Accessibility links

Ана арызынан соң тұтқынның соққыға жығылуы тергеле бастады


Басынан жарақат алған тұтқын Ескендір Түгелбаев түрме ауруханасында жатыр. Тұтұқын анасы Несіпкүл Алпысбаева берген сурет.
Басынан жарақат алған тұтқын Ескендір Түгелбаев түрме ауруханасында жатыр. Тұтұқын анасы Несіпкүл Алпысбаева берген сурет.

Түрмеде жарақат алған жігіттің өгей анасы биліктегілерге арыз айтқан соң бұл іске прокуратура араласты. Дегенмен, бұл қылмысқа қатысы бар адамдар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін дейді ана.

«Өгей балам Ескендір Түгелбаевты біреулер түрмеде соққыға жығып, содан оның бас сүйегі зақымданған» деп санайтын Тараз қаласының тұрғыны Несіпкүл Алпысбаева тек президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазғаннан кейін ғана оң нәтижелер болды дейді.

Бас прокуратура Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына жолдаған хатында: «Сотталушы Е.М.Түгелбаевтың ОВ-156/18 мекемесінде соққыға жығылғандығы туралы Қазақстан президентінің әкімшілігінен келіп түскен Н.Т.Алпысбаеваның арызының дубликатын мәселенің мән-жайын анықтау үшін жіберіп отырмыз. Нәтижесі туралы арыз иесіне және бас прокуратураға жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін хабарлауды сұраймыз» делінген. Хаттың бір көшірмесі Несіпкүл Алпысбаеваға жеткізілген.

ЖОҒАРЫДАН ТҮСКЕН ХАТ

Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетов сотталушы Ескендір Түгелбаевтың соққыға жығылуы туралы іс ерекше бақылауға алынғанын айтты. Ол 12 мамырда «тінту кезінде жазасын өтеуші Ескендір Түгелбаев қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлеріне күш қолданып қарсылық көрсеткендіктен, оған қарсы ПР-73 (резеңке таяқ) [прокурордың өз түсіндірмесі] арнайы құралы қолданылғанын» мойындайды. Жазбаша жауабында Тайымбетов «Несіпкүл Алпысбаеваның арызы жемқорлыққа қарсы қызметтің ауданаралық бөлімінің соталды бірыңғай реестрінде тіркелді» деген.

Тұтқын Ескендір Түгелбаевтың бас сүйегінің жарақат алған бөлігі.
Тұтқын Ескендір Түгелбаевтың бас сүйегінің жарақат алған бөлігі.

Демек ұлының соққыға жығылғандығы туралы Несіпкүл Алпысбаеваның арызынан соң қылмыстық іс қозғалып, прокуратура тергеу барысын бақылауға алған дейді адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Мемлекеттік органдарға жазған арыздарында Несіпкүл Алпысбаева өгей ұлы Ескендір Түгелбаевтың тиісті ем алмай жатқанын айтқан. Мұның алдында түрме басшылығы тұтқын Түгелбаевтың толық медициналық көмек алып отырғанына сендіріп келген. Бұл жолы Семей қалалық прокурорының орынбасары Марат Тұрубаев жігіттің анасына жазған хатында тұтқын жігіттің карбазазепин, актовегин, трамадол, дексаметазон, метрид, гентамицин, манит, инфезол, фурасемид және кетарол сияқты дәрілерді қабылдап жатқанын нақты тізіп берген.

Ананың арызына тек бас прокуратура ғана емес, ішкі істер министрлігі де жауап қатты. Ішкі істер министрлігі ішкі қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Шынтас Манкешов Несіпкүл Алпысбаеваға жазған хатында «арыздың Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасына берілгенін» хабарлаған. Ананың арызы өздеріне жеткендігі туралы хаттар Шығыс Қазақстан облыстық полициясының ішкі қауіпсіздік басқармасынан және мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақтық департаменттен де келген.

«ҮНДЕМЕС» ТҰТҚЫНМЕН АДВОКАТТЫҢ КЕЗДЕСУІ

Шілденің 3-і күні Семей қаласында ОВ-156/15 мекемесінің емханасында жазасын өтеуші Ескендір Түгелбаевпен кездескен адвокат Гүлнар Жуаспаева оның жағдайын көріп қатты шошығанын айтады.

– Ескендір Түгелбаевты кездесуге ұзақ уақыт алып келді. Балдаққа әзер сүйенген ол аяғын сүйретіп, сылбып келді. Бір жағынан оны басқа бір тұтқын демеп жүрді. Белі бүкірейіп қалған, басы қарын тұсында тұр. Үстел басына отырғаннан кейін ғана еңсесін тіктеп, маған қарады. Шаршаған, жүзінен қорғансыздық, шарасыздық байқалады, көзінен азап көргені, қиналғаны сезіліп тұр. Менің кім екенімді, өзін неге кездесуге шақырғанымды біраз уақыт түсінбей отырды. Ескендірдің құлағы естиді, айтқаныңды түсінеді, бірақ сөйлемейді. Сұрақтардың барлығына жазбаша жауап береді, – деп адвокат Гүлнар Жуаспаева болған жағдайды сипаттап берді.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева.
Адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Адвокат Азаттыққа тұтқын Ескендір Түгелбаевтың өзіне берген жазбаша жауаптарының фотокөшірмелерін берді. Жауаптарында ол өзіне Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының тергеушісі, Семей қалалық прокуроры келіп, қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтты дейді. Ол өзін кімнің қалай ұрғанын айтып, куәлік берген және оның айтқандарын куәландыра алатын тұтқынның аты-жөнін айтқан.

«Емдеуші дәрігер «егер сөйлемесең жындыханаға тығамыз» деп қорқытты» дейді Ескендір Түгелбаев. Дәрігер оны әдейі сөйлемей жүр деп ойлайды екен. Тек емдеуші дәрігердің үстінен прокуратураға арыз түсіргеннен кейін ғана қоқан-лоққы тыйылыпты.

Азаттық тілшісіне тұтқын шағым айтқан түрмедегі «санитарлық қалашықтың» невропатолог-дәрігермен байланысуға тырысқанымен, онымен тілдесудің сәті түспеді.

КІНӘЛІЛЕР ЖАЗАЛАНА МА?

Билік басындағыларға жазған арыздарында Несіпкүл Алпысбаева 12 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шуақ ауылында орналасқан ОВ-156/18 жалпы режимдегі түзеу колониясына әскер кіргізу кезінде 24 жастағы өгей баласы Ескендір Түгелбаевтың ауыр соққы алғанын жазады. Оның болжамына қарағанда, ұлының бас сүйегі сынып, сүйегі миына кіріп кеткен. Соның кесірінен ол үш-төрт күн ес-түссіз жатқан. Содан кейін Түгелбаевқа нейрохирургиялық операция жасалып, оны түрменің емханасына жіберген деп жазады Несіпкүл Алпысбаева.

Ал түрме басшылығы 12 мамырда жаза өтеу мекемесінде «жоспарлы тінту шаралары жүргізілді» дейді. Олардың айтуынша, Түгелбаевқа қатысты резеңке шоқпар (өздері мұны резеңке таяқ деп атаған) заңды түрде қолданылған және ол тұтқынның «өмірлік маңызды органдарына бағытталмаған». Олар Түгелбаевтың жағдайы бірқалыпты дейді. Түрме басшылығының айтуынша, Ескендір Түгелбаев 12 мамырда басынан шоқпармен ұрғаннан емес, эпилептикалық ұстама кезінде «өз бойының деңгейінен» құлап түскеннен бас сүйек жарақатын алған.

Колония қызметкерлерінің әрекетін «азаптау» бабы бойынша қарастыру керек деп санаймын.
Адвокат Гүлнар Жуаспаева

Тұтқын Ескендір Түгелбаевтың жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Осы іс бойынша Семейде сот-медициналық сараптама жүргізіліп, ол «орта деңгейде дене жарақатын алған» деген қорытынды шығарылды дейді адвокат Гүлнар Жуаспаева.

– Дене жарақты деңгейімен, қылмыстың квалификациясымен (дене жарақатын салу) келіспеймін. Солардың кесірінен жарақат алғандықтан, колония қызметкерлерінің әрекетін «азаптау» бабы бойынша қарастыру керек деп санаймын, – дейді адвокат Жуаспаева. Қорғаушы апта соңында Семейге барып, тергеушімен кездескенде онымен «азаптау» бабын қолдану мәселесін талқылмақ.

Адвокаттың айтуынша, тергеуші тағы бір сот-медициналық сараптама тағайындаған. Медициналық комиссия «Эпилепсия ұстамасы кезінде бұл дене жарақаттарын алу мүмкін бе?» деген сұраққа жауап бермек. Ескендірдің өгей анасы Несіпкүл «егер тергеу түрме басшылығының нұсқасын қолдайтын болса, онда ұлым өз алған жарақаттары үшін өзі кінәлі болып шығуы мүмкін» деп алаңдайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG