Accessibility links

Түрмеде өлген тұтқынның туыстары тергеуге наразы


Бақытжан Әбдікәрімовтің жақыны Нұрлыгүл Демпстер (сол жақта) мен адвокаты Снежанна Ким. Алматы, 29 March, 2016

Бақытжан Әбдікәрімовтің жақыны Нұрлыгүл Демпстер (сол жақта) мен адвокаты Снежанна Ким. Алматы, 29 March, 2016

Павлодар абақтысында белгісіз жағдайда қаза тапқан адамның жақындары «тергеу орындары белсене әрекет етпей отыр» деседі. Олар марқұмның ажалын суицид деумен де келіспейді.

Павлодар облысындағы АП-162/3 колониясында жазасын жеңілдету жайлы жазған арызы қаралуға екі күн қалғанда – биыл 24 ақпанда өлі күйінде табылған Бақытжан Әбдікәрімовтің туыстары мен олардың адвокаттары тергеу органдарының әрекетіне наразы.

– Тергеу органдарының бұл іс бойынша белсенді түрде әрекет етпей жатқанын көріп отырмыз. Уақыт өтіп барады, яғни барлық дәлелдер жоғалып жатыр. Қылмыс жасаған адамдар жазадан құтылып кетуі ықтимал, – деді жәбірленуші жақтың адвокаты Аманжол Мухамедьяров наурыздың 29-ы күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Бақытжан Әбдікәрімовтің жақыны Нұрлыгүл Демпстер «марқұмды колонияда айуандықпен өлтірген» деп біледі.

– Мәйітін моргтан өз көзіммен көрдім. Оның сау жері қалмаған. Маңдайында үлкен жарықшақ бар, қолының барлығы тілінген, тамағынан бауыздалған. Полиция мен прокуратура, неге екені белгісіз, «өз-өзін өлтіру жағдайына жеткізу» деген жалғыз нұсқаны айтады, – дейді Нұрлыгүл Демпстер.

Түрмеде қайтыс болған адамның жақындары ол қазаға байланысты іс қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіру жағдайына жеткізу») бойынша қозғалғанына келіспейді. Олар «Бақытжан Әбдікәрімов жазасын жеңілдету жайлы жазған арызы қаралуға екі күн қалғанда өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес» деп күмәнданады. Ал адвокаттарісті 99-бапқа («Адам өлімі») ауыстыру туралы тергеу органдарына өтініш жасағанымен, әзірше жауап болмағанын айтады.

"Әбдікәрімовтің мерт боларынан бұрын жазған хаты" делінген құжат.

"Әбдікәрімовтің мерт боларынан бұрын жазған хаты" делінген құжат.

Бұған дейін Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі жетекшісі Борис Гаврилюк «Әбдікәрімовтің көз жұмар алдында жазған хаты табылған жоқ» деген еді. Бірақ Алматыда бүгін өткен баспасөз мәслихатында марқұмның туысы Нұрлыгүл Демпстер «Әбдікәрімовтің мерт боларынан бір апта бұрын түрме әкімшілігінен қорғаныш сұрап, өзіне доқ көрсеткендерден қорғау туралы жазған хаты» деген құжатты оқыды.

Бақытжан Әбдікәрімовтің туыстары мен адвокаты бас прокуратура мен ішкі істер министрлігін және жұртшылықты бұл іске назар аударуға шақырды.

«ТЕРГЕУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі Бақытжан Әбдікәрімовтің өліміне байланысты жәбірленушілердің мәлімдемелерінен соң сол оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқан мекемеге – Павлодар облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқан еді. Департамент өкіліне қылмыстық істің барысы туралы, марқұмның жақындары мен олардың адвокаттары айтқан деректер жайлы да сауалдар қойылды.

– [Бақытжан Әбдікәрімовтің қазасына] 24 сәуірде екі ай ғана толады екен. Әзірге экспертиза белгіленген. Тергеу жалғасып жатыр. Бар ақпарат – осы, – деп жауап берді Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Сәуле Мусинова.

Павлодардағы АП162/3 колониясының басшылығы тұтқын Әбдікәрімовтің өлімінің себебін «суицид» деп атаған.

Бақытжан Әбдікәрімов «өктемдік көрсетті, денсаулыққа қасақана әрі адам өліміне соқтырған ауыр зардап келтірді» деген айыппен 2015 жылдың 5 маусымында 5 жылға сотталып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге кесілген. Павлодардағы дзюдо спорт мектебі сайтындағы дерекке қарағанда, Бақытжан Әбдікәрімов спорт шебері, дзюдодан Қазақстан чемпионы, жастар арасында өткен СССР біріншілігі жүлдегері болған, көптеген халықаралық жарыстарға қатысқан.

Түрме терезесі. (Көрнекі сурет)

Түрме терезесі. (Көрнекі сурет)

Павлодардағы Бақытжан Әбдікәрімов көз жұмған АП-162/3 колониясы – бұған дейін де құқық қорғаушылар тарабынан сынға ұшыраған түрмелердің бірі. Биыл қаңтарда адам құқығын қорғау бюросының бастамасымен Павлодардағы арасында АП-162/3 де бар бірнеше колонияны аралағаны адвокаттар ол мекемелерде бірнеше тұтқынның азаптау көргендерін айтқанын, бірақ көбі арыз жазудан бас тартқанын мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар «Қазақстан түрмелерінде қысым мен азаптау оқиғалары өте көп кездескенмен, оларды анықтау және кінәлілерді жазалау қиын» дейді. Бірақ елде «тұтқындарды азаптады» деп айыпталған түрме қызметкерлері сотталғаны жайлы хабарлар да арагідік тарап жатады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG