Accessibility links

Туыстары "түрмедегі азаптауды" тексеруді талап етті


Солтүстік Қазақстан облысының Саумалкөл ауылындағы түрмеде отырған тұтқындардың туыстары "Нұр Отан" партиясының алдында тұр. Астана, 21 наурыз 2014 жыл.
Солтүстік Қазақстан облысының Саумалкөл ауылындағы түрмеде отырған тұтқындардың туыстары "Нұр Отан" партиясының алдында тұр. Астана, 21 наурыз 2014 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысының Саумалкөл ауылындағы түрмеде отырған тұтқындардың туыстары осы колониядағы азаптаулар туралы шағымдарды тексеруді талап етеді.

Бүгін Қазақстанның түрлі облыстарынан 13 адам "Нұр Отан" партиясына өтініштерін тапсыру үшін Астанаға жиналды.

Бұған дейін Павлодар облысында жазаларын өтеп жатқан 60 тұтқын 14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы ЕС-164/8 колониясына ауыстырылған еді. Бұдан соң туыстары бірден жаңа түскен тұтқындарды онда аяусыз ұрып-соққанын мәлімдеген.

Тұтқындардың туыстары парламент депутаттарынан комиссия құрып, тексеру жүргізу үшін колонияға баруға шақырды.

Азаматтық белсенді Руслан Оздоевтың айтуынша, туыстары бір аптадан астам уақыттан бері түрмеде не болып жатқанынан хабар ала алмай отыр.

"Біз түрмеге жаңа ауысып барған тұтқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді - оларды басқа жерге орналастыруды талап етеміз. Себебі оларға бұрынғыдай қауіп төніп тұр" деді Руслан Оздоев Азаттыққа.

Солтүстік Қазақстан облысындағы түзеу мекемелеріндегі заңдылықты бақылайтын арнайы прокуратураның мәлімдеуінше, түрмедегі тұтқындарға арнайы құралдарды қолданудың заңдылығын қаржы полициясы тексереді. Прокуратура бұған қоса тұтқындар сот-медициналық сараптамадан өткізілгеннен соң олардан орташа немесе ауыр дәрежеде зардап белгілері "байқалмағанын" айтады.

Бірақ сотталғандардың туыстары мұнымен келіспей, тұтқындардың жағдайы ойдағыдай екеніне көз жеткізгілері келеді. Бірақ түрме әкімшілігі жаңа ауысып барған тұтқындардың "карантинде екенін", карантин кезінде туыстарының сотталғандармен кездесуге рұқсат етілмейтінін айтқан.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG