Accessibility links

Атбасардағы түрме: боямасыз өмір немесе кірпияз бастықтың қалауы


Атбасар түрмесіндегі тұтқындармен кездесуге келгендер. Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 жыл.

Атбасар түрмесіндегі тұтқындармен кездесуге келгендер. Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 жыл.

Парламент депутаты Айгүл Соловьева бүлік шығарған Гранитный түрмесін аралап көрді. Мұндай сапар – Қазақстан қоғамы үшін ерекше оқиға. Ал Азаттық тілшісі басқа түрмеден, Атбасардағы абақтыдан алған әсерін айтады.


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин 24 қаңтарда ілуде бір кездесетін жағымды жаңалық болғанын, яғни сол күні парламент депутаты Айгүл Соловьева алғаш рет Ақмола облысындағы ИК 166/29 түрмесін аралағанын хабарлады. Бұл сапарды құқық қорғаушы «азапталғандар мен олардың туыстары үшін шын мәнінде теңдессіз оқиға» деп бағалады. Өйткені түрмеге анау-мынау емес, парламент депутаты бас сұқты.


ДЬЯЧЕНКО АРШАЛЫ КОЛОНИЯСЫНА ЖІБЕРІЛДІ

Түрмеге барғанын Азаттық радиосы тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде парламент депутаты Айгүл Соловьеваның өзі де растады. Ол 2010 жылы тамызда сотталушылардың бүлігі аяусыз басылған Гранитный түрмесіне барып, тұтқындармен кездескенін айтты.

17 миллионға жуық адамы бар Қазақстан жан басына шаққандағы тұтқындар саны жөнінен, мәселен, Франция секілді 60 миллионнан астам халқы бар елді «артта қалдырып», әлемде 17-орынға шығып отыр.

Айгүл Соловьева 2010 жылы желтоқсанда өз құқықтарының аяққа тапталуына қарсы шыққан, Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамансопка
Парламент депутаты Айгүл Соловьева сотталушылардың туыстарымен кездесіп тұр. Астана, 23 желтоқсан 2010 жыл.
деген атышулы түрмеге ауыстырылғаннан кейін өлтірілу немесе мертіктіру қаупінен сескеніп аштық жариялаған тұтқындардың туыстарымен кездескен еді.

Ескі тау-кен поселкесі Жамансопкадағы түрмеге ауыстырылатындардың бірі Сергей Дьяченко өзін тәртіп бұзғаны үшін емес, «таяқтап, психологиялық тұрғыдан «сындыру», яғни «жөнге келтіру» мақсатында Жамансопкаға әдейі аттандырып отырғаны үшін» аштық жариялағанын Азаттық радиосына айтқан болатын.

Сергей Дьяченкомен болған соңғы әңгіме барысында олардың Солтүстік Қазақстаннан Астанаға қайтарылғаны, аздаған тексерістен кейін соңғы жылдары өздері жазасын өтеп жүрген Ақмола облысының Аршалы кентіндегі колонияға жөнелтілгені мәлім болды.


ТҰТҚЫНДАРДЫ АЗАПТАУ

Вадим Курамшин Гранитный түрмесін аралаған депутат Айгүл Соловьеваға тұтқын Тахир Сүлеймановтың туыстарының хатын тапсырды.

Туыстары Тахирдың 2011 жылы қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияға түсісімен асқан қатыгездікпен азапталғанын хабарлайды. Олар Тахир Сүлеймановты ұрып-соққан жауапты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.

– Азаптау, ұрып-соғу, бопсалау – күнделікті жайт. Бұл колонияда оны өз басымнан талай өткізгенмін, – дейді бұрын өзі де тұтқында болған құқық қорғаушы Вадим Курамшин. «Бұл жердегі азаптаудың неше түрін көріп, тірі қалғаннан кейін азапталғандардың туыстарының мүддесін қорғауға бел шешіп кірістім» деп жазады ол.

Максим Соколов пен Станислав Захаровтың өздерін кемтар қылғаны үшін түрме басшылығын айыптаған бейнежазбалары жаңа жыл қарсаңында интернетте жарық көргеннен кейін интернет-форумдарда Атбасардың ЕЦ 166/4 түрмесінде болған оқиғалар қызу талқыланды.

Сотталушы Максим Соколов 2010 жылдың 29 желтоқсанындағы бейне үндеуінде биліктен «азаптап, омыртқасын сындырған» Атбасар түрмесінің қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.

– Менің медициналық картамда мұны дәлелдейтін құжаттардың барлығы бар. Жоғарыда айтылғандардың негізінде «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін, соның салдарынан денсаулығыма ауыр зақым келтіргені үшін» режимдік-жедел бөлім қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғауларыңызды сұраймын, – дейді Максим Соколов ол үндеуінде.

Азаптау мен ұрып-соғудан омыртқасы зақымданып, өз бетінше жүріп-тұрудан қалған Станислав Захаров та түрме қызметкерлерін осылай айыптап отыр.

– Мені келген бетте аяқ-қолымды қайырып, ақжаймамен асып қойды. Осылай талай азаптады. Өзге сотталғандарды қорқытып-үркіту үшін бе, әлде өздерінің отбасылық бейнеқоры үшін бе – олар әйтеуір бәрін бейнекамераға түсіріп алды, – дейді Станислав Захаров.

Сонымен қатар ол «талдықорғандық Асхаттың да» дәл осылай азапталғанын айтады.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин «мұндай орындар мейлінше жабық болатындықтан және заңсыз әрекеттеріне ешкім «қой» демейтіндіктен қазір түрме бастықтарының жағдайлары өте жақсы. Бұрынғы ГУЛАГ-тан бүгінгі ГУЛАГ-тың айырмасы жоқ» деп мәлімдеді.


АТБАСАР ТҮРМЕСІНДЕГІ КЕЗДЕСУ БӨЛМЕСІ

Азаттық радиосының тілшісі Петропавл қаласының тұрғыны Мария Захаровамен жүздесу үшін алматылық «Время» газетінің тілшісімен бірге Атбасарға шақырылды. Өкінішке қарай, ол кездесуден ЕЦ 166/4 түрмесінің бастығы Нұрлан Тұрмағамбетов бас тартты. Мария Захарова күйеуі Станислав Захаровты азаптаған жауапты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен бас прокурорға жазған хатын осыған дейін интернет арқылы таратқан еді.

Журналистермен кездесу орыны ретінде Атбасар қаласы тектен-текке таңдалмады. Өйткені қатаң режимдегі колонияның қызметкерлері бұған
Сотталушы Станислав Захаровтың зайыбы Мария Захарова Атбасар түрмесінде. Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 жыл.
дейін Мария Захароваға күйеуінің диагнозы туралы медициналық құжатты беруден бас тартқан болатын. Сондай-ақ түрме қызметкерлері Мария Захарованың басқа облыста тұратындығына қарамастан, күйеуімен дәл қай уақытта кездесуге болатынын телефон арқылы айтпай қойған еді.

Колонияға бармас бұрын Атбасар қаласына кіре беріс жол бойындағы арзанқол кафеде кездескенімізде, Мария Захаров «ары-бері жүре беретін шамам жоқ» деді. Бірақ 2011 жылдың 10 қаңтарында да ЕЦ 155/4 колониясы оны күйеуімен кездестірмеді, медициналық құжаттарды да бермей қойды.

Кездесуге арналған шағын таза бөлмеде сөмкелеріне тамақ салып әкелген бірнеше әйел көрдік. Бірақ олар да сотталған туыстарымен кездесер-кездеспесін білмей тұрды. Өйткені қазір осынау түнерген колонияның қызметкерлері кездесетін күнді алдын-ала белгілеуден бас тартатын көрінеді.

Тәуір киінген, бауырымен кездесеріне сеніп тұрған орыс әйел кездесуге рұқсат берілмейтінін естігенде жылап жіберді.

– Сонау Сургуттан келгенімді біле тұра қалайша кездестірмейді!? – деді ол бостандық пен темір торды бөліп тұрған кішкентай терезенің арғы жағындағы отырған погонды қызға қарап жыламсырап.

Вадим Курамшинді колония қызметкерлері бірден таныды, бірақ кейбір «жүрек жұтқандары» ғана бас изеп, амандасқан сыңай танытты.

– Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің арасында да дені дұрыс адамдар бар, – деп қояды Вадим Курамшин бушлат кигендерге бас изеп, сәлемдесіп тұрып.

Вадим Курамшин де басқа сотталушылардың туыстармен бірге «заңды кездесуге» рұқсат алып, түрме бастығының не себептен рұқсат бермей қойғанына байланысты тұщымды жауап естігенше кездесу бөлмесінен шықпайтынын айтып, тұрып алды.

Өкінішке қарай, жұрт қанша сарыла күтсе де түрме бастығы төбесін көрсетпеді, журналистерге сұқбат та бермеді. Алайда аяқ астынан, сағат
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин баспасөз-мәслихатында. Астана, 24 қыркүйек 2010 жыл.
18-ден соң екі сотталушының туыстарына кездесуге рұқсат беріліпті. Оның ішінде әлгі ресейлік әйел де бар екен. Жаңа ғана көз жасын көл қылғанын ұмытқан ол бауырымен кездесу үшін айқара ашылған темір есікке тұра ұмтылды.

Арада бірер күн өткенде Вадим Курамшин «сотталушылардың азаматтық әйелдері болып саналатын екі қыз – әкімшіліктің белсенді көмекшілері» кездесу бөлмесіндегі оның (Вадим Курамшиннің – ред.) жүріс-тұрысына орай шағым түсіргенін хабарлады.


БҰРЫНҒЫ ТҮРМЕ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ СӨЗІ

– Түрмедегі жағымсыз жайттарға тек түрме қызметкерлері ғана емес, сотталушылардың өздері де себепкер болады, – деп мәлімдеді қар басқан Атбасардан екі мың шақырым жердегі Атырау қалалық тергеу абақтысының бұрынғы қызметкері Скайп арқылы берген сұқбатында. Оның айтуынша, Атырау түрмесіндегі жағдай басқаша.

Ол қазіргі кезде Атыраудағы тергеу абақтысы қызметкерлерінің саны штаттық кестеде көрсетілгеннің жартысына ғана тең екенін айтады.

– «Черныйлар» (түрме сленгісі, қылмыскер-рецидивистер – ред.) басқаратын, түрме қызметкерлерінің тергеу изоляторы аумағында тіпті резеңке шоқпармен де жүруіне болмайтын, егер жүре қалса жергілікті «смотрящий» (түрме сленгісі, қылмыстық әлемнің өкілетті өкілі – ред.) жұрт көзінше жазалай алатын зонаға ешкімнің жұмысқа барғысы келмейді, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген бұрынғы түрме қызметкері.

Сондай-ақ ол зонадағы «черныйлардың» өз «әділдіктері» бар екенін, онда жаппай бүлік деген атымен болмайтынын, сол себепті колония басшылығы жайбарақат өмір сүретінін мойындайды. Бірақ ол мұның соңы «қылмыскерлердің бойынан түрмеге қайта түсу қорқынышын аластайтынын», қоғамда қылмыстың одан әрі көбеюіне ықпал ететінін айтады.

2011 жылы қаңтардың 16-сы күні Атырау тергеу абақтысынан үш тұтқын қашып шығып, көп ұзамай қала төңірегінен ұсталған болатын. Абақтының бұрынғы қызметкері Азаттық радиосына берген сұқбатында «оған таңғалатындай ештеңе жоқ» дегенді айтты.

– Үшінші қабаттан бастап тергеу абақтысының сыртқы есігіне дейінгі сегіз темір есікті бұзып шығу мүмкін емес, – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, абақтының ішкі есіктерінің көбі ашық тұрады. Өйткені түрме тәртібін өздері белгілейтін, не істегісі келсе соны істейтін қылмыстық әлем «авторитеттерінің» талабы – сондай.

– Менің бұрынғы әріптестерім қазір екі оттың арасында тұр. Олар тұтқындарға бұрынғыша қатаң қарай алмайды, өйткені қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әсіресе, соңғы кездері мұндай қауіп күшті. Бірақ олар қолдарында нақты билігі жоқ зонада да жұмыс істегісі келмейді. Оданша патрульдік полиция қызметіне барғаны жақсы. Ең болмаса, көшедегі адамдар құрметпен қарайды ғой, – дейді Азаттық радиосына бұрынғы түрме қызметкері.

Бірақ ол қылмыстық-түзету жүйесіндегі проблемаларды шешу жолдары «соның арасында» деген пікірмен келіседі.


ТҮРМЕНІҢ ЖАЙЫН ПРЕМЬЕРДІҢ ДЕ БІЛГІСІ КЕЛЕДІ

– Қазақстан түрмелеріндегі азаптаулар біртіндеп азайып келеді, – дейді құқық қорғаушы Вадим Курамшин.

Ол 25 қаңтар күні Азаттық радиосына берген сұқбатында қылмыстық-түзеу жүйесінде оңды өзгерістер басталғанын айтады.

– Жаңа басшылық келгеннен кейін Ақмола және Қарағанды облыстарына қарасты Гранитный және Долинка поселкелерінің жанындағы колонияларда сотталғандарды қорлау, бопсалау мен ұрып-соғу тыйылды. Қазір қызметкерлер мен сотталғандар заң талаптары бойынша қарым-қатынас жасайды, – деді ол Азаттық радиосына берген сұқбатында.

Вадим Курамшин өзінің хабарламасында «түрмедегі озбырлықтың күні бітті» деп сеніммен жазады

Депутат Айгүл Соловьева Вадим Курамшиннің айтуымен әуелі карантинге жуықта түскен он бес сотталушымен кездескенін айтты. Олар «Гранитныйде өздерін ешкімнің ұрып-соқпайтынын» мәлімдепті.

Депутат түрме жүйесіндегі мәселелерді кешенді түрде шешу керек дегенді айтады.

– Екі тараппен де сөйлесу керек. Абақтыдағы адамның құқын айтқанда оларды күзететін жандардың да құқын сөз етуіміз керек. Күзетушілердің жұмыстарында да, аз айлықтарынан бастап, талай қиындық бар, – дейді Қазақстан парламенті депутаты түрмеге барып қайтқан соң Азаттық радиосы тілшісімен телефон арқылы сөйлескенде.

Әділет министрлігі түрмелердегі жағдайларды ұдайы бақылап отыру үшін жедел басқару орталығын құруды көздейді. Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев 2011 жылы 17 қаңтарда өткен министрлік коллегиясының отырысында ведомствоның қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіріп, халықаралық стандарттарға мейлінше сәйкестендіруге бағытталған салалық бағдарлама жасайтынын хабарлады.

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, премьер-министр Кәрім Мәсімов те бұл салада елеулі проблемалардың бар екенін мойындайды. Ол министрлік коллегиясында: «... Мен осы коллегияға да бірнеше рет қатыстым, КУИС-ке де бардым – «бәрі жақсы», «бәрі тамаша» дегеннен басқа сөз естімедім. Тамашаның соңы мынадай болды. Сөйтсек, тамаша түгі де жоқ екен»,- деді.

«Қай жерде қандай проблемалар бар екенін көріп, бағалау үшін» премьер-министр алдағы кеңеске дайындалу жөнінде тапсырма беріп: «...Қайда, не болып жатқанын тереңірек білгім келеді» дейді.

Парламент депутаты Айгүл Соловьева түрмені аралап шыққаннан кейін Вадим Курамшин «бұл проблемамен шұғылдану саясаткерлер үшін өте тиімді болатынын» айтты.

– Тамыз айында қанды бүлік болған жерге, яғни ИК-29 колониясына Айгүл Соловьева бір-ақ күнге келді. Бірақ сол бір күнде жүздеген, тіпті мыңдаған келешек сайлаушыларының қолдауын алып кетті. Өйткені тұтқын жалғыз емес. Оның артында туыстары мен таныстары бар. Бұл деген сайлаушы-электорат емес пе! Соловьева келгеннен кейін, асыра айтқаным емес, форма киген «азаптаушылар» естерінен танып қала жаздады. Депутат Айгүл Соловьева бастаған ісін соңына дейін жеткізеді, зонадағы бассыздықты шешуге білек сыбанып кіріседі деп сенгім келеді, – деген үмітін айтты құқық қорғаушы Вадим Курамшин.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG