Accessibility links

Түрмелерді аралаған комиссияның жұмысына ата-аналардың көңілі толмайды


Жазасын өтеушілердің туыстары кездесуге рұқсат ала алмай тұр. Атбасар, 26 мамыр 2011 жыл
Жазасын өтеушілердің туыстары кездесуге рұқсат ала алмай тұр. Атбасар, 26 мамыр 2011 жыл

Атбасар мен Гранитный түрмесінде жазасын өтеушілердің туыстары депутат Ирак Елекеев бастаған арнайы комиссия адамды қинау фактілерін қаперіне алмай, біржақты шешім шығарған дейді.


Бір топ ата-ана Атбасар мен Гранитный түрмесін аралап, «қысым мен азаптауға қатысты шағымданған ата-аналардың арызы негізсіз» деп қорытынды жасаған арнайы комиссияның жұмысына наразы.

«АФРИКАДАН ПРОКУРОР ӘКЕЛСЕҢ ДЕ, БҰЛ – БІЗДІҢ ЗОНА»

Түрмеде жазасын өтеушілердің туыстары комиссия өкілдерін «түрме әкімшілігімен келісіп алған» деп айыптап отыр.

- Бауырымды колония әкімшілігі бірнеше мәрте ұрып-соққан, қысым көрсеткен. 29 жастағы бауырымның салмағы қазір небәрі 55 кг. Әр келген кезде оның соншалықты жүдеп кеткенін көріп, қатты аяймын. Осы жайында депутат Елекеевке айтқан кезде ол «барлығын қарастырамыз» деп уәде берген еді. Ал колониядан шыққаннан кейін ол сотталушылар тарапынан ешқандай шағым болмағанын, мұны ойдан шығарып алғанын айтқан. Яғни, депутат бізді адам құрлы көрмей отыр, - дейді Атбасар түрмесінде отырған сотталушының әпкесі Лейла Сейсембаева.
Ирак Елекеев, мәжіліс депутаты ЕЦ166/4 түрмесін аралап көріп жүр. Атбасар, 26 мамыр 2011 жыл.

Оның айтуынша, комиссия келердің алдында колонияда «дайындық жұмыстары» жүріп, сотталушылардан түрмеде болып жатқан жағдайларды айтпауды талап еткен. Бауырының тағдырына алаңдап отырған Лейла Сейсембаева осыған байланысты түрме әкімшілігін сотқа беруден басқа амалы қалмағанын айтады.

- Мен оларға (түрме әкімшілігіне - Азаттық) бас прокуратураға шағымданам десем, «тіпті Африкадан прокурор әкелсеңіз де, бұл біздің аймақ, біздің зона» дейді. Мен бауырымның мүгедек болғанын қаламаймын, - деп жылаған Лейла Сейсембаева әрі қарай сөзін жалғастыра алмады.

Лейла Сейсембаева сияқты колониядағы жақындарының тағдырына алаңдап отырған азаматтар көп.

«БҰЛ НЕ МАЗАҚ?»

Солардың бірі Галина Соколова қысымға ұшыраған баласының түрмеде мүгедекке айналғанын айтса, Ольга Еременко (Атбасар) есімді ана ондағы адам төзгісіз жағдайды қинала-қинала баяндап берді.

- ...Аяқ-қолын байлап, асып қояды. Бұл не азап? Бұл не қорлау?... Осының барлығын 35 жастағы балам жүрегі ауыратын анасына айтады деп ойлайсыз ба? Мен Елекеевке «азаптауға қатысты қаптаған түрме жаргондарын білесіз бе» деп сұрақ қойдым, - дейді ашынған ана.
Галина Соколова, ЕЦ166/4 түрмесінде жазасын өтеушінің анасы. Атбасар, 26 мамыр 2011 жыл

Оның айтуынша, осының бірде-біреуін комиссия ескермей, түрме
әкімшілігіның жетегінде кеткен.

- Жарты жыл бұрын баламның денесінен соққының іздерін көрген болатынмын. Мен депутатқа бұл оқиғаның жарты жыл бұрын болғанын ескерттім. Ал ол болса, баламның денесін қарап, «ештеңе жоқ, бәрі жақсы» дей салған. Әрине, жарты жылдың ішінде жазылып кетеді, - дейді Ольга Еременко.

«БҰЛ КУРОРТ ЕМЕС!»

Ал депутат Ирак Елекеев болса, комиссияның сотталушылардың бірде-бірінің денесінен азап пен қинау белгілерін көрмегенін, комиссияның әрі қарай да жұмысын жалғастыра беретінін айтады.
Маған кейбір сотталушылар: «Мені балағаттайды. Неге менімен «сіз» деп сөйлеспейді?» деп айтты. Оларға «Ал сен сол жәбірленушіге пышақ салған кезде сен онымен «сіз» деп сөйлесіп пе едің? Мұнда тәртіпті бұзбасаң, ешкім саған жәбір көрсетпейді» дедім.

«Сонау Павлодар, Екібастұз, т.б. қалалардан түрмеге әдейілеп келген ата-аналардың шағымы бекер емес шығар...» деген сұрағымызға депутат былайша жауап береді.

- Әрине, бұл курорт емес. Маған кейбір сотталушылар: «Мені балағаттайды. Неге менімен «сіз» деп сөйлеспейді?» деп айтты. Оларға «Ал сен сол жәбірленушіге пышақ салған кезде сен онымен «сіз» деп сөйлесіп пе едің? Мұнда тәртіпті бұзбасаң, ешкім саған жәбір көрсетпейді» дедім. Мені дұрыс түсініңіздер. Мен ешкімді қолдап отырған жоқпын, - дейді Ирак Елекеев мамырдың 30-ы күні Азаттық тілшісіне.

Өткен аптаның соңында мәжіліс депутаты Ирак Елекеев бастаған арнайы комиссия ата-аналардың шағымына орай Ақмола облысында орналасқан Атбасар және Гранитный колонияларын аралап, сотталушылардың туыстарымен де кездескен болатын. Ата-аналардың сөзіне қарағанда, депутат олармен сөйлесуге шамамен 15-20 минутын ғана бөліпті. «Ең болмағанда біріміз кірейік» деген ата-аналардың талабына қарамастан оларға комиссиямен бірге кіруіне рұқсат бермепті.

«Тіпті сауалнама жасауға да мүмкіндік бермейді. Осылай жасауға бола ма?» дейді ата-аналардың бірі.

Президенттік сайлау алдында яғни, сәуірдің 1-і күні Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған бір топ ата-ана Астанаға келіп, түзету мекемесіндегі балаларының, жақындарының азаптау мен қысымға ұшырап жатқанын айтып, президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуді талап еткен болатын. Шағымданушылардың алдына шыққан «Нұр-Отан» партиясының өкілдері сайлаудан кейін колониядағы жағдайды тексеру үшін міндетті түрде комиссия жібереміз деп уәде берген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG