Accessibility links

Вадим Курамшин түрмеде аштық жариялады


Қазақстандық құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 19 шілде 2011 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 19 шілде 2011 жыл.

Солтүстік Қазақстанда түрмеде жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Вадим Курамшин аштық жариялаған. Ол қысымның тоқтатылуын, өзге колонияға ауыстыруды және медициналық көмек талап етіп отыр.

Маусымның 2-сі күні Солтүстік Қазақстан облысы Горный кентінде орналасқан ЕС 164/4 түрмесінде отырған құқық қорғаушы Вадим Курамшин аштық жариялады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Курамшиннің әйелі Екатерина Курамшина мен адвокаты Дмитрий Баранов хабарлады.

Дмитрий Баранов маусымның 2-сі күні түрмеге кездесуге барған кезде Курамшин аштықты бастағанын көрген.

"Ол колония әкімшілігі тарапынан жасалып жатқан қысымның тоқтатылуын, басқа колонияға ауыстыруды сонымен қатар медициналық көмек көрсетуді талап етіп отыр. Соңына дейін баруға ниеттеніп отыр. Аштықтың қаншалықты ұзақ болатынын айта алмайды" деді Екатерина Курамшина Азаттыққа.

Адвокат Барановтың сипаттауынша, Вадим Курамшин соңғы кездері қатты жүдеп, "сүйегі ғана қалған". Ол аштық жариялау Курамшиннің денсаулығын одан сайын нашарлатып жібере ме деп алаңдайды.
Вадим Курамшиннің (ортада) түрмедегі тұтқындар құқығын қорғаушы ретінде танылып жүрген кезі. Астана 1 сәуір 2011 жыл

Вадим Курамшиннің (ортада) түрмедегі тұтқындар құқығын қорғаушы ретінде танылып жүрген кезі. Астана 1 сәуір 2011 жыл


Бұған дейін Вадим Курамшин адвокаты арқылы «түрме әкімшілігінің өзге сотталушыларды өзіне қарсы қойып жатқаны туралы» хабарлаған болатын. Арандату әрекеттерінен қорғану үшін адвокаты маусымның 2-сі күні Курамшинді айыппұл изоляторына ауыстыру туралы өтініш түсіріп, бұл өтініші қанағаттандырылыпты.

"Айыппұл изоляторында жағдай өте нашар ғой. Оны «бетон қап» десе де болады. Курамшин арандату әрекеттерінен қорғану үшін сондай өтініш жасауға мәжбүр" дейді адвокат.

Екатерина Курамшинаның айтуынша, мамыр айында Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы Вадим Курамшинді Семей қаласындағы №35-ші колониясында медициналық тексеруден өткізу туралы қаулы шығарған. Бірақ түрме әкімшілігі оны ол жаққа әлі күнге дейін ауыстырмай отыр.

Азаттық тілшісі Курамшин отырған ЕС 164/4 түрмесіне хабарласқан кезде колония басшылығы «аштық туралы сұрақтарға тек жазбаша ғана жауап беретінін» айтып сөйлесуден қашқақтады. Ал колониядағы медициналық бөлімнің фельдшері Айсұлу Хайруллина Азаттыққа Вадим Курамшиннің денсаулығы туралы комментарий берді.

Курамшиннің аштық жариялауынан «хабарсыз» екенін айтқан қызметкер оның өз еркімен айыппұл изоляторында отырғанын растады.

"Оның денсаулығына қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қан қысымы орташа - 120/80. Оған тыныштандыратын дәрі бердік. Соңғы рет жүйкем ауырып жүр деген болатын. Мен оған «невротикалық синдром» ("невротический синдром") деген диагноз қойдым. Дәрі жазып бердім" деді Айсұлу Хайруллина.

Фельдшердің айтуынша, мамыр айының басында Курамшинді қараған психиатр «паранойяльный синдром» деп диагноз қойып, Семейдегі арнайы мамандырылған ауруханада ем тағайындаған. Әзірге Семейге оны қашан жіберетіні белгісіз.

Түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметі арқылы танылған қоғамдық белсенді Вадим Курамшин 2012 жылғы желтоқсанда «бопсалау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 12 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Курамшин қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы жұрт «Жамансопка» деп атап кеткен тәртібі қатал ЕС 164/4 түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Вадим Курамшин Адам құқығы саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың 2013 жылғы иегері атанған еді. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны «саяси және ар-ұждан тұтқыны» деп таныған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG