Accessibility links

Қарабас түрмесіне әскер кіргізілгені туралы хабар тарады


Қарабас кентіндегі АК-159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннен алынған.

Қарабас кентіндегі АК-159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннен алынған.

Сотталғандардың туыстары Азаттыққа Қарағанды облысындағы колонияға әскери жасақ кіргізілді деп хабарлады. Ресми билік өкілі қамау орнында «жоспарланған тексеру» жүріп жатқанын айтады.

Қазіргі сәтте Қарабастағы АК -159/18 колониясының алдында 200-ге тарта ата-ана жиналып, іштегі туыстарының жағдайын білуді талап етіп тұр.

«МАСКА КИГЕН ЕКІ КАМАЗ АДАМ»

- Колонияның сыртында 200-ге тарта туыстар тұрмыз, 30-ға жуық полиция өкілдері де тұр. Бізді ішке кіргізбейді, колония қоршауға алынған, - деп үлгерді Дарья Прутко Азаттық тілшісімен телефон әңгімесі үзіліп қалардың алдында.

Өзге туыстардың да телефондары «байланыстан тыс жерде» болды. Біраз уақыттан кейін қайта хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтерген Людмила Доскиева, «байланыстың әдейі өшіріліп жатқанын» айтты.
Қарабас кентіндегі АК -159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннен алынған.

Қарабас кентіндегі АК -159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннен алынған.


- Телефон байланысын «тұншықтырып» тастады. Біздер ешкімге, тіпті ақпарат құралдарына хабарласа алмас үшін. Колония ішінде музыканың дауысы қатты шығып жатыр. Соған қарамастан ішіндегілердің айқайы естіліп жатыр. Таңертең екі автобуспен әскер кіргізілген. Жаңа бір сағат бұрын іші маска киіп алған адамдарға толы екі жүк көлігі («Камаз») келіп, колониядан алшақ жерде тоқтап тұр. Біздің кеткенімізді күтіп тұрған болар, - деді Людмила Доскиева.

Алайда қылмыстық жазасын өтеушілердің туыстары ішіндегілердің жағдайын білмейінше ешқайда кетпейтінін айтады. Сотталғандардың жақындары жалпы режимдегі бұл мекеменің ішінде не болып жатқандығын білгісі келеді.

«ЖОСПАРЛЫ ТЕКСЕРУ, КАРАНТИН ЖАРИЯЛАНҒАН ЖОҚ»

Бүгін түсте жиналғандар алдына түрме басшылығы шығып, «жағдайдың қалыпты екенін, әдеттегі тексеріс жүріп жатқандығын, ал кездесулер уақытша тоқтаған себебі колонияда тұмауға шалдыққандар бар, сондықтан карантин жарияланғанын» айтқан.

- Егер ондай болса, неге әскер кіргізеді? Мен колонияның артқы жағына айналып, плацта сотталғандардың сапта тұрғанын көрдім. Олар сап түзеп жүр, кішкене қиыс кеткендерін ұрып жатыр, жерге құлағандарды қайта тұрғызып, қайта «маршировка» жасатып жатыр, - деді Азаттық тілшісіне сотталғандардың бірінің туысы Евгения Белова.
Қарабас кентіндегі АК -159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннен алынған.

Қарабас кентіндегі АК -159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннен алынған.


Ол 1500 сотталушысы бар колонияға «таңертең шамамен 400 әскер кіргізілген, тағы екі «Камазбен» маска кигендер кіргізілсе, не болады?» деп сұрайды.

Қыркүйектің 20-сы кешкі 18.00 шамасында қоғамдық белсенді Вадим Курамшин Facebook әлеуметтік желісі арқылы: "Зонаға (колонияға - ред.) екі жедел жәрдем келіп жетті. Солдаттар асығыс түрде кетіп жатыр" деп жазды.

Бұл мәселеге қатысты колония басшылығына хабарласқанымызбен ешқандай жауап ала алмадық. Ал Астанадағы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өзін таныстырмаған қызметкері «рұқсат етілмеген заттарды іздестіруге арналған жоспарлы шара өтіп жатқандығын, карантин жарияланбағанын» айтып, телефон тұтқасын қоя салды.

Ал таңертеңнен бері колония ішіндегі жағдайды білмей отырған туыстардың бір бөлігі Қарағанды прокуратурасына арыз тапсыруға шықты. Арызда олар «жағдайдың шын мәнісінде қандай екендігіне көзімізді жеткізу үшін, ең болмаса бір ата-ананы ішке кіргізуды талап еткендерін» хабарлады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG