Accessibility links

Азаптау жайлы істің басты куәгері сөгіс алды


YouTube-тегі видеода өзін Қуаныш Қаниев ретінде таныстырған адам. (Видеодан скриншот).

YouTube-тегі видеода өзін Қуаныш Қаниев ретінде таныстырған адам. (Видеодан скриншот).

Тұтқынды өлтіру ісі бойынша басты куәгер Қуаныш Қаниевтің жақында бостандыққа шығамын деген үміті өшіп барады. Оған қарсылық акциясын ұйымдастырғаны үшін айып салынды.

Түрме қызметкерлері қамаудағы Шамиль Ярославлевті соққыға жығып, кейін ол қайтыс болған еді. Тұтқынды азаптағандар қамауға алынған. Азаматтық белсенді Руслан Оздоевтың айтуынша, сол оқиғаны әшкерелейтін куәлік бергені үшін түрме басшылығы Қуаныш Қаниевтен өш алып жатыр.

КЕШІККЕН СӨГІС

Қазір Қуаныш Қазиев Павлодар қалалық түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беретін мезгіл жеткенде оның құжаттарының арасынан тәртіптік жаза тағайындап, сөгіс жарияланғаны туралы қағаз табылады. Бұл жаза Қаниевке өзін «барса келмес» деген атқа ие болған қатаң түрмеге ауыстыру жоспарына наразылық танытып, 7 наурызда денесіне жарақат салғаны үшін тағайындалған. Бұл сөгіс оны биыл жазаны жеңілдетуге өтініш беру мүмкіндігінен айырып отыр.

"Тұтқын мұндай келесі өтінішті тек бір жылдан соң бере алады, ал осы аралықта оның әртүрлі жағдайға ұшырауы мүмкін" дейді Азаттыққа берген сұхбатында оның зайыбы Әлия.

Бүлік шыққан түрмедегі туысының хабарын біле алмай жылап отырған әйел. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет

Бүлік шыққан түрмедегі туысының хабарын біле алмай жылап отырған әйел. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет


- Ол 7 наурызда денесін кескен. Бұл әрекеті үшін жаза оған 19 сәуірде, яғни арада бір жарым ай өткен соң тағайындалыпты. Ал заң бойынша мұндай шешім он тәулік ішінде шығуы керек. Оның үстіне оны Астанадан 17 сәуірде алып кеткен, демек Астанадағы түрме басшылары күйеуім кетіп қалғаннан кейін оны жазаға тартқан. Бұл сөгістің заңсыз болатын тағы бір себебі – ол прокуратураның қарсылығына қарамастан, қылмыстық атқару комитеті өзін Атбасар түрмесіне ауыстырмақшы болғанда соған қарсылық шарасы ретінде осындай әрекетке барды, - дейді Әлия.
Денесін кескелі бері үш ай өтті, ал ол өзінің жазаланғанын енді біліп отыр.

"Прокуратура ерімнің Астанадағы түрмеде жасаған қарсылық шарасынан хабардар болды және Қаниевке бұл үшін сөгіс жарияламау туралы уәде де берді. Бұл сөгіс - тек заңсыз шешім ғана емес, түрме басшылығының Қаниевке жасаған қысастығы" деп санайды зайыбы. Осылай ету арқылы олар Қаниевті жазаны жеңілдетуге өтініш беру мүмкіндігінен айырып отыр.

- Әкімшілік жаза тағайындау туралы хат ол отырған Павлодар түрмесіне 14 маусымда келген. Денесін кескелі бері үш ай өтті, ал ол өзінің жазаланғанын енді біліп отыр. Павлодарда ол жеңілдетілген тәртіптегі түрмеге көшірілген, тәртіпке толық бағынады, әкімшіліктің барлық талаптарын орындайды. Енді келіп қайтадан тәртіп бұзушы болып шығады және тек бір жылдан кейін ғана сотқа шағымдануға қақылы, - дейді тұтқынның зайыбы.

Қарағанды қаласының тұрғыны Қуаныш Қалиев 2006 жылы 9 жылға сотталған еді. Ол 2015 жылы желтоқсанда бостандыққа шығуы керек, бірақ өзі ертерек шығуға әрекет етіп жатыр. Заң бойынша, тұтқын жазасының үштен екісін өтесе, сөгіс алмаса - мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуға арыз жазатын хақы бар.

ҚОЛАЙСЫЗ КУӘГЕР

Жазасын өтеуші Қуаныш Қаниев Азаттық оқырмандарына жақсы таныс. Ол 2011 жылы YouTube сайтына жарияланған ұялы телефонға түсірілген бейнежолдаудың басты кейіпкері болды. Бейнежолдауда ол түрмедегі зорлық-зомбылық пен қатігездікке тосқауыл қоюды сұраған. Ол кезде Қуаныш Қаниев Қарағанды облысының Долинка кентіндегі АК-159/7 түрмесінде отырған.



Қуаныш Қаниев 2011 жылғы қарашада Шамиль Ярославлевті ұрып-соққан оқиғаның куәгері болды, кейін оның қазасы үлкен дау-дамайға ұласты.

Азаттық жазасын өтеуші Шамиль Ярославлевтің қазасы туралы репортаждар беріп, оның бауыры Руслан Оздоевтың кінәлілерді жазаға тарту жолындағы күресі туралы материалдар жариялап келеді. Руслан Оздоев түрме жүйесімен күресе жүріп азаматтық белсендіге айналып, түрмедегілердің құқықтарын қорғау шараларына қатыса бастады.

Биылғы қаңтар айында Долинка түрмесінің алты қызметкері 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар қызмет бабын асыра пайдаланып, қамаудағы кісінің өліміне себепкер болғаны үшін кінәлі деп танылды. Осы процеске Қуаныш Қаниев басты куәгер ретінде қатысқан. Түрме басшылығы көрсеткен қысымға қарамастан, ол шынайы мәліметтер берді дейді Оздоев.

Заң бойынша осы сот процесі біткен соң Қуаныш Қаниевті Долинка түрмесінде қалдыруға болмайды, сондықтан ол Астанадағы уақытша түрмеге ауыстырылды. Ол Астанада отырғанда Қуаныш Қаниевтің жақтастары қылмыстық атқару комитетінің тұтқынды Атбасар түрмесіне ауыстыру жоспарын біліп қойып, дабыл қаққан. Оздоевтың айтуынша, Атбасар түрмесі азаптау әрекеттерімен және қамаудағылардың жұмбақ өлімімен әйгілі болған. Қуаныш Қаниев қарсылық ретінде денесін жарақаттап, мұның соңы үлкен дау-дамайға айналып, ақыр соңында оны Атбасарға емес, Павлодарға жөнелту туралы шешім қабылданған.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫНДА

Қуаныш Қаниев отырған Павлодардағы түрменің атауы - АП-162/4. Түрме басшысы подполковник Нұрлан Теміржанов жақында Астана түрмесінен Қаниевке жаза тағайындалғаны туралы хат келгенін айтты.

- Хат келе салысымен оны Қаниевке көрсеттік, - дейді Нұрлан Теміржанов.

Қуаныш Қаниевтің мінез-құлқы жақсы деп сипатталады, егер бұл сөгіс болмағанда, ол жазасының өтелмеген бөлігін жеңілдетілген жазаға ауыстыру туралы өтініш бере алар еді. Егер бұл шешімге қарсылық білдіріп үлгермесе, оның жазаны жеңілдету туралы өтініш беру мүмкіндігі болмай қалады.
Бұл әрекет жазаны өтеу ережелерін бұзу шарасы деп танылған жоқ. Ол өз әрекетін наразылық шарасы деп таныстырды.

Павлодар облысы бойынша арнайы прокуратураның атын айтпауды өтінген өкілі Азаттық тілшісіне басқаша пікір білдірді. "Арнайы прокуратура Қаниевке қатысты ақпараттың бәріне қанық және оның жазаны жеңілдету туралы өтініш беруіне ешқандай кедергі жоқ" дейді прокурор.

- Иә, оның Астанада дене мүшесін жарақаттағаны рас. Бұл әрекет жазаны өтеу ережелерін бұзу шарасы деп танылған жоқ. Ол өз әрекетін наразылық шарасы деп таныстырды. Бас прокуратураның «бұл дене мүшесін жарақаттау әрекеті емес, наразылық шарасы» деген тұжырым жасаған қарсылығы бар. Демек, бұл оның жазасын жеңілдету жөнінде өтініш беруіне ешқандай кедергі жасамайды. Бұл кісіні біз жіті қадағалап отырмыз, - дейді прокурор.

Азаматтық белсенді Руслан Оздоевтың айтуынша, Қаниевтің іс құжаттарында аяқ астынан пайда болған сөгіс түрме басшылығының кек алу шарасы болуы мүмкін. Қазір ол бас прокуратураға шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беруге келтіріп отырған кедергілерді алып тастауды өтініп арыз жазып жатыр.
Павлодардағы түрмеге ауыстырардан бұрын да Қуаныш Қаниев жазасын жеңілдету туралы өтініштер берген, алайда түрлі себептермен оның өтініші қанағаттандырылмаған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG