокаты Айман Омарова соттың бұл шешіміне қарсы Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасына желтоқсанның 21-і күні шағым жолдағанын хабарлады.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан Заречный кентіндегі түрменің қақпасы. Алматы облысы, 8 желтоқсан 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан Заречный кентіндегі түрменің қақпасы. Алматы облысы, 8 желтоқсан 2015 жыл.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова «түрме іші болса да, ерімнің жанында екі-үш күн болуға мұрсат беретін әр кездесуді бақытқа балаймын» дейді. Екеуінің түрмедегі кездесулерінен ұрпақ өрбіп жатыр. Козловтың келіншегі 2014 жылдың қаңтарында дүниеге ұл, ал 2015 жылдың жазында қыз әкелді.

Бірақ енді Козлов жақындарымен кездесу ғана емес, телефон соғу құқығынан да айырылған. Енді ол жақын адамдарының бірі қайтыс болуы сияқты ерекше жағдайда ғана телефон соға алады.

АРОН АТАБЕК. БІР КІСІЛІК КАМЕРАДА ӨТКЕН ЖЫЛДАР

Ақын әрі диссидент Арон Атабек «өзінің» 18 жылын үкімде жазылғандай, қатал режимдегі колонияда өтеуі тиіс болған. Оны 2006 жылдың шілдесінде тұтқындаған, ал 2007 жылы үкім шыққаннан кейін әуелі Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы қатал режимдегі колонияға жіберген. Ол жақта да «Назарбаев режимін әшкерелеген» диссиденттік өлеңдерін жазуды жалғастырған оны «түрме тәртібін қасақана бұзды» деген айыппен екі мәрте Қостанай облысы Арқалық қаласындағы «жабық» түрмеге жіберген. Арқалық түрмесінде өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар отыратын арнайы корпус бар. Хат-хабар жолдау құқығынан айырылған Арон Атабек жаза мерзімінің бір бөлігін әлгі корпустың бір кісілік камерасында өтеп бітірген.

Түрмедегі ақын әрі диссидент Арон Атабек. Сурет 2012 жылы түсірілген.

Түрмедегі ақын әрі диссидент Арон Атабек. Сурет 2012 жылы түсірілген.

2014 жылдың сәуірінде оның Павлодар тергеу абақтысына ауыстырылғаны анықталды. Билік диссидентті өзге тұтқындармен араласып, өзін психологиялық тұрғыдан жеңілдеу сезінетін қарапайым колонияда ұстауға тәуекел еткісі келмейтін сияқты. Арон Атабек пен түрме әкімшілігінің күресі бірде диссиденттің, бірде түрме әкімшілігі жеңісімен жүріп келеді. Жаза мерзімінің жартысын өтеп қойғанына қарамастан, 2015 жылы кезекті жаза тағайындағаннан кейін ол мерзімінен бұрын шартты жазамен босау мүмкіндігінен айырылған. Бұдан бөлек, оны тәртіп бұзғандарға арналған абақтыға (ДИЗА) қамап, түрме тәртібін өрескел бұзушы ретінде мінез-құлқын «үшінші дәрежедегі теріс мінез» деп бағалаған. Бір кісілік (бірақ екі адам отыратын) камераға қамап, сыртқы дүние ғана емес, өзге тұтқындардан да оқшаулап тастаған. Арон Атабек бұған қарсылық білдірген. Кейін оны төрт кісілік камераға ауыстырған, бірақ ол жердің санитарлық жағдайы әсіресе бір тізесі бүгілмейтін кісі үшін ауыр болып шыққан. Кезекті шағымынан кейін оны бұрынғы екі кісілік камераға ауыстырған. Қазір оның жанында камераласы бар.

Желтоқсанның ортасында Unite the Union кәсіподағының Лондондағы штаб-пәтерінде Арон Атабектің өлеңдер жинағының презентациясы өтті. Ағылшын тілінде шыққан Re-Zona-Nce жинағына Арон Атабектің «РЕ-ЗОНА-НС» циклынынан өлеңдер кірген. Оның өлеңдерін орыс тілінен ағылшын тіліне ақын Найал МакДэвид пен музыкант Әлфия Нақыпбекова аударған.

Арон Атабек бес жылдан асатын уақытты бір кісілік камераларда өткізді. Түрме тәртібін «қасақана бұзушы» ретінде Арон Атабектің «ерекше жағдайда» ғана телефон соғу құқығы бар әрі оны ұзақ мерзімді кездесу құқығынан да айырған. Атабек тәртіптік жазаларына қатысты талай шағымданған, бірақ одан нәтиже шықпады.

ВАДИМ КУРАМШИН БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ

Тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған азаматтық белсенді Вадим Курамшин «бопсалау» бабы бойынша 12 жылға сотталған. Ол жаза мерзімін туған өлкесі - Солтүстік Қазақстан облысы Горный кентіндегі айрықша режимдегі колонияда өтеп жатыр.

2015 жылдың қаңтарында Курамшинге жылына бір рет ұзақ мерзімге кездесуге рұқсат беретін тәртіптік жаза белгіленіп, мінез-құлқы«бірінші дәрежелі теріс мінез» деп бағаланған.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин сотта отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл. Суретті азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов түсірген.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин сотта отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл. Суретті азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов түсірген.

Курамшин өзінің және өзге тұтқындардың құқығын қорғауды түрмеде де тоқтатпаған. Биыл сәуір-тамыз аралығында үш рет тәртіптік жаза алып (ескерту, сөгіс және бес тәулікке ДИЗО - тәртіптік абақтыға қамалған), мінез-құлқы «үшінші дәрежелі теріс» деп бағаланғаннан кейін ол түрме тәртібін қасақана бұзатын тұтқынға айналған. Вадим Курамшин колония территориясынан бөлек қоршалған жеке барак ішіндегі «бурбарак» деп аталатын бір кісілік камерада тамыз айынан бері отыр. Түрме әкімшілігі тағайындаған жазаларға қатысты сотқа жүгінген шағымдарынан ештеңе шықпаған.

«Тәртіп бұзуына» байланысты жазалары көбейген Курамшин де Владимир Козлов пен Арон Атабек сияқты туыстарымен ұзақ мерзімді кездесу және телефон соғу құқығынан айырылған. Енді оған жылына үш рет қана қысқа мерзімді кездесуге (әйнек бөліп тұратын бөлмеде екі сағат сөйлесуге) рұқсат береді.

Әйелінің айтуынша, Вадим Курамшин «Саяси тұтқынның сыры» («Исповедь политзаключенного») деген көркем кітап жазуға биыл қаңтардан бастап шындап кіріскен.

- Бірақ сәуірдің 15-і күні оны алдап, әлгі кітаптың қолжабасын тәркілепті. Сондықтан ол аштық жариялады. Бірақ қолжазбасын қашан қайтарып бергенін де, оның аштықты қашан тоқтатқанын да нақты білмеймін, - дейді Екатерина Курамшина.

Түрме әкімшілігі оны ұзақ мерзімге кездесу құқығынан айырғысы келетінін жақсы түсінген Курамшин биыл шілдеде ДИЗО-ға қамау түріндегі кезекті жазаға қарсылық ретінде тағы аштық жариялады.

- Бұл жолы ол шілденің 2-сінен бастап 16 күн ашығып, 12 килограммға жүдеді. Оны ашығып жатқанда да ДИЗО-да ұстады, - дейді Екатерина Курамшина.

Әйелінің айтуынша, аштықтан кейін Вадим Курамшиннің асқазанында эрозиялық гастрит пайда болған. Бірақ ол былтырғы сияқты Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы түрме ауруханасына жіберуді талап етпеген. Әйелінің пікірінше, Курамшин этап кезінде айдауылдар тағы ұрып-соғады деп қауіптенеді әрі әлгі ауруханада жатқан науқастарға деген қатыгездікті өз басынан өткерген.

Биыл жыл басында жеңілдетілген режимге ауысудан үміті болған Курамшин қазір ең қатал жағдайда түрмеде отыр. Екатерина Курамшина «түрме билігі ұзақ мерзімге кездесуге рұқсат бермей, яғни ең жақын әрі аяулы жандарының сүйіспеншілігінен айыру арқылы саяси тұтқындардың ең жанды жеріне тиеді» деп болжайды.

Билік Владимир Козлов, Арон Атабек және Вадим Курамшинді саяси астары бар себептермен қудалап отыр деген айыппен келіспейді. ІІМ-нің мәлімдеуінше, Қазақстанда заң талаптары жазасын өтеп жатқан тұтқындарға ешкімді алаламай, бірдей қолданылады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG