Accessibility links

Козлов қатаң тәртіпті бараққа ауыстырылды


Владимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде, 2015 жыл.

Владимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде, 2015 жыл.

Әлеуметтік алауыздықты өршітті деген айыппен түрмеге қамалған, тыйым салынған «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов енді «түрме ішіндегі түрмеге» ауыстырылды. Бұған дейін ол он тәулік бойы түрме карцерінде болған.

Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов Азаттыққа шілденің 27-сі күні Владимир Козловтың «тәртіптік изоляторы аяқталып, ол енді қатаң тәртіпті қамау орнына ауыстырылғанын» мәлімдеді.

ҚАТАҢ ТӘРТІПТІ БАРАҚҚА АУЫСТЫРЫЛДЫ

Осы жылдың басында күшіне енген қылмыстық-атқару кодексінің термині бойынша, Владимир Козлов шілденің 27-сінен бері қауіпсіздігі орташа қамау мекемесінде қатаң тәртіпті жағдайда отыр. Бұл жалпы режимдегі колонияда (қазір ол қауіпсіздігі орташа мекеме деп аталады) жазасын өтеуге кесілген Козловтың бараққа ауыстырылғанын білдіреді. Барақ колонияның аумағында болғанымен, өзгелерден бөлек қоршауда орналасқан.

Ғалымжан Хасеновтың айтуынша, тұтқын Владимир Козловты қатаң тәртіпті қамау орнына ауыстыруға түрмедегі тәртіптік аттестациялық комиссияның оның мінез-құлқын «үшінші дәрежелі теріс деңгейде» деп бағалауы себеп болған. Хасеновтың сөзінше, «бірінші және екінші теріс тәртіп деңгейімен салыстырғанда, үшінші деңгей ең нашары». Қылмыстық-атқару кодексі бойынша, бұл санаттағы жазасын өтеушілер қамау орнында бекітілген тәртіпті қасақана бұзушылар болып саналады. Ал бірінші және екінші деңгейлі тәртіп бұзушылар - жазасын өтеу орнында бекітілген тәртіпті бұзғандар және жүйелі түрде бұзатындар болып бөлінеді.

Заречный кентіндегі түрмеде жазасын өтеп жатқан тұтқындар. Алматы, 21 шілде 2015 жыл.

Заречный кентіндегі түрмеде жазасын өтеп жатқан тұтқындар. Алматы, 21 шілде 2015 жыл.

Тұтқын Владимир Козловты қасақана тәртіп бұзушы деп таныған түрме басшылығы оны 10 тәулікке (17-27 шілде аралығында) карцерге қамап, жазалаған. Оларға сенсек, Козлов бұрын «түрме қызметкерлеріне қоқан-лоққы жасаған және қамау орнының режимін бұзған». Ғалымжан Хасенов қатаң тәртіпке қамалғандар кездесу мен сәлемдеме алу жағынан шектелетінін айтады.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан Владимир Козлов Алматы облысының Қапшағай қалалық сотына соңғы жазалауға қатысты шағым түсірген. Козловтың қорғаушысы Айман Омарова Азаттыққа түрме басшылығы оны «түрме қызметкерлеріне доқ көрсетті, қамау тәртібін бұзды және президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы «жағымсыз» пікірлер айтты» деп жазалағанын жеткізді.

КОЗЛОВ СҰХБАТЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Азаттыққа шілденің 23-інде жарияланған «Козлов аштықты тоқтатты» деген мақалада Алматы және Алматы облысы бойынша азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) тобының жетекшісі Игорь Мирошниченко тұтқын Козловпен кездесуден соң қандай әсерде болғанын Азаттыққа айтып берген еді. Осыдан соң Козловтың жақтастарынан Мирошниченконың атына сын айтқан пікірлер - соның ішінде әлеуметтік желілерде де - аз болмады.

Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмесінде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың 24 шілде 2015 жылы комментарий жазған парақтың фотосуреті.

Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмесінде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың 24 шілде 2015 жылы комментарий жазған парақтың фотосуреті.

Игорь Мирошниченконың дерегіне Козловтың өзі де үн қатты. Тұтқынның өз қолымен қағазға жазған пікірінің фотокөшірмесін Азаттыққа «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина көрсетті.

​«Мирошниченко әкімшіліктің маған таққан айыбы негізді деп санайды, оның сөзінше мен қамау орнының режимін әдейі бұзыппын. Ал мен ондай әрекетке ДЕТРАЛЕКС (нұсқаулықты және жағымсыз әсерлерін қараңыз) дәрісін ішкен соң күннің көзінде ұзақ болып, жағдайым нашарлаған соң бардым. Мирошниченконың сөзін құптайтындай қасында әкімшіліктен ешкім болмады, ол менің айтқанымды және көрген-білгенін әдейі бұрмалап тұр... Тәртіптік оқшаулау орнында (ДИЗО) «температура қолайлы» деп айтқаны таң қаларлық, себебі ол жерде кем дегенде жарты сағат сайын суға шайынуға тура келеді. [...] Егер ҰАТ дәл осылай айтатын білгенде аштықты тоқтатпас едім. Өкінішті. Әділін айтар деп үміттенген едім» деп жазады түрмеде қан тамырлары кеңейіп ем қабылдаған Владимир Козлов.

Ал Игорь Мирошниченко Азаттыққа «теріс пікірлердің көптеп түскенін», оны «ҰАТ мүшелеріне қысым деп бағалайтынын» айтты. «Екі тарапты бірдей тыңдағандықтан, қорлау мен қоқан-лоқы сөздерді сипаттау қиын, дегенмен де жеңілдетілген тәртіптегі қамау орнына ауыстыруды күтіп жүрген сотталушының еркіндікке жол беріп, қателік жасағанын түсіну керек, сондықтан ол заңға сай жазаланды» деп жазған Азаттыққа Игорь Мирошниченко.

ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУ ЕМЕС, АМАН ҚАЛУ МҰҢ БОЛДЫ

Өз пікірінде Владимир Козлов қазіргідей қатаң тәртіпті жағдайда түрме әкімшілігіне оның «шіріту» оңайға түсетінін айтады. «Қатаң тәртіптегі қамауға ауыстырудың жаман жағы – таксофонмен қоңырау шалғызбайды, қаласа жағдайды одан сайын ушықтыру үшін оп-оңай арандату жасай алады, яғни үстімнен жалған себеппен іс қозғап, толық қауіпсіз мекемеге (Арқалық түрмесі) ауыстыра салады» деп жазады Козлов.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов қамауда отырған Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмесі. 5 желтоқсан 2014 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов қамауда отырған Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмесі. 5 желтоқсан 2014 жыл.

«Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзендегі оқиға кезінде «әлеуметтік алауыздықты өршітті» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының бірқатары оны саяси тұтқын санайды. Қазақстаннан оны түрмеден босатуды Еуропалық парламент және бірнеше халықаралық құқық қорғау ұйымдары талап еткен.

Владимир Козловтың туыстары, жақындары және жақтастары енді оны түрмеден босатуды емес, жеке басының амандығын сақтау мәселесін көтеретін болды. Ол Солтүстік Қазақстан облысында түрмеде жатқан кезде де сондай болған. Ал 2014 жылдың наурызында оны Алматының қасындағы түрмеге ауыстырғанда, жақындары қамау тәртібі жеңілдейтін болар деп үміттенген еді.

Бірақ бір жыл бұрын тұтқын Козловқа қатысты жағдай ушығып кетті: өзі үміт еткен жеңілдіктің орнына сөгіс естіді. Түрмедегі аттестациялық комиссия (комиссия төрағасы – түрме басшысы) оның сипаттамасын нашарлатып, соған сай қатаң тәртіпті қамау орнына ауыстырған. Козловтың түрме басшысының ісіне шағымданған әрекеті нәтиже бермеді.

Адвокаты Айман Омарованың айтуынша, қазіргі уақытта Қапшағай сотында Владимир Козловтың түрме басшылығының әрекетіне қатысты түсірген үш шағымы жатыр.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG