Accessibility links

Түрмедегі қысым туралы шағымды тексерту қиын


ҚАЖК ғимараты алдына арызданып келген түрмедегі адамның туысын полицей тыңдап тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет
ҚАЖК ғимараты алдына арызданып келген түрмедегі адамның туысын полицей тыңдап тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Петропавл түрмесін тексергенін хабарлаған кезде туыстары құқық қорғаушы Курамшиннің «қамауда соққыға жығылғанын» мәлім етті.

Сәуірдің 16-сы күні Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі ондаған сотталушының шағымы негізінде Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/8 түрмесіндегі заңсыз әрекеттерді тексергенін хабарлады.

Осы аптада қамауда отырған құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің қатты соққыға жығылғаны туралы ақпарат пайда болды. Әйелі Екатерина Курамшинаның айтуынша, бұл оқиға Курамшинді қамаудың жеңілдетілген түріне ауыстырмай
тұрған кезде болған.

Наурыз айының ортасында Курамшинмен кездескен адвокаты оның денесі мен бетінен соққы іздерін байқаған. Бірақ Курамшин бар мән-жайды айтудан бас тартқан. Өткен аптаның соңында ғана онымен кездесіп қайтқан әйелі Екатерина Курамшина күйеуінен мән-жайды анықтауға тырысқанымен ол: «Құлап қалғаным туралы түсініктеме жаздым» деп қана жауап берген.
Құқық қорғаушы, белсенді Вадим Курамшин қамаларынан аз бұрын Азаттық радиосында онлайн-конференция өткізіп отыр. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Құқық қорғаушы, белсенді Вадим Курамшин қамаларынан аз бұрын Азаттық радиосында онлайн-конференция өткізіп отыр. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.


Екатеринаның айтуынша, күйеуі «денесіне түскен соққы іздерінің себебін айтса, түрме әкімшілігі тарапынан қоқан-лоқыға ұшырайтынын» жеткізген.

«Әрине, оның құлап қалмағаны анық нәрсе ғой. Өткендегі кездесуде де байқадым. Өте селқос. Әбден басылып қалған. Психологиялық жағдайы өте нашар. Тіпті көз ілмейді десе де болады. Мен оны сондай жағдайда көрем деп ойламаған едім. Оның ауыр халін сипаттауға сөзім де жетпейді. Оған әлі психологиялық қысым жасалып жатыр» дейді Екатерина Курамшина Азаттық тілшісіне.

«ЕНДІ НЕ КЕРЕК?»

Әйткенмен Курашин отырған Солтүстік Қазақстан облысындағы Горный кентіндегі ЕС 164/4 түрмесінің бастығы Уәлихан Байтасов «сотталушы соққыға жығылды» деген ақпаратты жоққа шығарады.

«Мұндай ақпарат қайда жүр? Бұл – жалған. Ол (Курамшин – ред.) жақында ғана дағдылы режимге ауыстырылды. Дүйсенбі күні әйелі ұзақ мерзімді кездесуден шықты. Дағдылы режимге сәйкес, туыстарымен де хабарласып тұрады. Енді не керек, білмеймін» дейді Уәлихан Байтасов.
Сотталғандардың туыстары Ақтөбе түрмесінің алдында хабар ала алмай тұр. Көрнекі сурет
Сотталғандардың туыстары Ақтөбе түрмесінің алдында хабар ала алмай тұр. Көрнекі сурет


Бір жыл бойы қамаудың қатаң жағдайында жазасын өтеп келген Вадим Курамшин сәуірдің 3-і күні қамаудың жеңілдетілген түрі яғни, «дағдылы ұстау режиміне» көшірілген болатын. Бұл режимдегі сотталушылардың апта сайын телефон шалуға, ұзақ мерзімдік кездесу алуларына құқығы бар. Алайда соған қарамастан оған түрмеде психологиялық қысым әлі де жасалып отырғанын айтқан жақындары Курамшин әлденеге ұшырап кете ме деп алаңдайды.

Қазақстан түрмелерінде сотталушыларды ұрып-соғу, оларға қысым көрсету, азаптау оқиғалары сирек болатын жағдай емес. Қамау мекмелеріндегі азаптау мен наразылық акциялары туралы Азаттық үнемі жазып келеді.

«Қапастағы Қазақстан» атты арнайы парақшамызды оқыңыз

«КӨЗБЕН ШОЛЫП ҚАРАЛДЫ»

Әдетте түрмедегі қоқан-лоқы мен қысым фактілері сотталушылардың өз-өзіне қол жұмсауы сияқты наразылық шараларына ұласады. Жақында ғана Ақтау түрмесінде бірнеше сотталушы түрме әкімшілігі тарапынан қысымға шыдамай, тамырларын кескен. Жыл басында Атырау тергеу абақтысында қамауда отырған бірнеше адам өздеріне қысым жасалуына наразылық ретінде тамырларын кескен еді.

Жазалау мекемелерінде қысым барын ресми органдар мойындағанмен олардың дерегінде азаптау фактілері тым азайтылып көрсетіледі. Мысалы, 2013 жылы жарты жыл ішінде азаптауға қарсы тәуелсіз құқық қорғаушылардан құралған коалиция дерегі бойынша, түрмедегі қысым мен азаптау бойынша 201 шағым түссе, үкімет құрған адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметі бойынша 15 қана арыз түскен.
Қаражал түрмесінің алдында қамаудағылармен кездесе алмай отырған туыстары. Көрнекі сурет
Қаражал түрмесінің алдында қамаудағылармен кездесе алмай отырған туыстары. Көрнекі сурет


Ал Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Петропавловск қаласындағы және бір түрмесі - ЕС-164/8 қамау мекемесіндегі жазасын өтеушілерден түскен арызды тексеріп жатыр. Уәкілдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта:

«Мониторинг барысында әңгімелесулер өткізілді және жаңадан келген 40 сотталушы көзбен шолып қаралды, олар түзеу мекемесінің қызметкерлері оларға адамның ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер қолданғаны туралы айтты. Мекемеден алдын ала алынған мәліметтерді, ҰАТ (Ұлттық алдын алу тетігі – ред.) тобының есебін ескере отырып, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қолданатын болады» деп жазылған.

Алайда құқық қорғаушылардың айтуынша, көп жағдайда түрме ішінде болып жататын жазасын өтеушілерге зорлық-зомбылық жасау оқиғалары қоғамға белгісіз күйі қалады. Өйткені Қазақстанда қамаудағы адамдарды азаптау мен оларға қысым жасау туралы шағымдарды тексеру мен кінәлілерді жазаға тарту өте қиын процесс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG