Accessibility links

Түркістан түрмесін сақтап қалуды ұсынды


Түркістандағы «Кіші түрменің» терезелері. Фотоны Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Түркістандағы «Кіші түрменің» терезелері. Фотоны Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Сталин тұсында ішінде адам азаптап, тұтқындар қаза тапқан патша түрмесі қабырғалары Түркістанда сақталып қалған. Бірақ жекеменшікке өткен ғимаратты қожайын бұзғалы отыр. Өлкетанушылар биліктен жерді қайта сатып алуды сұрайды.

Сталин тұсында да ішінде адам азаптап, тұтқындар қаза тапқан патша заманындағы түрме қабырғалары Түркістанда сақталып қалған. Бірақ жер телімімен бірге жеке меншікке өтіп кеткен түрме ғимаратын жаңа қожайын бұзуды жоспарлап отыр. Түрмені мұражайға айналдыру үшін жергілікті өлкетанушылар биліктен жерді қайта сатып алуды сұрайды.

«Кіші түрме» аталып кеткен бұл мекеме Түркістан өлкесін Ресей отарлап болған 19-ғасырдың аяғында салынған. Патша заманында ежелгі Түркістан қаласында «Үлкен түрме» де салынған, бірақ қазір оның орны да қалмаған.

«Кіші түрме» кезінде жекешелендіріліп кеткен, нақтырақ айтқанда ол орналасқан 12 сотық жер телімі 1992 жылы жекеменшікке өткен. Қазіргі қожайын, жергілікті тұрғын Юлдаш Наурызбаев жердің нарыққа сәйкес бағасын төлесе, өлкетанушылардың өтініші бойынша жер телімін қала билігіне қайтаруға қарсы емес.

Жер телімін сатып алу мен мұражайды жабдықтауға ондаған мың доллар ақша керек. Энтузиаст жандар бұл ақшаны мемлекет бөлсе деп үміттенеді. Бірақ жергілікті билік олардың өтініштерін әзірше құптамай отыр.

ЖАС ӨЛКЕТАНУШЫЛАР БАСТАМАСЫ

Көне түрменің кездейсоқ сақталып қалған қабырғалары жас өлкетанушылар – «Әзірет Сұлтан» тарихи мұражайы қызметкері Қайрат Мұсабаев пен жергілікті тарихи-этнографиялық орталықта жұмыс істейтін Ерлан Сыздықовтың көзіне түскен. Бұрынғы түрмеде Сталин респрессиясының құрбандарын еске алатын мұражай ашу үшін екеуі жер телімін мемлекет меншігіне қайтару амалын қарастыруды сұрап, қала билігіне өтініш түсірген. Жас жігіттер баспасөзге бірнеше мақала жариялатып, беделді ақсақалдардан көмек сұраған. Түркістан қаласы әкімінің атына қалалық ақсақалдар кеңесі төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлының қолы қойылған үндеу жолдаған.

Түркістандағы «Кіші түрме». Суретті Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Түркістандағы «Кіші түрме». Суретті Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Елде үкіметтің шетел мұрағаттарынан қазақ тарихы туралы материалдарды да сатып алуды қарастырған «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандықтан, жергілікті билік әуелі жас ғалымдардың бастамасын қолдауға ыңғай танытқан. Көне түрменің орнын тарихи ескерткіштерді қорғау міндеті жүктелген аудандық және облыстық мәдениет басқармасының шенеуніктері келіп, көріп кеткен. Мемлекет қорғауындағы мәдени ескерткіштер жинағы соңғы рет 1994 жылы «Оңтүстік Қазақстан ескерткіштері тізімі» деген атаумен шыққан. Ал «Кіші түрме» бұл тізімге енбей қалған.

Түркістандағы «Кіші түрменің» іші. Суретті Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Түркістандағы «Кіші түрменің» іші. Суретті Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Кейін қала әкімі ауысқан соң, жер телімін қайтадан сатып алуды қаржыландыру идеясы да ұмыт қалған. Қала әкімінің орынбасары Жанболат Ибрагимов Азаттық тілшісіне бұл мәселені тағы бір рет қарап шығып, өлкетанушылардың бастамасына қатысты ұсыныстарын жаңа әкім Әліпбек Өсербаевқа жеткізетінін айтты.

Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысы саяси репрессия құрбандары мұражайының директоры Ханбибі Есенқарақызы Азаттық тілшісіне «бұған биліктің ерік-жігері немесе ақшасы жетпей қалуы мүмкін» дейді.

- Егер ақша болып, ақша бөлініп жатса, қазір жоқтан бар етіп те салып жатыр ғой, ғимаратты қалпына келтіру керек. Онда отырғандардың тізімі бар. Олар репрессиядан кейін де қорқады, бұл қорқыныш әлі күнге сейілмеген сияқты. Тарихи орын ретінде тіркемей қойғандары да содан, -дейді Ханбибі Есенқарақызы.

Түркістандағы «Кіші түрменің» сыртынан қарағандағы көрінісі. Суретті Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Түркістандағы «Кіші түрменің» сыртынан қарағандағы көрінісі. Суретті Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Жер телімі қожайыны Юлдаш Наурызбаев жас ғалымдардың бастамасы мен биліктің жерді қайта сатып алу туралы келісім жүргізуге ниетін құптап, көне түрме ғимаратын бұзу жұмыстарын тоқтатқан. Бірақ ол жер телімін кері сатып алуға қатысты мәселенің шешілуін ұзақ күте алмайтынын айтады. Бизнестің аты - бизнес, кәсіпкерлігін дамытуы тиіс.

- Ол кездегі әкім мені қабылдауына шақырып, кіріп кетуімді өтінген соң барғанмын. Оған бүкіл құжаттарымды көрсеттім. Құжаттарды қарап шығып, «ақылдасамыз, егер министрлік ақша бөлсе, бұл істі әлі талқылаймыз» деген. Бірақ содан кейін әкім ауысып кетті, - дейді Юлдаш Наурызбаев Азаттық тілшісіне.

ҚАНҒА БӨККЕН ҚАБЫРҒАЛАР

Бұрын тергеу абақтысы болған «Кіші түрме» әйгілі Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне таяу маңда орналасқан. Өлкетанушылар Александр Добромысловтың 1912 жылы Ташкентте шыққан әрі «Кіші түрме» туралы да дерек жазылған «Сырдария облысының қалалары» деген кітабына сілтеме жасайды. Түрме бір кісілік екі камера мен 20 адамға есептелген екі үлкен камерадан тұрады.

Мәскеудің Марфо-Маринск қайырымдылық шіркеуінің негізін қалаған әулие ханым Елисавета Феодоровна (болжам бойынша ортада отыр). Суреттің қашан және қайда түсірілгені белгісіз. Фотография көшірмесін Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Мәскеудің Марфо-Маринск қайырымдылық шіркеуінің негізін қалаған әулие ханым Елисавета Феодоровна (болжам бойынша ортада отыр). Суреттің қашан және қайда түсірілгені белгісіз. Фотография көшірмесін Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Революциядан кейінгі жылдары, Лениннің тұсында, бұл өлкеге советтік режимнің қудалауына ұшыраған алғашқы жер аударылғандарды әкелген. Кейбір деректерге қарағанда, олардың ішінде бір бөлігі осы түрмеде отырған монах әйелдер де болған. 1926 жылы Мәскеудің Марфо-Маринск қайырымдылық шіркеуінің Түркістан өлкесіне жер аударылған әйелдерінің кейбірі «Кіші түрмеде» отырған. «Антисоветтік әрекеті» үшін жазаланып, 1933 жылы Түркістан қаласына жіберілген, ата-бабасынан бері аристократ Надежда Эммануиловна Голицина 1938 жылы атылған.

Сталин 1929 жылы бастаған «үлкен торрор» саясаты салдарынан «Кіші түрмеге» жаңа тұтқындар лек-легімен келді. Олар көпке дейін осында қалған немесе Шымкент пен Қызылорданың біріне айдалған.

Бұл қабырғалар патша заманы соттары қылмыскер деп таныған алғашқы тұтқындар мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі дезертирлер мен әскери тұтқындар сияқты талай адамның қайғы-қасіреті мен азап-бейнетінің куәсі болған.

Түрме қабырғасына қаланған кірпіштердің бірінен өлкетанушылар «Дінишов» деген арабша жазуды тапқан. Оның кім болғаны белгісіз. 1937-1938 жылдары өршіген репрессияның қаулаған тұсынде сотсыз, тергеусіз қамалып, жазаланып кеткен жергілікті тұрғындардың бірі болуы мүмкін.

Оңтүстік Қазақстан облысы саяси репрессия құрбандары мұражайы мамандары Сталин тұсында «Кіші түрмеде» отырған 600-ден аса адамның аты-жөнін анықтаған.

Бұл түрмеге Игілік ауылының тұрғыны Әбжаппар Үсенов секілді колхоз құрылысының кейбір басшылары да қамалған. Ол қазақ кедейлерін ашаршылықтан құтқарған, бірақ 1938 жылы тұтқындалып, атылған. Оны марқұм болған кейуанаға құран бағыштағаны үшін тұтқындаған. Ешкімнің батылы жетпеген дұғаны ауылдық советтің 34 жастағы төрағасы оқыған. Келесі күні оны тапанша тағынып, түнерген адамдар жүк көлігіне отырғызып алып кеткен. Әбжаппар Үсеновті ату жазасына кескен, бірақ қайда жерленгені әлі белгісіз.

Болжам бойынша осы адамдардың арасында Садық Өтегенов пен Сералы Лапин болуы тиіс. Фотография көшірмесін Қайрат Мұсабаев жолдаған.

Болжам бойынша осы адамдардың арасында Садық Өтегенов пен Сералы Лапин болуы тиіс. Фотография көшірмесін Қайрат Мұсабаев жолдаған.

- Бұл түрменің тағы бір белгілі тұтқыны – совет үкіметі тұсында тыйым салынған «Алаш» қозғалысының жергілікті қайраткері Садық Өтегенов. 1937 жылы қайта тұтқындаған кезде оны «1918 жылы Түркістан қаласында «Алаш» партиясы съезі өткенде Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сияқты «халық жауларын» үйіңе шақырып, қонақ еттің» деп айыптаған. Атылған, қайда жерленгені белгісіз, - дейді жергілікті өлкетанушы Қайрат Мұсабаев.

Бұл түрме жайлы кейбір маңызды деректер жергілікті жазушы Ордабек Шаяхметовтің 2002 жылы шыққан «Түркістан тұтқыны» деген повесінде келтірілген.

Ұзын дәліз арқылы НКВД-ның кеңсесімен байланысатын болғандықтан, жергілікті тұрғындар «Кіші түрмені» «Ішкі түрме» деп те атаған. Мұнда тергеу жүргізіліп, адамдарды азаптаған. НКВД-ның «халық жауларын» жан түршігерлік азаптаулары дағдылы іс саналған.

Сталин өлгеннен кейін «Кіші түрме» азаматтық нысанға айналып, кейбір деректер бойынша мұнда әуелі аяқ киім тігетін цех, кейінірек наубайхана мен кондитер цехы жұмыс істеген. 1980 жылдардан бастап «Кіші түрме» мен НКВД ғимараттары бос тұрған.

Қазір «Кіші түрме» ғимаратының төрт қабырғасы ғана қалған, өлкетанушылардың айтуынша, төбе болып үйілген қоқыстың астынан жер асты зындандарын табуға болады. НКВД кеңсесі баяғыда бұзылып қалған, оның қай тұста болғанын өлкетанушылар әзірше нақты білмейді.

ТАРИХИ МҰРАНЫ САҚТАУ ЖӘНЕ САҚТАМАУ ДӘСТҮРІ

Оңтүстік Қазақстан облысында жүздеген тарихи және мәдени ескерткіштер бар, коммунистік идеология күйрегеннен кейін мұсылмандар зиярат ететін орындар да көптеп пайда болды.

Облыстық мәдениет басқармасының Азаттыққа жолдаған деректеріне қарағанда, қазір облыс территориясында 1 217 мәдени ескерткіш және мүсін бар. Олардың арасында көрші өзбектер де халық ауыз әдебиетінің танымал кейіпкері санайтын, батырлар жырындағы Алпамыс батырдың 2014 жылдың сәуірінде ашылған ескерткіші сияқты экзотикалық нысандар да бар.

«Кіші түрме» орналасқан Әмір Темір көшесі. Суретті Қайрат Мұсабаев жіберген.

«Кіші түрме» орналасқан Әмір Темір көшесі. Суретті Қайрат Мұсабаев жіберген.

Облыста 24 мұражай тіркелген. Оның ішіне, мысалы советтік мемлекеттік қайраткер Нұртас Оңдасыновтың 10 жыл бұрын ашылған мұражайы да кіреді. Оның тоғыз қызметкерден тұратын штаты облыс бюджеті есебінен қаржыландырылады.

Мұражай, халық батырлары мен көсемдері ескерткіштері, зиярат орындардың көбеюі халықтың өлке тарихы мен ата-бабаларынан қалған мұраға оралуымен түсіндіріледі.

Ал Совет Одағы тұсында Оңтүстік Қазақстан облысындағы жүздеген мешітті жауып, қиратып, 1970 жылдары Түркістанда жерленген қазақ хандарының қорымын бульдозермен күреп тастаған. Оны 1990 жылдары ішінара қалпына келтірген.

Бұрынғы Совет Одағының көптеген елдерінде, Қазақстанда сталиндік террор орындалған орындардың көбі, түрмелер, ату жазасы іске асырылған орындар жер бетінен жойылып кеткен. Түркістан қаласындағы «Кіші түрменің» осы күнге дейін жеткен жұрнағы - Совет Одағының түрме тарихының кездейсоқ сақталып қалған куәсі.

XS
SM
MD
LG