Accessibility links

Түрмедегі «хизбутшының» туыстары азаптауға қарсы шағымданды


Қатаң режимдегі түрменің шатыры. (Көрнекі сурет)

Қатаң режимдегі түрменің шатыры. (Көрнекі сурет)

«Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының түрмеде отырған мүшесі Рафис Галиулиннің туыстары діни сенімінен «бас тартқызу» үшін оны ұрып-соғып жатыр деп шағымданады. Олар тұтқын бостандыққа шығу орнына жаңа мерзім қосып алуы мүмкін деп қауіптенеді.

Астана тұрғыны Рафис Галиулинді 2009 жылдың қазанында тұтқындап, «діни араздықты қоздырды және тыйым салынған ұйымға мүше болды» деген айыппен жеті жылға соттаған. Қазір оның жасы 45-те. Биыл қазанда Рафис Галиулин бостандыққа шығуы тиіс, бірақ туыстары діни сенімінен «жария түрде бас тартпаса», оғана жаңа мерзім қосып беруі мүмкін деп қауіптенеді.​

Тұтқын Рафис Галиулиннің Түркияда тұратын бауыры Рашит Галиулин билік тұтқынды діни көзқарасынан бас тартқызуға тырысып, оның кесімді мерзімін ұзартуы мүмкін деп қауіптенеді. Рашит Галиулиннің айтуынша, бауыры түрмеде соққыға жығылып, қорлауға ұшыраған.

Рашит Галиулин Азаттыққа жолдаған хатында «Мысалы, Рафиске тамақ ішуге небәрі бес-ақ минут береді екен, сондықтан ол ыстық тамақ пен қайнаған суды аузы мен тамағын күйдіріп, апыл-ғұпыл жұта салатын көрінеді» деп жазады. Рашит Галиулинның жазуынша, оған бауыры «Әжетханаға қалаған кезде баруға болмайды,тек бұйрық бойынша барасың, талап сондай. Адамды кемсітетін «ұран шумақтары» мен «рахмет» сөзін айқайлап айтуды талап етеді» деген.

«Бастықтардың әрекетіне қатысты әлдебір шағымым жоқ» деген арызды Рафиске күн сайын жаздырады екен. Олар мұны тұтқын қайтыс болған жағдайда оның қазасына мекеме әкімшілігін айыптамасын деген сақтықпен жасайтын сияқты. Ал түнде «тексереміз» деген сылтаумен сағат сайын Рафистің көрпесін ашып, бетіне жарық түсіреді екен, яғни оны мүлде ұйықтатпайды. Мұндай азаптаумен колония қызметкерлері емес, олар тағайындап қойған түрме белсенділері айналысады» дейді Рашит Галиулин.

ТҰТҚЫННЫҢ ӘЙЕЛІНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Рафис Галиулиннің әйелі әрі «Хизб ут-Тахрир» ұйымына мүше болғаны үшін өзі де сотталған Наталья Войтенкованың Азаттыққа айтуынша, күйеуіне әлі емделу қажет, бірақ оны емдеуді тоқтатқан. Наталья Войтенкова «күйеуімнің түрмедегі жағдайы туралы құзырлы мекемелердің бәріне шағым жолдағаннан кейін мемлекеттік органдардан телефон соғып, шағымдарымды тексеруге уәде етті» дейді. Войтенкова әлгі шағымдарында Жезқазғандағы түрмеде жазасын өтеп жатқан күйеуі Рафис Галиулинді биыл ақпанда туберкулездің ашық формасымен ауыратын тұтқынмен бір камера-купеде Павлодардағы ауруханаға этаппен жіберген. Күйеуі түрме ауруханасына келген соң тұтқындардың ішінен «сайланған» екі белсенді оған және өзге тұтқындарға «күн көрсетпей» қорлаған.

Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова.

Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова.

Рафис Галиулин туыстарымен сөйлескен сайын түрмедегі қорлау-кемсіту әрекеттері мен азаптау жайлы шағымданатын сияқты. Бірде Галиулин әйеліне түрмеден телефон соғып, «Хизб ут-Тахрир» ұйымын видеокамера алдында қаралап, оның мүшелерін «адасқан жандар» деп айт деп күнде «үгіттейді» деген. Оның үстіне, «емделіп бітті» деген уәжбен оны ауруханадан АП-162/2 колониясына ауыстырған. Войтенкова «негізгі сырқатынан (геморрой) айықпаған күйеуімді түрме алаңында марш жасауға мәжбүрлейді екен» дейді.

Павлодардағы түрме бастығының емдеу бөлімі жөніндегі орынбасары «тұтқын Галиулиннің емделу курсы толық аяқталған, оны түрме ауруханасынан сол себепті шығарған» дейді.

Войтенкованың айтуынша, әйелінің әлгі шағымдарынан кейін Галиулинмен кездескен тексерушілер тұтқыннан түрмедегі жағдайын сипаттаған арызын қайта жазуды өтінген. Оның айтуынша, оның кемшіліктер жайлы жазғаны оларға ұнамаған.

- Олар арызын оқып шығып, «Рафис, мына арызыңды қайта жазшы» деп өтінген. Қысқасы, жұмсарта айтқанда, арызын «бәрі дұрыс, бәрі жақсы» деген сарында қайта жазуға үгіттеген. Сонда менің шағымдарымның бәрі өтірік болып шыққаны ма? - дейді Наталья Войтенкова.

36 жастағы Наталья Войтенкованың өзі де бес жылға сотталған, бірақ жазасын өтеуді кейінге (балалары өскенше) қалдырып, оны үш айдан кейін түрмеден босатқан.

БАУЫРЫНЫҢ ҚАУПІ

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен тұтқын Рафис Галиулиннің Түркияда тұратын бауыры Рашит Галиулин «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымын видеокамера алдында қаралап сөйлеуі үшін билік Рафиске қысымды күшейте беретін шығар» деп болжайды.

- Олар кісі өлтірушілерден (ол жерде небір қылмыскерлер отыр ғой) бірдеңеден бас тартуды талап етпейді ғой. Сотталған мерзімін өтесе болды, оларды «бар» деп қоя береді. Ал мұнда «Райыңнан қайт! Қайтпасаң, жаңа мерзім қосып береміз. Әйеліңді қамаймыз! Ұрып-соғамыз!» деп күн көрсетпейді. Осылай мәжбүрлейді. Ал бұл ойлары іске аспаса, басқа амалға көшетіні анық. Олар оны дегеніне көндіру үшін ойларына келгенін істеген. Мұның ақыры Өзбекстандағы сияқты жазасына жаңа мерзім қосумен аяқталатын шығар деп ойлап отырмыз. Ол жақта бұл мүлде үйреншікті практика болып кеткен. Жұрттың айтуынша, қазір мұндай практика Қазақстанда да бар көрінеді, - дейді Рашит Галиулин.

ЫҚТИЯРСЫЗ КЕЗДЕСУ СЫРЫ

Талай жылдан бері түрмеде отырған Рафис Галиулин жуырда туыстығы жоқ бөтен бір адаммен кездескен. Туыстарының дерегінше, әлгі адам оны «Хизб ут-Тахрир» ұйымынан бас тартуға үгіттеген. Бұл ұйымның ерекшілігі – ол «мұсылмандардың жерін» зайырлы мемлекеттерден тазартып, әлдебір «халифат» құруға шақырады. Қазақстан мен әлемнің көптеген елінде оның жұмысына тыйым салынған. Түрмедегі Рафис Галиулинге оның бұрынғы «сыбайласы» әрі діни пікірлесі 28 жастағы павлодарлық тұрғын Тимур Дариев жолыққан. Ол Азаттық тілшісіне Галиулинге жолығуды тиісті адамдар «өтінді» деп мойындады. Дариев «Хизб ут-Тахрир» ұйымынан түрмеде бас тартуға мәжбүр болғанын жасырмайды.

- Түрмеде отырғанда ұйымнан бас тартуға тура келді. «Хизб ут-Тахрир» үшін неге отырмыз деген сияқты мәлімдемемен... Иә, бас тартқаным рас, - дейді ол.

Бірақ ол «Рафис Галиулинге ықпал ету туралы ойым болған жоқ» дейді.

- Негізі, мен оған «Ұйымнан шық, қылығыңа өкін!» деген сөздерді мүлде айтқан жоқпын. Екеуіміздің арамызда «Ұйымнан шық, өкінетініңді айт!» деген сөз, әңгіме мүлде болған жоқ. Оны үгіттейтіндей мен ҰҚК департаменті қызметкері емеспін ғой. Бұл - оның жеке шаруасы, - дейді Тимур Дариев.

Екеуіміздің арамызда «Ұйымнан шық, өкінетініңді айт!» деген сөз, әңгіме мүлде болған жоқ. Оны үгіттейтіндей мен ҰҚК департаменті қызметкері емеспін ғой. Бұл - оның жеке шаруасы.

Дариев «Хизб ут-Тахрир» ұйымынан түрмеде «бас тартқанымен», оны қамаудан шығармаған. Оның айтуынша, түрмеде отырғанда екі рет соттап, мерзім қосып берген. Соның кесірінен әуелгі үкімде кесілген мерзімнен алты ай артық отырған. Түрмеде діни сенімінен бас тартқаннан кейін бостандыққа шыққан.

Дариевпен әлгі кездесуінен кейін Галиулиннің туыстарымен кездесу лимиті бітіп қалған сияқты. Наталья Войтенкова арнайы қызмет органдарының - Рафис Галиулиннің «кураторының» тапсырмасымен Тимур Дариевтің түрмеге баратынын білген әрі оған келіскен. Бірақ ол енді «күйеуіммен қысқа мерзімді кездесуден қағылдым» деп қынжылады. Ал арнайы қызметтің әлгі қызметкері Азаттық тілшісіне «егер Галиулин кездесуге қарсы болса, оны ешкім мәжбүрлемес еді» дейді.

Наталья Войтенкова түрлі мемлекеттік органдарға жолдаған шағымдарына «сырғытпа» жауаптар келіп жатқанын айтады. Бас әскери прокуратура оған Қарағандыдан Галиулинмен бір камера-купеде Павлодарға этаппен келген тұтқын Ақышев туберкулезбен ауыратынын бұрын айтпаған, сондықтан «оны туберкулезге шалдыққан науқас ретінде жеке этаппен жіберуге негіз болмаған» деп жазған. Ал ІІМ-ге қарасты ішкі қауіпсіздік департаментінен АП-162/2 колониясы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты Войтенкованың шағымын «қарайтындарын» хабарлаған хат келген.

Рафис Галиулиннің жаза мерзімі биыл қазанның басында бітеді

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG