Accessibility links

Парламент «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң жобасын қабылдады. Кейбір журналистер мен құқық қорғаушылар бұл заң билік иелерінің мүддесі үшін қажет деп санайды.

Сәуірдің 18-і күні парламент отырысында «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң жобасын мақұлдаған сенат депутаттары осы жобаға ілеспе «Дербес деректер және оларды қорғау бойынша заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты жобаға бірнеше түзету жасап, мәжіліске жіберді.

Негізгі заң жобасын ұсынған ішкі істер министрлігінің ресми түсіндіруі бойынша заңның мақсаты – азаматтардың дербес деректерін жинау және өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Жоба дербес деректерді жинауға, өңдеуге және қорғауға байланысты субъект, меншік иесі, оператор және үшінші тұлға арасындағы қатынастарды реттейді, олардың құқықтары мен міндеттерін заңнамалық тұрғыда белгілейді.

Оралдық журналист, қоғамдық белсенді Лұқпан Ахмедьяров шенеуніктер мен лауазымды тұлғалардың дербес деректерін жариялағаны үшін 12 рет сотқа тартылған. Оның 11-інде лауазымды тұлғалар жеңіп шыққан.

«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров "Жаңаөзен сотына" қатысты куәгер болған марқұм Александр Боженконың өліміне қатысты наразалық шарасын өткізіп тұр. АҚШ, Вашингтон, 17 тамыз 2012 жыл. Сурет Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.

«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров "Жаңаөзен сотына" қатысты куәгер болған марқұм Александр Боженконың өліміне қатысты наразалық шарасын өткізіп тұр. АҚШ, Вашингтон, 17 тамыз 2012 жыл. Сурет Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.


- Бір ғана жағдайда сот маған қатысты шағымды қанағаттандырған жоқ. Ал қалғандарының барлығында мен жеңіліп қалдым. Маған салынған ең үлкен айыппұл 20 миллион теңге, ең азы 70 мың теңге. Соңғы сот шешімдерінің барлығы дербес деректерге қатысты. Бір лауазымды кейіпкерімнің басқа бір ықпалды саясаткермен туыс екенін жариялағаным үшін 5 миллион теңге беруім керек. Бұдан бөлек полиция офицерінің кезінде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүргені жайлы жаздым. Бұл факт сотта да расталғанына қарамастан судья мұны оның «дербес дерегі» деп маған 1,5 миллион теңге төлеуді міндеттеді,- деді журналист.

Журналистің сөзінше, бұл заң «қоғам мүддесі емес, биліктегілердің корпоративтік мүддесі үшін» қабылданып отыр.

- Биліктегі «ағалар» заңмен өздерін қорғамақшы. Олардың көпшілігі жемқорлыққа белшесінен батқан, өз тәжірибемнен білемін, кезінде сотталып, қылмыс жасағандары да аз емес. Міне бұл ақпараттарды мен қоғамдық маңызы бар деп білемін. Оны халық білуі керек. Ал оны қоғамнан жасырудың бір жолы – заңмен қорғау, - дейді Лұқпан Ахмедьяров.

«АЛАЯҚТАРҒА ЖЕМ ҚЫЛМАУ»

Жобаны талқылауға қатысқан мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтің сөзінше, бұл заң қоғамның барлық мүшесін қорғамақ.

- Сіздің туған күніңізден бастап о дүниеге аттанып кеткенге дейінгі өмірбаяныңыз туралы барлық мәліметтер дербес дерек болып табылады. Ата-анаңыздан бастап, асыранды бала болса, оны да рұқсатсыз жариялауға болмайды. Бұл ешкімге, оның ішінде журналистерге кедергі келтірмейді. Сіз де, мен де қоғамның бір мүшесімін. Менің де, сіздің де, диқаншының да беделі заңмен бірдей қорғалуы тиіс. Жеке адамның мүддесі мен беделіне залал келтірмес үшін, қорғау мақсатында жасалынып жатыр, - деді депутат.

Оның айтуынша, кез-келген адамның өзінің бірнеше рет үйленіп, не абайсызда істі болғаны жайлы жария еткісі жоқ. Ал ондай ақпараттың көпке қол жетімді болуы – бопсалаумен күн көретін алаяқтарға жем болуға соқтырады.
Қазақстан парламенті мәжілісінен көрініс.

Қазақстан парламенті мәжілісінен көрініс.


- Алайда, мемлекеттік қызметтегі адамның шет елде есеп шоты бар болса немесе жұмыс уақытында демалысқа кетіп, той өткізіп, жаман-жат әрекет жасаса, егер ол туралы жазған журналисттің қолында бұл әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар болса, оған еш талас жоқ. Ал егер ол жазғандар «ол айтыпты-мыс, көріпті-міс» дегендей болса, автор да, ақпарат құралы да жауап береді, - деді депутат.

Рамазан Сәрпеков заң бойынша дербес деректерді рұқсатсыз жариялағандар әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін дейді. Әкімшілік жаза бойынша 50-200 айлық есептік көрсеткіш (87 мың - 346 мың теңге) көлемінде айыппұл салынса, қылмыстық жаза – 200-400 айлық есептік көрсеткіш (346 - 692 мың теңге) көлемінде айыппұл. Одан бөлек келтірген залалдың көлеміне қарай 3 жылға дейін түзеу жұмыстарына тартылу және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

«ЭНЦИКЛОПЕДИЯ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНУЫ МҮМКІН»

Азаттық тілшісімен сөйлескен құқық қорғаушылардың басым көпшілігі «дербес деректерді қорғау» туралы сөз шыққанда бірден журналистерді ауызға алды. Бұл заңды асыра сілтеп қолданудан БАҚ өкілдері көбірек зардап шегуі мүмкін деген қауіп бар екені сезілді.

Тілшіге Қазақстанда азаматтың жеке өміріне қатысты ақпаратты заңсыз жинап, оны таратқан журналисті қатаң жазалайтын заң онсыз да бар екенін атап айтқан «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Қалеева бұл заңның қажеттілігін түсінбейді.

- Дербес дерек те адамның жеке өміріне қатысты ақпаратқа жатады. Ол бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұл қазіргі қолданыстағы заң. Бұдан бөлек, әкімшілік кодекстің 45-бабында суретке қатысты шектеу айтылады. Ол бойынша, кез-келген адамды өз рұқсатынсыз суретке түсіріп, жариялауға тыйым салынады. Бұл – қисынсыз әрекет. Себебі олай болса, митингке қатысушылардың, футболға жиналған жанкүйерлер мен театр, не концертке келген көрермендердің барлығынан рұқсат алу қажет. Бізде заңдардың барлығы репрессиялық екенін осыдан-ақ байқауға болады, - дейді Калеева.
Тамара Калеева - "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті, баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.

Тамара Калеева - "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті, баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.


Заңгер Игорь Лоскутов қабылданған заң жобасы бастапқы кезде қоғам өкілдерімен қызу талқыланғанын айтады.

- Даулы мәселелер өте көп болды. Өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Одан кейін ол мәжіліске кетті. Бірақ қай түрімен кеткенін, бүгін сенат оны қандай күйінде қарағанын білмейміз. Бізде өзге елдердегідей парламент сайтына кіріп, құжаттың түпнұсқасымен танысу мүмкін емес. Ондай тәжірибе жоқ. Ал біз қараған жоба бойынша теориялық тұрғыда анықтамаларға, библиографиялық басылымдар мен әлеуметтік желілілерге тыйым салынуы мүмкін еді. Себебі барлығында дербес деректер көрсетілген, - деді заңгер.

«КОМПРОМАТТАР СОҒЫСЫНЫҢ» КӨЛЕҢКЕСІ

БАҚ саласының заңгері Сергей Уткин бұл құжаттың тиімді де, тиімсіз жағы бар дейді.

- Адамның жеке бас мәліметі қорғалуы тиіс. Ол дұрыс. Бірақ егер адам жемқор болса ше? Ол міндетті түрде айтылу керек. Онымен кім айналысуы керек, әрине - құқыққорғау органдары. Бірақ біздегі құқыққорғау органдары өздері жемқорлыққа батқан. Бұл жағдайда - қоғамдық бақылау болғаны жөн. Ал енді заң қабылданса, қоғам ондай мүмкіндіктен айырылады, - дейді Уткин.

Құжатты талқылауға қатысқандардың бірі «Интерньюс Қазақстан» өкілдігінің атқарушы директоры Маржан Елшібаева құжаттың бастапқы нұсқасы журналист қызметіне құрылған тұсау деп санайды. Сондықтан заң жобасынан ақпарат құралдарын біржола алып тастауды ұсынғанын айтты. Заңның соңғы нұсқасымен таныса алмай отырған ол өз ұсынысының ескерілген-ескерілмегенін білмейді.
Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Астана, 16 қазан 2009 жыл.


Азаттық бұған дейін Қазақстандағы саяси топтар арасындағы ақпараттық теке-тірес пен «компроматтар соғысы» кезінде көптеген құжаттар, хаттар мен телефон әңгімелерінің жалпыға жария болып кетіп жатқаны туралы жазған еді. Бұл үрдіс, әсіресе, 2000 жылдардың ортасынан бастап күшейе түскен. Шетелге қашуға мәжбүр болған кейбір бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер мен бизнесмендер «билік басындағылардың қарым-қатынасы мен жеке өмірін суреттейтін-міс» материалдарды тіпті өз аттарынан ашық түрде интернетте таратқан болатын. Маржан Елшібаева «Дербес деректерді қорғау туралы» заңның аз уақытта қаралып, қабылданып жатқаны соңғы кезде күрт көбейген «компроматтарға» байланысты болуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды. Тамара Калеева да «компроматтар соғысын» аталмыш заңды қабылдауға түрткі болған себептердің бірі ретінде көреді.

Жоғарыда айтылған «Бұл заң кімнің дербес дерегін қорғауға көбірек пайдаланылуы мүмкін – қарапайым азаматтардың ба, әлде лауазымға ие қоғамдық тұлғалар мен саясаткерлердің бе?» деген сауалдың жауабы заң күшіне енген аз уақыттың ішінде-ақ белгілі болуы мүмкін. Ал әзірше заңды біржола бекітудің шартты процедуралары ғана қалды.

- Бүгін (сәуірдің 18-і – ред.) сенат «Дербес деректерді»заңды сенат мақұлдап, оған ілеспе заң жобасына бірнеше түзету енгізу туралы ұсыныспен мәжіліске жіберді. Мәжіліс ол ұсыныстармен келіссе, құжат президентке қол қоюға жіберіледі. Егер мәжіліс келіспесе, парламенттің екі палатасы бірлескен отырыс өткізбек, - деді депутат Рамазан Сәрпеков Азаттыққа.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG